ҚАЗАҚ ЭЛИТАСЫНЫҢ САТҚЫН БОЛҒАНЫ РАС ПА?

2105

0

 Республикалық «Общественное мнение» газетінің үстіміздегі жылғы №38 (402) санында белгілі жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Қазақты қазақ басқара алмайды деген кімдер еді» атты мақаласы жарияланды. Көп ұзамай белгілі азамат Қанат Жүнісов сол газетте «Арыстарға атылған оқ аз ба еді» деген тақырыппен қарсы мақала жариялады. Біз бұл орайда екі жақтың пікірлерінен үзінділер келтіре отырып, осынау нәзік тақырыпқа қатысты өз көзқарасымызды білдіруді жөн көрдік.  

Т.Жұртбай: «Сол кездегі ащы шындықты неге мәймөңкелемей, бетке айтпасқа? Бар кінәні Голощекинге үйіп-төгеміз. «Сол келді де – құртты» десеміз. Егер тарихқа әділ баға бергіміз келсе, 1924-25 жылдары «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деп Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллинді неге айтпаймыз? Аттарын неге атамаймыз? Біреуінің 37 бет, екіншісінің 47 бет хаты бар. Екеуі де Сталиннің қабылдауында болғандар. Содан екі жарым айдан кейін Сталин Голощекинді Қазақстанға жіберді емес пе?

Рысқұлов Мәскеуге кетті, Сейфуллин Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметіне алынды. Міне, тапқан пайдалары. Осыны біле тұра, біз неге бәрін «Қу жақтан» (Голощекин – Ред.) көреміз? Ол бұл жаққа сұранып келген жоқ қой. Өзіміз ғой «қазақты –қазақ басқара алмайды» деп, өзге ұлттың өкілін шақыртқан. Осыған неге қазір баға бермейміз?

Смағұл Сәдуақасов қарсы болды деседі. Ол: «Қазақстанды басқара алатын қазақтар бар. Қазақстанға өнеркәсіп салу керек. Біз жүнді қырқып, Өзбекстанда жудырып, Ресейдің Иванов қаласында тоқытамыз? Неге осының бәрін бір жерде істетпейміз. Бүйте берсек, шикізаттың республикасы болып қаламыз ғой», – деп сол кездің өзінде шырылдады емес пе? Сондай – ақ ол «Оқу-ағартуды, мемлекеттік тіл – қазақ тілінен бастауға тиіспіз», – деді. Сол үшін жергіліктендіру деген заң қабылдатты.

Ойбай, бұл ұлтшыл дестік. Оған қарсы күрес басталды. Осының бәрін талдап, қысқасы, бұлақтың басын ашуға тиіспіз ғой?

Екінші, «Алашордашылар ұсталсын, тәркілеуге бөгетін тигізеді, мойынсерікке қарсы көтеріліс бастайды. Осы науқан тездетілсін» деп «Ақжол» газетін жаптырған кімдер? Тағы манағы екеуі. Мұның бәрі архивтерде қаттаулы тұр. Көзі жетпегендер, маған сенбесе, архивке барып, сөрені ақтарып, таныссын.

 1927 жылы тәркілеуде қазақ халқы үлкен күйзеліске ұшырады. Мәскеуден арнайы сапармен Қазақстанға келіп, «коллективизация тездетілсін» деп комиссия құрып, басқарып, баяндама жасаған кім? Елтай Ерназаров секілді адамдарды жан-жаққа аттандырып, тәркілеуді жеделдеттірген, иісі қазақтың малын ортаға салуға үгіттендірген кім? Тағы сол – Рысқұлов.

Иә, сол жолы ол теміржол құрылысын бастады. Сөз жоқ, ұлы тірлік. Теміржол еліміздің дамуы үшін үлкен рөл атқарды. Мұны мойындаймыз. Бірақ әлгіндей істерін қалай ақтап алуға болады?

