Самалбек Қосанов: «Экологиялық апат аймағында кәсіби экологтар жоқ»

1417

7

«Еліміздегі экология мәселесі басты назарда болуға тиіс. Әсіресе, ауаның тазалығы айрықша маңызды».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келгенін айтқан болатын. Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлету бүгінде айрықша өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Еліміздегі экология мәселесі басты назарда болуға тиіс» деп атап көрсетті. Қоршаған ортаның қазіргі хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Адам санасы барлық іс-әрекетін экологиялық тұрғыдан қарастырмаса, тіршілігімізге қауіп төніп тұрғаны сөзсіз. Осынау мағынасы кең, өмірдің барлық саласын қамтитын экология ұғымы туралы ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосановпен сұхбаттастық.

– Еліміздегі ЖОО-ларда, өзіміздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде де жаратылыстану бағытындағы эколог мамандар дайындалады, яғни, бұл – бұрыннан үрдісімізде бар нәрсе. Әрине, өндіріс, ауыл шаруашылығы – барлығы керек. Бірақ бұл салаларды дамытамыз деп, табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылып кететіні бар. Осы тепе-теңдікті сақтап тұру үшін бізге эколог мамандар қажет. Халық шаруашылығының барлық саласындағы жұмыстардың дұрыс жүргізілуін солар қадағалауы керек.

Бұған дейін өңірімізде биологтар, математиктер, журналистер арасынан экологиямен айналысатын мамандар көптеп шықты. Дегенмен, қазір өңірде осы экологиямен кәсіби түрде айналысатын ғалым мамандардың жоқтығы байқалып отыр. Айталық, Арал теңізі тартылған тұста аймағымызда экология термині «модаға» айналған еді. Қоршаған ортаны қорғау саласына айрықша мән берілді. Бүгінде осы үрдіс ұмытыла бастады.

Қазір біз Арал апатынан да үлкен мәселелермен бетпе-бет келіп отырмыз. Оның ең біріншісі – әлемдік климаттың өзгеруі. Оны алысқа бармай-ақ, облыс климатынан күнделікті көріп отырмыз. Мысалы, былтырғы мен биылғы көктемнің арасындағы, өткен жыл мен биылғы жауын-шашын мөлшерінің айырмашылығы қандай? Болмаса, келер жылы орын алуы мүмкін деген жағдайларды дөп басып айта алмаймыз. Себебі климаттағы аномалия жылдан жылға жиілеп жатыр. Қолымыздағы дүниелердің барлығынан айрылып жатырмыз. Оның көптеген себептері бар. Әрине, белгілі бір саланы кемітуге, тежеуге болмайды. Дегенмен, өндірістің де, ауыл шаруашылығының да белгілі бір мөлшері болуы керек.

Тағы бір үлкен проблема – науқаншылдық. Жыл сайын белгілі бір уақытта тал, сексеуіл егу акциясы өтіп жатады. Бірақ соның астарында шынайы жанашырлық жатса дейміз. Айналып келгенде, экологиямен айналысу – табиғаттағы тепе-теңдікті сақтай отырып, келер ұрпаққа аман-есен аманаттап қалдыру.

Экологияға шындап көңіл бөлетін уақыт баяғыда келді. Мән беріп қарасақ, күнделікті отбасында тұтынатын азық-түлік, басқа да тауарлардың барлығы дерлік сырттан тасымалданады. Тағы бір қорқынышты жағдай – бұрын есігінің алдына жыл бойы жейтін көкөністерін өздері егіп алатын отбасылар азайып бара жатыр.

Мұның барлығы қазір жай көзге көрінбегенмен, астарында қиын мәселелер жатыр. Біріншіден, халықтың еңбекке қабілеті төмедесе, екіншіден, базардағы тауарды тұтынады. Ал, базардағы азық-түліктің сапасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан экология ғылымын жандандыру, осы саладағы ғылыми ортаны қайта жаңғырту қажет.

Облыста экология департаменті бар. Ол департаменттегі адамдар саны шектеулі. Ірі жер қойнауын пайдаланушылармен ғана жұмыс жасайды. Қалғанына физикалық тұрғыдан үлгермейді де. Сондықтан әр мекеме өздеріне бір эколог алып қойған. Ол эколог мекеме мүддесінен арыға бара алмайды. Өйткені айлық алып отырған жері сол. Сондықтан, мүмкін тәуелсіз экологтар легін қайтадан қалыптастыру керек шығар?

Қазір әлеуметтік желіде, түрлі ақпарат алаңдарында осы мәселені көтеріп жүрген адамдар көбейіп келе жатыр. Енді сол ақпараттар үшін ғылыми негіз керек. Аймағымызда эколог мамандар жеткілікті болған. Аға буын үлкен нәтиже көрсетті. Біз солардың артынан ізбасарларды, жан-жақты білімі бар, ғылыммен қаруланған азаматтарды дайындауымыз керек.

Мысалы, биыл оқу бітіріп, диплом алған эколог маманды еш жер жұмысқа алмайды. Себебі еңбек өтілі, тәжірибесі жоқ. Сондықтан оның үні де шықпайды. Жас маман дипломын алғаннан кейін өзі тәуелсіз түрде экологиямен айналысып, бір нәтиже шығаруы керек. Ол үшін оған өмір сүруге қаражат қажет.

