Заң үстемдігі – әділетті қоғам айнасы

4

0

24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні. Атаулы күні еліміздегі заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға тікелей жауапты мамандардың күнделікті маңызды еңбегі дәріптеледі. Тәуелсіз, әділ және ашық жұмыс істейтін сот билігі – кез келген мемлекет тұрақтылығының, құқықтық негіздері мен әлеуметтік-экономикалық дамуының басты кепілі.

Әділдік жолы тарихымыздағы хандар мен билерден бері қалыптасып, халқымыздың салтына етене араласып кетті. Сыр өңіріндегі сот жүйесі 1938 жылы Қызылорда облысының құрылуымен қатар қанат жайды.

Кеше «Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Судья және сот қызметкері күніне орай салтанатты шара өтіп, оған Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай, сала басшылары мен ардагерлер, сот қызметкерлері қатысты.

Аймақ басшысы сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, сот жүйесінің қоғамдағы орны мен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, Президент бастамасымен, халықтың қолдауымен қабылданған жаңа Конституциямыз алдағы шілде айында күшіне енеді. Ата заңымызда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам құру басты мақсат ретінде белгіленген. Конституциялық реформаның нәтижесінде билік тармақтарының тепе-теңдігі нығайтылды, Конституциялық Сот қайта құрылды. Адам құқықтарын қорғау институттарының әлеуеті артты. Мұның барлығы – елімізді демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамытуға бағытталған жүйелі қадамдар.

Бүгінгі сот билігі – Конституция мен заңдардың қорғаны. Судьяның тәуелсіздігі – әділ сот төрелігінің кепілі. Азаматтардың сотқа деген сенімі – құқықтық мемлекеттің ең басты көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан қабылдаған шешімдеріңіз әрдайым әділ, ал заң үстемдігі мен адам құқығы кез келген істе ең басты бағдар болсын, – деді облыс әкімі.

Жиында облыстық сот төрағасы Әділхади Шағымбаев сөз сөйледі. Сот саласының бірқатар қызметкеріне Премьер-министрдің бірінші орынбасарының Алғыс хаты, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты, ҚР Жоғарғы Сотының «Құрметті судья», «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгілері, «Сот жүйесінің ардагері» медалі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Сонымен қатар ҚР Судьялар одағының «Үш би», «Судьялар одағының құрметті мүшесі», «Жеті жарғы», т.б. марапаттары берілді.