Жалған психологтар мен коучтарға тосқауыл

19

0

Фото: ЖИ

Кейінгі жылдары әлеуметтік желілерде өзін психолог, коуч немесе тұлғалық даму тренері ретінде таныстыратын адамдардың қатары көбейді. Әрине, олардың арасында кәсіби білімі мен тәжірибесі бар нағыз өз ісінің шеберлері де кездеседі. Алайда арнайы білімі жоқ, халықтың сенімін пайдаланып ақылы курстар арқылы табыс тауып жүргендердері де аз емес. Бүгінде пайдасы беймәлім осындай тренингтердің көбеюі қоғамның  алаңдаушылығын туғызып отыр.

Қазір көптеген азаматтар өмірлік қиындықтар, күйзеліс, қарым-қатынас мәселелері немесе жеке дамуға деген ұмтылыс себепті коучтар мен түрлі онлайн курстарға жүгінеді. Бірақ мұндай қызметтердің барлығы бірдей пайдалы бола бермейді. Кей жағдайларда адамдар кәсіби көмек аламын деп, жалған мамандардың жетегінде кетіп жатады.

Коучтарға жүгінетіндердің басым бөлігі – 25 пен 45 жас аралығындағы, өмірінде белгілі бір дағдарысты бастан кешіріп жүрген азаматтар. Осындай сәтте адамның психологиялық тұрғыдан әлсіз болуы оны түрлі манипуляцияларға осал етеді. Кейбір коучтардың басты мақсаты адамның өмір сүру сапасын жақсарту емес, өз пайдасы, яғни қаржылық пайда табу ғана. Бұл кейінгі кезде ашық айтылып жүр.

Психоаналитиктердің айтуынша, ешқандай курс пен мотивациялық тренинг кәсіби психологиялық терапияның орнын баса алмайды. Сондықтан психологиялық көмек қажет болған жағдайда арнайы білімі, лицензиясы бар мамандарға жүгіну қажет. Осы мәселеге байланысты елімізде психологиялық қызмет саласын реттеу бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бір қуанарлығы осы жылдың сәуір айында ҚР Парламентінің Мәжілісінде «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы талқыланып, жалған психологтар мен коучтардың қызметіне тосқауыл қою мәселесі көтерілді. Заң жобасына сәйкес, енді өзін психолог ретінде таныстыру үшін азаматтың тиісті кәсіби білімі, біліктілігін растаудан өтуі және мемлекеттік психологтар тізіліміне енгізілуі қажет. Алдағы уақытта  бұл талаптарға сай келмейтін тұлғаларға психолог мәртебесін пайдалануға шектеу қойылады.

Сондай-ақ, психологиялық көмек көрсету талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылып отыр. Егер жалған мамандардың әрекеті азаматтардың денсаулығына зиян келтірсе немесе алаяқтық белгілері анықталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Жаңа заң аясында енді қызмет көрсетушілер клиенттің сұрауы бойынша дипломын, біліктілігін растайтын құжаттарын көрсетуге міндеттеледі. Бұл бастама халықтың құқықтарын қорғауға және сапасыз қызмет көрсетудің алдын алуға бағытталып отыр.

Жалған психологтар мен коучтардың қызметіне қойылып отырған тосқауыл халықтың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады.

Нұрхан МАХМҰТ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

Ж-25-1 оқу тобының студенті