Вакцина қашан пайда болады?

665

0

Бүгінде әлемнің жүздеген клиникалары мен зертханаларда COVID-19  вирусына қарсы  вакцина ойлап табу бағытында жұмыс жүріп жатыр. Ұлыбритания сынақтарды күзге дейін аяқтауды жоспарласа, Германия еріктілерді тартуда. Ал Билл Гейтс АҚШ-тағы жобаларды қаржыландыруда. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір жылдың ішінде вакциналар дайын болады деген  мәлімдемелерге соншалықты сеніп отырған жоқ.

Сынақ жұмыстарының кезеңдері туралы шетелдік басылымдар сарап­та­маларына шолу жасап өтелік. Ұлыбританияның Оксфорд универси­тетінде  зерттеуге  1100 адам тартыл­ған.  Ғалымдар сынақтың  80%  нәти­желі болатынына сенімді. Олардың сенімдігі соншалықты вакцинаның жап­пай өндірісіне кірісіп кетті. Деген­мен, бұл – өте тәуекелге толы қадам, сәтсіз болуы да ықтимал. Қыркүйекке дейін вакцинаның бір миллион дозасы дайындалса, кейін көлемін одан әрі көбейту көзделуде.

 Ұлыбритания үкіметі Оксфорд жобасына 20 миллион фунт стер­линг бөліп отыр. Мұнан бөлек, Ден­саулық сақтау министрлігі Лондон Им­периялық колледжіндегі балама сынақ жұмыстарына да 22,5 миллион фунт стерлинг бөлуде. Мұнда адамдарға сынақ маусым айында жүргізіледі.

Германиядағы Паул Эрлих атын­дағы институтта алғашқы клиникалық сынақтарға рұқсат етілді. Бірінші кезекте 18 бен 55 жас аралығындағы дені сау 200 адамға вакцина егіледі. Екінші бөлігінде осындай жастағы, бірақ COVID-19 вирусына шалдыққан адамдарға сынақ жүргізілетін бола­ды. Институт ғалымдары биыл вакци­на жалпыға бірдей қолжетімді болмай­тынын ескертті.

АҚШ-та наурыз айының орта шенінде коронавирусқа қарсы вакци­на­ның адамға клиникалық сынағы туралы хабарлаған болатын. Inovio Pharmaceuticals орталығында 10 сәуір­ден бастап 40 еріктіге вакцина салу басталғанын мәлімдеді. Зерттеушілер вакцина түрінде егілген клеткалар қауіпсіз белоктың көшірмесін өндіре­тін мини-фабрика секілді жұмыс істей­тінін айтады. Вирус организмге енген жағдайда иммундық жүйе өз кезегінде оларға қарсы күрес жүргізіп жеңіп шығатын болады. Алайда ға­лымдардың айтуынша, алғашқы тес­тілер нәтижелі аяқталғанның өзінде вакцинаны кең көлемде қолдана бастау үшін бір жарым жылдай уақыт керек. АҚШ-тың санитарлық бақылау басқар­масы вакцинаны келесі жылы шығара бастауы мүмкін. 

Осы бағыттағы оң нәтиже беруі ықтимал саналатын жеті жобаны қаржыландырып отырған миллиардер Билл Гейтс бұл істе асығыстық жасауға болмайтынын айтады.

Қытайда COVID-19-ға қарсы үш вакцина түрін сынақтан өткізуге рұқсат берді. Алғашқы болып аденовирус векторы негізіндегі вакцина қолдауға ие болды. Ол жыл соңына дейін ерік­тілерге сынақтан өткізеді. Инактивті вакцина бойынша сынақ процестері де тез жылжып келеді. Ол бойынша Уханьдағы ғалымдар мен пекиндік Sinovac Research & Development Co компаниясы жұмыс жүргізуде. Эпи­де­мияның алғашқы орталығында адам­дарға сынақтан өткізудің екінші кезеңі басталды. Алғашқы кезеңінде үш жас тобындағы 96 адам вакцина алған болатын. Барлық еріктілер ба­қылауда, қауіпті жағдай байқалған емес. Вакцинаның қауіпсіздігі және тиімділігін анықтауды аяқтауға бір жылдай уақыт кетуі мүмкін. Қытай үкіметі шұғыл қолдану үшін (адам­дардың белгілі бір тобына, мысалы медицина қызметкерлері) вакци­на­лардың бірі қыркүйек айында дайын болып қалуы мүмкін екенін жеткізді. Ауруларды бақылау орталығының басшысы Гао Фу жалпы халық үшін вак­цина дайындау келесі жылдың ба­сында қолға алынуы ықтимал екенін айтты. 

Ал швейцариялықтар қазан айына дейін вакцина дайындауды мақсат тұтуда. RBD-вакцина дайындаумен Берн университетіндегі Иммунология институтында Мартин Бахман зерт­ханасында жұмыстар жүргізілуде. Ға­лымдар клиникалық тестілеу жұ­мыстарын күзге дейін анықтап, содан соң азаматтардың тәуекелді то­бын вакцинациялауды бастауды көз­деуде. Дегенмен, елдегі бақылау органдары бұл мерзімге әлі күдікпен қарап отырғаны жасырын емес.

