Конституция

ЖИ: Негізгі жобалар іске АСУДА

8

0

Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен жасанды интеллект мәселелері бойынша тренинг-семинар өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында Мемлекет басшысының цифр­­ландыру және жасанды интел­лектті дамыту жөніндегі тапсыр­ма­лары­ның, өңір­лердегі цифрлық жоба­лардың орын­далуы, мемлекеттік бас­­қару жүйе­сіне заманауи техно­логияларды енгізу барысы тал­қыланды.

Бүгінде өңірде білім беру, ден­саулық сақтау және қоғамдық қауіпсіздік салаларында бірқатар жоба іске асы­рылып жатыр. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында 2023 жылдан бері Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлескен жасанды ин­теллект институты жұмыс істейді. Онда 240 студент білім алуда, 200 студент бірлескен білім беру бағдар­ламалары бойынша, 40 студент қос диплом бағдар­ламасында оқиды.

Облыстағы 21 медициналық ұйым­да жасанды интеллект көмегімен онко­логиялық ауруларды ерте анық­тауға арналған радиологиялық зерт­теулерді орталықтандыру техноло­гиясы кезең-кезеңімен енгізілуде. Барлық ауданда талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы 539 бейне­бақылау камерасы мен 49 жылдамдық өлшеу құрылғысы орнатылып, жедел басқару орталықтары жаңғыртылды. Осындай жұмыстар Байқоңыр қаласы, Ақай және Төретам кенттерінде де жүзеге асырылды.

Облыс орталығында 1400 бейне­бақылау камерасы, 80 зияткерлік қиы­лыс және 96 стационарлық жыл­дамдық өлшегіш іске қосылды. Жедел басқару орталығына жасанды интел­лект негі­зіндегі бейне­анали­тикалық жүйе енгі­зіліп, оған Ішкі істер министрлігі, облыс әкімдігі, Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті және полиция департаментінің ақ­параттық жүйелері ықпалдастырылды.

Биылғы сәуір айынан бастап рес­публикада алғашқы болып Қызылорда облысында «Сұңқар» аппараттық-бағ­дар­ламалық кешендері арқылы жүр­гізушілердің қауіпсіздік белдігіне, көлік айдағандағы ұялы телефон пайдалануына қатысты заңбұзу­шы­лықтары жасанды интеллект көме­гімен автоматты түрде анықталуда.

ҚР Бас прокуратурасының баста­масымен жүзеге асырылып жатқан жасанды интеллект элементтері бар «Цифрлық қадағалау» пилоттық жо­басы өңірлер арасында бірінші болып Қызылорда облысында іске қосылды.

Мемлекет басшысының қаты­суы­мен өткен Tomorrow School жасанды интеллект мектебінің ресми ашы­луына Қызылорда облысы қатысып, «Құзы­реттілік орта­лығында» зама­науи тех­ни­­камен жабдық­талған оқу кеңіс­тігі пайдалануға берілді.