Бүгінде бұрын жайқалып тұрған жерге барсаң, көшкен елдің жұрты сияқты әсер қалдырады. Қала ішімен жүріп бара жатқанда да баяғы дария жағасында жайқалып тұрған Қызылорданы көргің келеді. Экология саласында қордаланып қалған мәселе облыс орталығында да жеткілікті. Мысалы, біздің бір мәселені көтеріп келе жатқанымызға бес жыл болды. Қызылордада өсіп тұрған жасыл желектің саны қанша? Түрлік құрамы қандай? Қай көшеде қанша тал бар? Олардың нешеуін он жылдан кейін, нешеуін бес жылдан кейін алмастыру керек? Немесе, оларды суару мәселесі қалай? Негізгі зиянкестері қандай? Қандай ауруларға ұшырайды? Бұл мәселе бойынша бірде-бір зерттеу жоқ. Сондықтан Қызылорда қаласындағы жасыл желектерді инвентаризациядан өткізу, паспортын жасау үлкен мәселе болып тұр. Әлі күнге шешімін таппай келе жатыр.

Алысқа бармай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласын мысалға келтірсек. Елорданың климаты біртіндеп өзгеріп келе жатыр. Себебі, айналасына жасыл белдеу орнату бойынша ауқымды жұмыстар жасалды. Сол секілді жұмыстар бізде де қолға алынса дейміз. Науқандық шаралар бізде де болып тұрады, әрине. Оны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, бұл бағытта да шынайы, ауқымды шаралар қолға алынғаны дұрыс.

Сонымен қатар, өзіміздің жергілікті, өңірге әбден жерсінген тораңғылды көптеп егуіміз керек. Оның екі түрі бар, соның ішінде еркек тораңғылды көптеп еккен жөн. Оған қоса, үпелек шығармайтын терек түрлерін, нағыз қызылордалық саналатын қарағашты көптеп отырғызу қажет. Қазір қарағаштардың барлығы құрт түсіп, аурушаң болып қалды. Солардың бәрін жойып, орнын толтырсақ, керемет болар еді. Сонымен қатар, сәндік екпе ағаштарының ішінен катальпа, үйеңкі дегендер жақсы жерсініп қалды бізге. Солардың барлығын арнайы питомник жасап, көбейту жұмыстарына кірісу керек. Мұның бәрі – бір ғана көгалдандыру мәселесі.

Жалпы экологиялық мәселелерден ауаның ластануы, сырттан әкелініп жатқан азық-түлік өнімдерінің сапасына деген бақылаудың жоқтығын айтсақ болады. Мысалы, жазда сатылатын базарлардағы қауын-қарбыз құрамындағы нитраттың мөлшерін ешкім анықтап жатқан жоқ. Мұнымен бірде-бір мекеме айналыспайды. Қонақ келсе дастарханымыздан ұяламыз. Өйткені ас мәзіріміздегінің 80 процентке жуығы – сырттан келген өнімдер.

Аймақтың экологиясы сын көтермейді. Сондықтан, экологияны шындап қолға алу және оны маман дайындаудан бастау керек. Оларды салаларға бөлу қажет. Олай дейтініміз, бұрын кеңшарларда өздерінің агрономдары, өсімдіктерді қорғау саласының мамандары болған. Қазір барлығын – агрономның, топырақтанушының, тұқым шаруашылығымен айналысатындардың да міндетін бір ғана агроном атқарады. Оған қоса, барлығы жеке болған соң, агроном да тек жеке шаруашылықтың мүддесін қорғайды. Өнім көлемі түспеуі үшін жерге берілетін пестицидтердің мөлшерін қысқарта алмайды. Әрине, химиялық тыңайтқыштар кез келген дақылға қажет. Бірақ шамадан тыс беру зиян. Тіпті, мәдени дақылдарды айтпағанның өзінде, қазір қамыстың өнімділігі төмендеп кеткен. Жайқалып өсетін жабайы қамыс та жылдан жылға азайып жатыр. Содан-ақ химиялық тыңайтқыштардың әсерін байқай беруге болады.

Жалпы, экологиялық таза өнім өндіруде Еуропа бізден әлдеқайда дамып, химиялық тыңайтқыштардан бас тартып жатыр. Ал, таза өнімнің бағасы бірнеше есе қымбат. Мысалы, бізде көкөніс-бақша өнімдерінің барлығы қолмен өсіріледі. Бірақ сол экологиялық таза өнім бағасы Еуропадағыдай қымбат емес. Нарықтағы бағамен сатуға тура келеді. Сондықтан біз үшін экологиялық таза өнім өндіру өте тиімсіз болып отыр. Есесіне, химиялық тыңайтқыштарды пайдаланып өсірсең, ол өнімділікті көтереді. Ал, осы бір ғана ауыл шаруашылығының экологияға әсері қандай? Қандай пестицид бөлінді, ол топырақ құрамын қалай өзгертті, ешкім білмейді. Зерттеп, шамалап айтып бере алатын сараптама бар деп ойламаймын. Өз басым білмеймін. Бірақ ондай мәлімет қолда болуы керек.

Қорыта айтқанда, өңірдің келешегін ойласақ, ұрпағымызға өмір сүруге жайлы мекенді аманат етіп қалдырғымыз келсе іске кірісу керек. Ғалымдарды көптеп тартып, жұмыс жасап, бір нәтиже көрсететін уақыт баяғыда келді.

Сұхбаттасқан

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<