Түркістанда туристік жаңа маусым ашылды

303

0

Фото: Түркістан қалалық әкімдігі

«Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» аясында 100 ден астам іс шара өтеді. Бүгін «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» атауымен туристік жаңа маусым ашылды. «Керуен сарай» кешенінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, түркістандықтар мен қонақтарды Наурыз мерекесімен және осынау айтулы сәтпен құттықтады, деп хабарлайды Қазақпарат.

«Біз туризм саласын дамытуды Түркістанның негізгі бағыттарының біріне айналдырамыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы туризм саласын елдің экономикалық өсу драйверлерінің біріне айналдыру жөнінде нақты міндет қойды. Бұл ретте Түркістан облысының туризм саласындағы әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы Түркістан облысына келген шетелдік туристер саны 15 мыңға жетті. Ал, бір күндік келушілер саны 1 млн адамға жуықтады. Туризм саласын дамыту мақсатында Түркістандағы әуежайда халықаралық әуе рейстерінің санын көбейтудеміз. Әлемнің басқа да қалаларынан Түркістан қаласына жаңа әуе бағыттарын ашуды осы жылы да жалғастырамыз», – деді Дархан Сатыбалды.

Киелі қалаға «Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы» мәртебесінің берілуі – тарихи шаһардың Түркі елдерінің арасында алатын орнының жоғары екенін білдіреді. Биыл өңірде халықаралық деңгейде – 25, республикалық деңгейде – 23, облыстық деңгейде – 56, жалпы 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл статус – тек туризм саласының ілгерілеуіне ғана емес, туристердің жергілікті жердің руханияты және мәдениетімен танысуына, кәсіпкерлік пен экономиканың да дамуына зор үлесін қосатын ауқымы кең, маңызы терең оқиға.

Түркістан қаласында жаңа туристік маусымының ашылуына арналған бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Алдымен келушілер Түркістан өңірінің туризм бағыты бойынша ақпараттық стендтермен танысып, қызықты мәліметтерге қанықты. Сонымен қатар ұлттық болмыс насихатталып, облыстың туристік әлеуеті көрсетілді. Атап айтқанда, қол күресі, гір тасын көтеру, кеуде тартылысы, тағы басқа ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, «Bauyrsak Fest» және «Қымыз ішу» ойын-сауық сайыстары ұйымдастырылды. Байқау жеңімпаздарына сертификаттар табысталды. Ерекше шоу мен қызықты бағдарламадан бөлек суретке түсуге арналған креативті фотозоналар қарастырылған.

Облыстың өнер ұжымдары мен фольклорлық ансамбльдері, би топтары, цирк әртістері, Наурыз мейрамына арналған театрландырылған қойылымдар, ұлттық дәстүрді танытатын алып батырлар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қолөнершілер жәрмеңкесіне қазақы нақыштағы бұйымдар қойылды. Бағдарлама «Fire Show» форматында отшашу шоуына ұласты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<