Конституция

Ұлтқа қызмет үлгісі

2

0

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада өткен салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саланың бірқатар өкілін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Президент өз сөзінде журналистердің қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, олардың мемлекеттік саясатты түсіндіру, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтудағы еңбегіне жоғары баға берді.

Мерейлі жиында белгілі тележур­налист, «Qyzylorda» телеарнасының ардагері Жағыппар Қарабала «Парасат» орденімен наградталды.

Жағыппар Аманжолұлының ең­бек жолы журналистикаға адал­дықтың, кәсіби шеберліктің және туған өлкеге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі саналады. Көпжылдық тәжірибесі мен талапшылдығының арқасында Сыр өңірінде телеви­зияның кәсіби мектебін қалып­тастырды. Бүгінде сол мектептен шыққан мамандар отандық ақпарат кеңістігінде табысты еңбек етуде.

***

Мемлекет басшысынан марапат алғандар қатарында жерлесіміз, бел­гілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп те бар. Оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Бұл марапат оның ғылым мен білім саласындағы көпжылдық еңбегі мен ел руханиятын дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.

Ұлтқа қызмет үлгісі

Амантай Шәріп қазақ әдебиеті мен журналистикасының өзекті мәселелерін зерттеп, ұлттық құн­дылықтарды наси­хат­тауға зор еңбек сіңірген ғалым ретінде кеңінен танымал. Ол ғылыми-зерттеу жұмыс­тарымен қатар, ақпарат саласында да белсенді қызмет атқарып, әр жылдары «Qyzylorda» телеарнасын басқарып, өңірлік журналистиканың дамуына елеулі үлес қосты.

Ғалымның басшылық кезеңінде теле­арна мазмұндық тұрғыдан жаңа­рып, өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени және рухани өмірін кеңінен наси­хат­тай­тын маңызды ақпараттық алаңға айналды.

***

Кәсіби мерекеде жерлестеріміз, теле­жүргізуші Қымбат Досжан және Гүлмира Дайрабай «Құр­мет» орденін, Президент теле­радио­­кешенінің аға теле­операторы Жаңабай Ахметов, «Abai TV» теле­арнасының редактор-продюсері Сәуле Алдамұрат­қызы «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

Бұл – Сыр өңірінде қалыптасқан, қанатын кең жайған журналистика мектебінің мерейі! Марапатқа ие болған әріптестерімізді құттықтап, шығар­машылық қызметіне толағай табыс тілейміз.