Талсуат: Тарих және жаңашылдыққа ұмтылыс

4

0

Қалаға қарасты ауылдардың тыныс-тіршілігін саралап, ондағы тың бастама мен жарқын жобаларды оқырманға ұсынып келеміз. Мемлекет тарапынан елді мекендерді қолдауға бағытталған игі шаралар ауылдың еңсе тіктеуіне ықпал етуде. Сондай ауылдың бірі – Талсуат. Кейінгі кезде мұнда атқарылған ауқымды іс көп.

БҮГІНГІ АУЫЛ КЕЛБЕТІ

Ауыл қаладан он шақырым жерде, екі жарым мыңға жуық адам тұрады. Елді мекеннің жер көлемі 925 гектар, тұрмысы қалаға бергісіз. Мұнда өмір сүру жайлы болғандықтан, жастар көп. Жаңа жұмыс орындары ашылып, шаруашылықтар жанданып, әлеуметтік нысандардың бой көтеруі өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартты. Ауыл әкімі Ерлан Бейсенбаев атқарылып жатқан жұмысты, қолға алынған игі істерді айтып берді.

– Кейінгі жылдары ауылдың келбеті ажарланып, көркейіп келеді.Тұр­ғындардың әл-ауқаты артып, жағ­дай жасалып жатыр. Даму жағынан басқа ауылдан қалыспайды. Барлық салада серпін бар. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігі көп. Ауызсу, жол, түнгі жарық, «көгілдір отын» мәселесі шешілді, – дейді ол.

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ШЕЖІРЕСІ БАЙ

Талсуат сырт көзге қарапайым көрінгенімен, қойнауы тұнып тұрған тарих. Сырдария өзенінің оң жағалауына орналасқан елді мекеннің өткеніне көз жүгіртсек, патшалық Ресей кезеңіне кетеді. Бұл жерге 1853-1854 жылдары ішкі Ресейден орыс шаруалары жер аударылып келген. Жергілікті қазақтар ауылды «Александровск» деп атаған.

Кейін Қазан революциясының жеңісінен соң №18 ауыл болды. Іргесі 1929 жылы қаланып, «Комсомол» ұжымшарына қарады. 1950 жылдары колхоздар ірілендірілген кезде «Колос» және «Комсомол» колхоздары қосылып, «Талсуат» ауылы осы колхоздың бөлімшесі болған.

1967 жылы Александровскіде геологтар мекемесі құрылып, жеке тұрғын үйлер салына бастайды. Мекеменің өз алдына балабақшасы, дүкені, асханасы, клубы болды, орталық жылу мен таза ауызсу жүйелері тартылды, жас мамандар тұрақтанды. Халық депутаттары облыстық кеңе­сі төрағасының қаулысымен «Қызыл­жарма» ауылдық кеңесінің Комсомол, Геологтар және Александровск ауы­лы қаланың әкімшілік-аумақтық ба­ғы­­­нысына берілді. Осылайша 2005 жы­лы Талсуат ауылдық округі болып құрылды.

«Ел іші – алтын бесік» демекші, осы қарапайым қоныста талай тағдыр тоғысып, еңбек адамдары түлеп ұшты. Ауылдың еңсесі тіктеліп, шаруа­сы ширықты. Міне, қарапайым ғана ауылдың әр сүрлеуі тарихтан сыр шертеді.

БАРЛЫҚ САЛАДА ҚАРҚЫН БАР

Ауылда әлеуметтік нысандар са­лынып ел игілігіне берілген. Бәрі де заман талабына сай. Бүгінде №178 орта мектепте 400-ден аса оқу­шы білім алады. Олар ҰБТ көр­сет­кіші бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Балабақша мәсе­лесі де шешімін тапқан. «Заңғар» мем­лекеттік балабақшасы 90 орын­дық, 80 бала тәрбиеленуде. Ал «Алан Орда» жеке балабақшасына 85 бала барады.

Ауылда №5 қалалық емханаға қарасты Талсуат ауылдық дәрігерлік амбулаториясы  жұмыс істейді. Онда 8 маман еңбек етеді.

Жеке кәсіпкердің демеушілігімен спорт кешені ашылды, онда 2 үйірме бар. Каратэ және қазақ күресі үйірмесіне 120 бала қатысады. Спорт­шылар облыстық, қалалық және республикалық жарыстарға қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп келеді.  Жас өрендерді спортқа баулу үшін түрлі-іс-шаралар ұйымдастырылады. Ауылда балаларға арналған 3 ойын алаңы бар.

