Конституция

Журналистің хоббиі

4

0

Төл мереке қарсаңында әріптесіміз, екі тілде бірдей жазатын «Кызылординские вести» газетінің аудандағы тілшісі Мақсұт Ибрашев редакцияға келді. Жас күннен бергі қызығушылығы туралы сұрармын деп көптен ойлап жүргенмін, «Іздегенге сұраған» деген, сәті түсе қалды.

Бала Мақсұттың әртүрлі тілде шығатын газет-журналдарды жаздырып оқуға деген құмар­лығы 12 жасында басталған екен. Ол кешегі кеңестік дәуірде 15 одақтас республикадан жарық көретін басылымдарды жаздырып оқыпты. Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдерге шыққан таныстары мен достарына бағалы сыйлық емес, газет-журнал әкеліп беруді өтінеді екен.

– Мені журналистикаға алып келген – спорт. Футбол ойнауға бала күннен құмарттым. 7-класта «Спорт» газетінде «Шабуылшылар шебер ойнаса екен» атты мақалам жарық көрді. Журналистикаға жасаған алғашқы қадамым осыдан басталды. Қаламақы түсіп, оны анам Гүлнар Жағыппарова поштаға барып алды. Бақандай 4 сом түсіпті. Анам «ұлымның алғашқы еңбекақысы» деп балаша қуанып, құрбыларын шақырып шай бергені есімде, – дейді кейіпкеріміз.

Мақсұт аға мектеп бітіргеннен кейін де баспасөзбен байланысын үзбепті. 1977 жылы әкесі Кеңес Ибрашев дүниеден озып, анасы екі баланы өзі жеткізеді. «Нағашым Мұзаппар Жағыппаров «Казсельхозтехника» мекемесінің басшысы еді. Бізге бағыт-бағдар беріп, көп көмектесті. «Доп қуғаннан пайда жоқ, Оралдағы ауыл шаруашылығы институтына бар» деп, жолдама алып берді. Сөйтіп мен Оралдағы институтқа түсіп, ауыл шаруашылығын механи­каландыру факультетінде оқыдым» дейді.

Аталған оқу орнының «Студент» газетінің редакторы қызметін атқарған бозбала әскерде жүргенінде де «Боевое знамя» газетінің тілшісі болған. «Екінші курстан соң 1984 жылы әскерге алындым. Эстонияның Хаапсалу қаласында боры­шымды өтедім. Сонда жүріп те жазудан қол үзбедім. Әскери округтің «Боевое знамя» газе­тінің тілшісі болдым. Ал оқу бітірген соң «Каз­сель­хозтехника» мекемесінде мотор жөн­деу­ші, цех шебері, инженер-бақылаушы болып жұ­мыс істедім. Бірақ газет-журнал оқуды тоқтат­падым. 1999 жыл еді. «Кызылординские вести» газетін шолып отырсам «меншікті тілші керек» деген хабарландыруға көзім түсті. Басылымның Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі Омар Әбдуалиевтің мақалаларын сүйсініп оқи­тын едім. Хабарласып, сол кісімен сөйлестім. Біздің ау­дан­ның меншікті тілшісі қызметін ат­қарған Юрий Соломатин зейнетке шығыпты, со­ның орына тілші іздеп жатыр екен. О.Әбдуалиевті өзім­нің ұстазым санаймын. Сол кісінің кеңесімен га­зетке материал жаза бастадым. Бас редактор Вла­димир Ли сынақ мерзімімен жұмысқа алды. Осылайша, «Спорт» газетінен басталған жол, міне, 27 жыл болды, жалғасып келеді» дейді Мақсұт Кеңесұлы.

Енді журналистің қызығушылығана қайта ора­лайық. Нақты кезеңде тілшінің коллек­ция­сында 2400-ден астам газет-журнал бар. Түркия, Әзер­байжан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия мем­лекет­терінен шыққан басылымдар бір бөлменің қабыр­ғасын түгел алып тұр. 2013 жылы бір топ жур­­налист Азербайжанға сапарладық. Сол са­пар­дан Мақсұт ағама «Баку» атты орыс тілінде шы­ғатын журнал бердім. Коллекция қа­тарында сол журнал да тұр екен.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»