Теміржол қолшамы

4

0

Жосалы вокзалы – Сыр өңіріндегі тарихи маңызы ерекше теміржол бекеттерінің бірі. Қармақшы ауданында орналасқан бұл станция ХХ ғасырдың басында теміржол қатынасының дамуына байланысты салынды. Жосалы станциясы «Орынбор-Ташкент» теміржол магистралі бойында орналасып, аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал етті.

1905 жылы іске қосылған «Орынбор-Ташкент» теміржолы қазақ даласындағы ең маңызды көлік жолдарының біріне айналды. Бұл жол арқылы Орта Азия мен Ресей байланысып, халықтың қатынасы жеңілдеді. Жосалы станциясы сол кезеңнен бастап Сыр бойындағы негізгі теміржол нүктелерінің бірі болды.

Кеңес дәуірінде Жосалы вокзалы арқылы жүк тасымалы мен жолаушылар қоз­­­ғалысы үздіксіз жүріп отырды. Стан­ция маңында теміржолшыларға ар­нал­ған үйлер, шеберханалар, қызметтік ғи­мараттар са­лынды. Жосалы бірте-бірте теміржолшылар қалашығына айналды.

Ол кезде қазіргі замандағыдай авто­матты бағдаршамдар, электронды  жүйе­лер, радиобайланыс толық дамымаған еді. Сон­дықтан пойыздардың қозғалысын бақы­лау, қауіпсіздігін сақтау тікелей темір­жол­шы­лардың жауапкершілігінде болды. Олар ар­найы белгі құралдарын пай­даланды.  Солардың ішіндегі ең маңыз­дысы теміржолшының қолшамы еді.

Түнгі уақытта немесе қалың тұман кезінде машинистерге белгі беру оңай болмаған. Осын­дай сәттерде қолшам теміржолшылар­дың негізгі көмекшісіне айналды. Қараңғы түнде әлсіз ғана жарық берген бұл шам пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен маңызды құрал болды.

Қазір Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталған ерекше жәдігерлердің бірі – ХХ ғасыр басындағы теміржолшының белгі беретін қолшамы. Бұл экспонат – өткен ғасырдағы теміржол мәдениетінен сыр шертетін тарихи мұра.

Музейдегі қолшам алғаш қарағанда қара­пайым ғана ескі темір шам секіл­ді көрінеді. Бірақ оның артында қат­пар­лы тарих жатыр. Бұл шам талай темір­жолшының қолын­да түнгі кезекшіліктің куәсі болған.

Қолшам негізінен теміржол қызмет­керлеріне арналған арнайы белгі беру құралы ретінде пайдаланылған. Әсіресе түнгі уақытта,  тұманды күндері, боран мен дауыл кезінде пойыздардың қозғалысын реттеу барысында қолданылған.

Теміржолшылар шам арқылы машинистерге түрлі белгі берген. Сол кезеңде қауіпсіздік толықтай адам еңбегіне тәуелді болғандықтан, мұндай құралдардың маңызы өте зор еді.

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталған бұл қолшам – ХХ ғасыр басында пайдаланылған темір­жолшылардың белгі беру шамы. Экспонат төртқырлы тікбұрыш пішінінде жасалған. Шам толықтай металдан құрастырылған және уақыт өте келе бетіне тот басқан, ескірген.

Қолшамның негізгі бөлігі төрт­бұ­рышты қорап тәрізді. Алдыңғы және бүйір жақ­тарында жарық түсетін арнайы әйнек орнатылатын орындары бар. Шынылары толық сақталмаған. Кей бөліктері сынған немесе түсіп қалған. Соған қарамастан шамның бастапқы құрылымы анық байқалады.

Экспонаттың жоғарғы бөлігінде түтін шығаратын арнайы мұржасы орналасқан. Оның үстіне жаңбыр мен желден қорғау үшін гүл күлтесіне ұқсас темір қалпақша орнатылған. Бұл шам ішіндегі оттың өшіп қалмауы үшін жасалған.

Шамның үстіңгі жағында үлкен жартылай дөңгелек темір тұтқасы бар. Теміржолшылар осы тұтқа арқылы шамды қолға ұстап жүрген. Соны­мен қатар бүйіріндегі арнайы те­мір төлке арқылы ұзын ағаш сы­рыққа іліп пайдаланған. Бұл алыс­тан белгі көрсетуге ыңғайлы болған.

Қолшамның ішінде керо­синмен жанатын жанарғы орна­ласқан. Төменгі бөлігіндегі кіш­кентай ауа тесіктері оттың бір­қалыпты жануына көмектескен. Ал жарық арнайы шынылар ар­қылы сыртқа таралған.

Түрлі-түсті шынылар арқылы ма­­шинистерге арнайы белгілер берілген: қызыл түс – тоқтау, жасыл түс – қозғалысқа рұқсат,  басқа түстер – ескерту белгісі қызметін атқарған.

Қазір экспонат толық сақ­тал­маған. Ішкі жанарғы бөлігі жоғалған. Әйнектері сынған. Со­ған қарамастан қолшам өзі­нің тарихи құндылығын жоғалтпаған.

Теміржолшының белгі беретін қолшамы – өткен ғасырдағы темір­­жол қызметінің куәгері. Бұл қарапайым ғана шам сол кезең­дегі теміржолшылардың ауыр еңбегін, жауапкершілігін және техникалық мүмкіндіктерін көрсетеді.

Қараңғы түнде әлсіз ғана жарық берген бұл шам талай сапарда теміржолшының еңбек құралы болды.

Осындай музей экспонаттары өт­кен мен бүгінді байланыстырып, жас ұрпақ­қа тарих­тың үнін жеткізетін ерекше құн­дылық болып саналады.

Баршагүл САХИЕВА,

Қармақшы аудандық

тарихи-өлкетану

музейінің экскурсоводы