Инфрақұрылымды дамыту бағы­тындағы жұмыс жүйелі. Әлеу­мет­тік қызмет көрсететін 3 меке­меге жаяу жүргіншілер жолы салы­нып, жа­рық­тандырылды. Көше­лерге жарық бағаналарын орна­ту, тас тө­сеу, «Тағзым алаңын» абат­тан­дыру, көркейту жұмысы жа­сал­ды. Сондай-ақ Астана, Алматы, Ақ­мешіт, Отырар, О.Сауытбаев, С.Нұр­мағамбетов көшелеріне жарық жүр­гізілді. А.Құнанбаев көшесінің бойына  бейнебақылау камералары орнатылды. Аяқсу мәселесі шешімін тауып, егін егуге толық мүмкіндік бар. Ауыл­ға №31 бағыттағы автобус уақытылы қатынап тұр. Мал басы еселеніп, тұрғындар төрт түлікті түлетіп отыр.

КӘСІПКЕРЛІК ӨРКЕН ЖАЙҒАН

Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалуда. Әсіресе, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдікпен берілетін несиелер қарастырылған.

Кейінгі жылдары елді мекенде шағын кәсіпкерлік дамып келеді. Атап айтсақ, ауылда 186 кәсіпкер бар. Былтыр 7 кәсіпкер тіркеліп, 7 жұмыс орны ашылды. «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында 7 адам  білім алып, қайтарымсыз грантқа құжат тапсырған. Нәтижесінде 5 тұрғын грант жеңіп алды. Сондай-ақ былтыр 34,2 млн теңгенің 2 жобасы қар­жыландырылды. Ауыл тұр­ғыны «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ арқылы «Іскер» бағдарламасы аясында 6 пайызбен  несие алса, енді бірі «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, жобасы қолдау тапты.

Мәселен, «Хан Бекіре 11» ауыл шаруашылығы өн­дірістік кооперативінің иесі Ғалымжан Нағиев балық шаруашылығымен он жылдан бері айналысады. Ол бекіре, бақтақ, албырт балықтарын өсіреді. Кәсіпкер 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, шаруасын дөңгелентті. «Ауыл аманаты»  арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Қаражатқа бекіре шаруашылығына қажетті құрал-жабдығын алды. 

Гүлжан Кәрімова «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы кондитерлік цех жұмысына несие алып, негізгі құрал-жабдықтарын түгендеді. Бүгінде нан өнімдерін және жартылай фабрикаттарды тапсырыс бойынша пісіруде. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсібі қолдауға ие болған Гүлжан Ахметова тігін шеберханасын ашып, 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тұтынушылардан тапсырыс алып, ісі алға басып келеді.

ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ БАР

Қазір ауыл жастарын қолдауға, оларды тұрақтандыруға және кә­сіп ашуына, баспаналы бо­луына бағыт­талған мемлекеттік бағдар­ламалар мен жобалар көп. Бұл мүмкіндік ауылда қалып, өз ісін бастағысы келетін әрбір жасқа жол ашады.

«Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасы жемісті жүзеге асырылып келеді. Бұл – қолына дипломын алып, ауылдың өркендеуіне үлес қосамын деушілерге арналған жоба.  Осы күнге дейін қаншама маман елді мекендерге жұмысқа тартылып, әлеуметтік көмек, баспанаға қол жеткізді. Елімізде 2009 жылдан басталған бағдарлама жоғары оқу орнын тәмамдаған жастардың екі қолға бір күрек табуына септігін тигізуде. Шалғай елді мекендерге тапшы мамандарды тартуды көздейтін бастама нәтижесін берді.  Оның аясында еңбек етіп жүрген Жанерке  Кәдірбек – «Талсуат» ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.

– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқыдым. Оқуды ойдағыдай бітіріп, «Талсуат» ауылдық  әкім­дігіне жұмысқа орналастым.  Мұн­да жастарға барлық жағдай қарас­тырылған. Аталған бағдарламаға қа­тысып, бірреттік көтерме жәрдем­ақыны алдым. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына бұрын тек дәрігер, мұғалім мамандар ғана қатыса алатын еді ғой. Бұл қатарға мемлекеттік қызметкерлердің де қосылғаны қуантады. Ендігі кезекте бар білімім мен күш-жігерімді ауылдың өркендеуіне жұмсасам деген ниетім бар, – дейді ол.

Мұнда Жанерке секілді мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген жастар жетерлік.

МӘДЕНИЕТТІҢ ШЫРАҒЫН ЖАҚҚАН

Ауылдық клуб үйінің жұмысы жанданып келеді. Ұлт руханиятының, мәдениеттің шырағын жаққан мекеменің ісі ауқымды.