Израиль мемлекетінде сәуір айын­да биологиялық зерттеу инсти­ту­ты ойлап шығарған вакцина түрлерін тестілеу басталды. Сынақтар қорға­ныс министрлігіне қарасты биохимия­лық лабораторияда кеміргіштерге жа­салуда. Адамдарға жасалатын алғашқы клиникалық сынақтар жаз айларында басталады деп жоспарланған. Тестілеу алты айдан тоғыз айған дейін созылады деп күтілуде.

Нидерланды елінде коронавирусқа қарсы БЦЖ вакцинасын сынақтан өткізуге  байланысты алғашқы зерт­теулер басталды. Алдын ала зерттеулер БЦЖ вакцинасы  COVID-19-ға қарсы белсенді күрес жүргізетінін көрсетті. Онымен айналысып жат­қандар – Утрехт қаласындағы меди­цина уни­верситетінің ғалымдары. Ел­дегі сегіз аурухананың жүздеген медицина қыз­меткеріне вакцина тестілеу жүр­гізілді.

Австралиялық ғалымдар да нидер­ландық әріптестері жүріп өткен жолмен келеді. Мұнда төрт мыңдай медицина қызметкерлеріне вакцина егілген. Оның нәтижесін ғалымдар жыл бойына бақылайтын болады.

Ал италиялық ғалымдар корона­вирусты жеңе алатын вакцинаны әлем­де бірінші болып жасап шығар­ғанын мәлімдеді. Олар сынақты кемір­гіштерге жасап, олардан алынған антидене адам клеткаларына жұққан COVID-19 вирусын тоқтататынын анықтаған. Жақын арада адамдарға тестілеуді бастауды ұйғарып отыр.

Алайда ұлыбританиялық ғалымдар бұл хабарға онша сене қоймайтынын білдірді. Кейбір сарапшылар тестілеу­ден өткен вакцинаның өзі емес, им­мундық жауап деген пікір білдірді. Ол адам организмінде тіпті басқа нәтиже көрсетуі деген ойды айтады.

Иә, қауіпсіз және тиімділігі мол вакцина кез келген инфекциялық аурудың алдын алуда ең сенімді тәсіл. ДДСҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесустің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда 70-ке жуық мемлекет коронавирусты емдеу тәсілдері мен оған қарсы вакцина шығару бағытында жұмыс жүргізуде. Олардың қатарында Қазақстан да бар.

Вакцина дайындауға неліктен барлық мемлекеттер атсалысуда? Егер де вакцина дайын болса, оны бар­лығына жеткізу қиын болмақ. Мә­селен, бір жарым миллиардқа жуық халқы бар Үнді мемлекеті жа­сап шығарса, ол өз тұрғындарын толық вакциналаудан өткізіп болмай бас­қаларға бере қоймайтыны анық. Сондықтан барлығы да өзгенің қолына телміргеннен көрі өз өнімдерін жасап шығарғанды қалайды.

Бас директор ДДСҰ вакцина да­йындау барысындағы белсенділікті қолдайтынын, оның тезірек жасалғанын және барлық елдерге әділ түрде таратылғанын қалайтынын жеткізді. Бірақ, мамандар пікірінше бірқатар нюанстар бар. Вакцинаға сынақ жасап жатқан мемлекеттер қысқа мерзімде жаппай вакцинациялауға қол жеткізе алмайды. Ол үшін кемінде бір не екі жыл, тіптен одан да ұзағырақ уақыт керек. Ешкім де толық тексеріліп, дәлелденбеген өнімді нарыққа шығара алмайды. Бұл – ғылыми-медициналық әлемнің берік ұстанған қағидасы. Иә, адамдар жаңа індеттен өліп жатыр. Бірақ, вакциналар тексерілген болуы тиіс.

Сонымен бірге мамандар экспе­риментальды түрде болса да алдағы күз айларында вакцинациялау бастала­тынын жоққа шығармайды. Бірақ бұл белгілі бір топтарға жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының жалғасы іспеттес болмақ.

Ғалымдар, сондай-ақ, вакцинаны  дайындап жатқан кезде жаңа вирустың беталысы қалай болатын болжау қиын екенін айтады. Мысалы, 2002-2003 жылғы эпидемия кезінде біршама адам қайтыс болды. Көп ұзамай оған қарсы вакцина дайындау жұмыстары тоқтап қалды. Өйткені, сол кездегі вирус із-түзсіз жоқ болып кетті де, вакцинаға сұраныс болмай қалды. Қазіргі вирус та солай жоқ болып кетуі мүмкін. Ал жаңа вирус мутацияға (өзгеріске) ұшыраса не болмақ? Егер вакцина жасалып шығарылса, оны жаңа мутацияға бейімдеп отыру проблема емес дейді бұл жөнінде мамандар. Бір анық нәрсе бар. Коронавирустың алғашқы толқыны вакцинасыз өтетіні белгілі болып отыр. Сондықтан, вакцинамен қатар, оны емдеудің тың  тәсілдерін іздестіре берген дұрыс.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<