«Сыр медиа» төрінде – мерейлі мереке

412

0

Фото: Сыр медиа

Наурыз – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, бірлік пен ынтымақты нығайта түсетін ізгі мереке. «Сыр медиа» ЖШС жылдағы дәстүрден жаңылмай, Наурыз мейрамын атап өтудің онкүндігі аясында қарашаңырақ қызметкерлеріне арнап ұлттық ойын түрлерінен сайыс өткізді.


Алдымен шараны «Сыр медиа» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Марат Аралбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыс негізінен арқан тарту, қол күрес, кір тасын көтеру және ләңгі тебу бойынша өткізілді. Арқан тартуда ІІІ дәрежелі орынға дизайн бөлімі лайық деп танылса, ІІ орын «Kyzylorda News» ақпараттық агенттігіне берілді. Ал І орынмен республикалық «Ақмешіт жастары» газеті марапатталды.


Бұдан соң қол күресуден жігіттер де, қыздар да күш сынасып, өзара мықтыны анықтады. Қыздар арасында ІІІ орынды «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Нұршат Нышанова иемденсе, ІІ орынды «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Айдана Сейіл алды. Ал Перизат Абдулазизова жүлделі І орынды иемденді. Жігіттердің қол күресінде ІІІ орынды Бағлан Аманжол алса, ІІ орынға «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов ие болды. І орынды әкімшілік бөлімнің басшысы Бақытжан Шайхназаров қанжығасына байлады.


Кір тасын көтеруде бақ сынасқан ер азаматтардың арасынан «Сыр бойы» газетінің тілшісі Мадияр Төлеу ІІІ орынмен марапатталса, ІІ орынға «Kyzylorda News» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Азиз Батырбеков ие болды. «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Мақсат Қосымбаев І орынды иемденді. Ал ләңгі тебу жарысында «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Жәнібек Исаев озып шықты.
Биыл Наурыз мейрамы мұсылмандар үшін киелі саналатын Рамазан айына тұспа-тұс келді. Осыны ескерген «Сыр медиа» ЖШС ұжымы сайыстан кейін сала ардагерлерін шақырып, ауызашар берді. Талай мықтыны түлеткен қарашаңырақ қызметкерлері бір-біріне ізгі тілегін айтып, ардагерлердің батасын алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<