Бұрын ауылдардағы клуб үйі шағын, ескі ғимарат еді. Концерт, кино көруге болатын. Күнделікті бас сұғатын адам жоқтың қасы. Кейде аудан орталығынан  келген өнерпаздар концерт қойып кететін.

Қазір жағдай өзгерген. Келушілер қатары артқан. Қайнаған тіршілік. Бірі кітапханаға, енді бірі үйірмеге, дайындық жұмыстарына келеді. Адам қарасы үзілмейді.

Бюджет қаржысына мәдениет үйлері жаңғыртылып, кітапхана, қолөнер, отбасы бұрыштары жа­сақ­талды. Кей­бірінде дыбыс жазу студиялары ашылған. Ауыл бала­ларының уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында үйірмелер жұмыс істейді. Текемет басу, тоқыма тоқу, ұршық иіру сынды  ата-бабадан келе жатқан қолөнерді сақтап қалу үшін жұмыс атқарылуда. Нәтижелі істердің арқасында дарынды өнерпаздар байқауларда топ жарып, ауыл мерейін үстем етуде.

Осы орайда «Талсуат» ауылдық клуб үйінің жеткен жетістіктері аз емес. Бұл жайында клуб үйінің директоры Айнагүл Жайдариева кеңінен айтып берді.

– Жыл басынан бері түрлі форматтағы мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауыл тұр­ғын­дарының мәдени өмірге деген қызығушылығы жоғары. Бүгінде клуб жанында 7 үйірме тұрақты жұмыс істейді. «Жас дәурен» вокал, «Әсем әуен» дәстүрлі ән, «Ақкербез» би, «Ана тілі – жүрек үні» көркемсөз оқу шеберлері, «Алақай» балалар қуыршақ театры, «Ісмер» қолөнер үйірмесі және «Ақ әже» әжелер ансамблі өз жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Үйірмелерге 103 өнерпаз тартылған, – дейді ол.

Талсуат: Тарих және жаңашылдыққа ұмтылыс

Клуб жанындағы өнер ұжым­дарының жетістіктері де аз емес. «Ақкербез» би үйірмесі Түркістан қаласында өткен «Наурыз Fest» республикалық өнер байқауында бас жүлде және І орын иеленсе, «Жұлдызды сәт» республикалық балалар байқауынан І орын, ХІ республикалық «Би Fest – 2025» байқауынан ІІ орын алды. Сонымен қатар облыстық «Жұлдызды би алаңы» және «Сырлы биім – елге сыйым» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленіп, «TANM ART» республикалық өнер байқауынан І орынды еншіледі.

«Жас дәурен» ән үйірмесінің өнерпазы Жайсаң Рамазанға «KZINSPIRE» халық­аралық көпжанрлы балалар байқауынан бас жүлде бұйырса, вокал тобы І орынға лайық деп танылды. Ал «Әсем әуен» дом­быра үйірмесінің өнерпаздары халықаралық байқауда бас жүлде жеңіп, Баку қаласына жолдама алды.

«Ақ әже» әжелер ансамблі мүшелері де қалалық және облыстық байқауларда арнайы жүлделерге ие болып, ауыл мерейін үстем етті.

Талсуат: Тарих және жаңашылдыққа ұмтылыс

Сонымен қатар Көпен Әмірбектің 75 жылдығына арналған облыстық монолог сайысында Мүтәліп Айжігітұлы бас жүлде жеңіп алды. Композитор Сейдолла Бәйтерековтің 80 жылдығына арналған облыстық әншілер байқауында Әйгерім Шүкірбаева жүлделі ІІ орынға ие болды. Күләш Жанмұратованың жетекшілігімен құрылған «Алақай» балалар қуыршақ театры биыл «Жеті лақ» және «Ит пен мысық» ертегі-қойылымдарын сахналады. Ұжым облыстық «KYZYLORDA MUSICAL» драма үйірмелері байқауында жүлделі ІІ орынды иемденді.

Талсуат ауылдық клубының ма­мандары да кәсіби байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Облыстық «Үздік әдіскер – 2025» кәсіби байқауында клуб әдіскері Аслан Қошқаров бас жүлде иеленсе, «Үздік үйірме жетекшісі – 2025» облыстық байқауында Гүлмайра Айжі­гітқызы да жүлдеге ие болды.

Жалпы ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі осылай өрбуде. Бастысы, дамудың даңғыл жолына бет бұрған ауылдың жаңашылдыққа ұмтылғаны көңіл қуантады. 

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