Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани құбылыстардан ақпарат тарататын ірі медиакеңістік – аймақтың БАҚ саласы бұқара мен биліктің арасын жалғаған алтын көпір. Қоғамның талабынан қалыс қалмай, халықтың үніне құлақ түріп, әлеуметтің жай-күйін түрлі тақырыптар аясында тарқатып, мемлекеттік саясаттың дұрыс жүргізілуіне дәнекер болып жүрген журналистер еңбегі әрдайым ел назарында.
Айталық, бүгінде Сыр өңірі медиакеңістігінде 150 бұқаралық ақпарат құралы қызмет көрсетеді. Оның 13-і мемлекеттік, 137-сі тәуелсіз, 120 газет, 27 интернет сайт пен ақпараттық агенттіктер, 3 телеарна бар.
28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Өнер орталығында жылдағы дәстүрге сай «Қанатты қалам – 2026» салтанатты іс-шарасы өтті. Оның аясында тарихы жүз жылдан әрі бастау алатын Сыр журналистикасының өткені мен бүгіні сарапталып, сала қайраткерлерінің есімдері құрметпен аталды. Айталық, биыл аймағымыздың жетекші арнасы – «Qyzylorda» телеарнасы 35 жылдық мерейтойын атап өтті. Сондай-ақ отыз жылға жуық көрермен көзайымына айналған «Қоғам ТВ» телеарнасының да ақпараттық саясаттағы орны ерекше. Ал дәстүрлі қазақ баспасөзінің бастауы, Сыр журналистикасының қарашаңырағы саналатын облыстық «Сыр бойы» газетінің ғасырға таяу тарихы бар.
Мерекелік жиында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өңірдің БАҚ саласында қызмет етіп жүрген журналистер қауымының қоғам алдындағы маңызды да жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқанын атап өтіп, өңірдегі жаңашыл бастамаларды халыққа жеткізудегі еңбектерін жоғары бағалады.
– Құрметті ақпарат саласы қызметкерлері, қадірлі сала ардагерлері, баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет саясатын халыққа жеткізуде айрықша рөл атқаратын ақиқат сөздің алдаспаны, өткір ойдың, шынайы пікірдің жақтаушысы болған ақпарат саласы қызметкерлерінің мерекесіне арналған салтанатты шарада бас қосудамыз.
Бүгінгі мереке – мерзімді басылымдар мен телеарнада, ақпараттық агенттік пен сайттарда қызмет жасайтын шығармашылық өкілдерінің журналист жасаған сюжет және жазған мақаланың жарыққа шығуына еңбек сіңіретін мамандардың мерейлі күні.
Мереке қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады.
Қадірлі жерлестер, Мемлекет басшысы: «Журналистер қауымы ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды» деп барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығын білдірген болатын.
Осы орайда Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірінің ұлттық журналистика тарихында айрықша орны бар, – деді облыс әкімі.
Иә, күні кеше Ақордада БАҚ саласы қызметкерлері күніне орай өткен мерекелік жиында Сыр журналистикасының ардагері «Qyzylorda» облыстық телеарнасына отыз жылдан астам басшылық еткен Жағыппар Қарабала Президент қолынан «Парасат» орденін алған болатын. Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы марапат иесін Сыр халқы алдына құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.
Салтанатты жиында облыс әкімі бірқатар сала қызметкеріне ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін, ҚР Президентінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Н.Нәлібаевтың «Алғыс хатын», облыстың ең жоғары марапаты – облыстың Құрмет грамотасын және облыс әкімінің «Қанатты қалам» аталымына сай түрлі марапаттар табыстады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен БАҚ саласы өкілдеріне баспана беріле бастаған еді. Осы уақытқа дейін 200-ден астам журналист осындай қолдауға қол жеткізген болатын. Биыл осы жақсы жаңалық облыстарда жалғасын тауып, екі әріптесіміз, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Әзиз Жұмаділдаев, облыстық телеарна операторы Рамазан Жүсіпбек пәтер кілтін алды. Кейінгі жылдары қандай да бір әлеуметтік қолдаудан қалыс қалып жүрген журналистер қауымы үшін бұл жаңалықтың әсері айрықша болғанын жасырудың қажеті жоқ.
Мерекелік жиын облыстық филармония өнерпаздарының концертімен жалғасын тапты. Кеш аясында аймақтың БАҚ өкілдеріне облыс әкімінің атынан арнайы ықылас гүлі ұсынылды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