Ал 1932 жылы Исаев екінші хатшы, сонымен қатар Құлымбетов пен Құрамысовтар мемлекетті ұстап отырды. Шаруашылықтың бәрі солардың қолында. Бірақ аштан қырылғандар есіктерінің алдында үйіліп жатты. Комсомолдар өліктерді күн-түн демей жинап әкетіп жатты. Оны Голощекин де, өзгелер де біліп отырды. Бір шара қолдануға болар еді ғой? Бір жыл емес, халықтың аштан қынадай түсіп жатқанына екінші жылға аяқ басты. Сонда деймін ғой, мемлекет не істеп отыр? Көрсоқыр ма сонша! Жағдай солай бола тұрса да, оны мойындағысы келмеген Құрамысов былай дейді: «Халық жаулары, яғни алашордашылар (ол кезде барлық алашордашылар түрмеге түскен, атылатыны атылып, қалғаны айдауда еді) халық шаруашылығында күйзеліс бар дейді. Бұл  – сол алашордашылардың шығарған өтірігі. Біз қажет болса, революция үшін барлық қазақ халқын құрбанға шалуға даярмыз», – деп баяндама жасаған».

Т.Жұртбай осылай деді. Көп ұзамай сол «Общественное мнение» газетінің №43 (407) санында Қанат Жүнісовтің «Арыстарға атылған оқ аз ба еді?» атты мақаласы жарияланды. Мақаланың біз келтірген қысқа нұсқасында былай делінген еді:

«Мен келтірген деректерді Сіз мен тумай тұрып та білген (автор Т.Жұртбайға арнап отыр) боларсыз. Өнер саласында жүрген мен тұрмақ, қазіргі күнде өзіңізбен сөз таластырар ғалым кемде-кем. Дегенмен, ол хатта Қазақстанды қазақ басқара алмайды деген сөздің жоқ екенін біле тұра, «жаңалық» ашқаныңызға қайранмын.

…Енді автор айтқан әділдікке жүгіне отырып, алдымен Сәкен Сейфуллинге қатысты тұстарына тоқталайын. Біріншіден, Т.Жұртбай айтқандай, С.Сейфуллин 1924-25 жылдары Сталинге хат жазып, соның арқасында Халық комиссарлар кеңесіне төраға болған жоқ. Ол бұл қызметке үш жыл бұрын, 1922 жылы желтоқсанда кіріскен. Екіншіден, Сейфуллинді қызметтен алдыртқан Голощекиннің өзі емес пе? Үшіншіден, Сәкен қызметтен кеткенде, орнына Н.Нұрмақов қалды. Неге екені белгісіз, ғалым хаттың қай мұрағаттың, қай сөресінде тұрғанына сілтеме жасамайды. Мақала соңындағы kaz.365info.kz деген жазуға қарағанда, бұл материалды редакция интернеттен көшіріп басқан болуы керек.

…Қазақстанның, Омбы, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Қазан архивтерін сан мәрте сүзіп, «Сәкентануға» алпыс жылдан аса ғұмырын арнаған, С.Сейфуллин туралы оннан артық кітап жазған ф.ғ.д., профессор Тұрсынбек Кәкішұлы: «Мұрағаттардан Сәкеннің біреуді қаралап жазғаны, болмаса мансап үшін ұлтына қиянат жасағаны жайлы ешқандай мәлімет табылған жоқ. Сәкенді қаралаудың көкесін менің көзім кеткен соң көресіңдер» дейтін.

Көкеміз көрегендікпен айтыпты. Тұрсекеңнің: «…Көзі тірісінде де, ақталғаннан кейін де, Сәкен Сейфуллин төңірегіндегі әңгіме толастаған емес. Бұл оның бақыты да, соры да. Бақыты болатыны – оның мұрасы, іс-әрекеті архивке тапсырылмай, күні бүгінге дейін мемлекеттік-әлеуметтік тірлігімізге араласып жатуында… Ал соры болатыны – ылғи қаңқу сөздің ортасында болатындығы. Ол көлденең көк аттының да, азулы арыстанның да, ештеңеден хабары жоқ наданның да, тұрақсыз кеудемсоқтың да… аузында бірде мақталып, бірде датталып жатуында…» деп жазғаны есімізде. (Т.Кәкішев. «Халық кеңесі», №143, 28.09.1994 ж.).

Мақаладағы жайтқа келер болсақ, бұл баяндау хатта «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деген сөз бен «орталықтан адам жіберіңіз» деген өтініш мүлде жоқ! Онда Сәкеннің 20-жылдары Коммунистік партияға өткен «оңшылдар» мен «солшылдар» жайлы көзқарасы мен білімін жетілдіруі туралы жазылған. Ол кезеңде мемлекеттік істер төңірегінде партиялар арасында әртүрлі пікірлердің айтылуы заңдылық. Аумалы-төкпелі заманды қойып, қазірдің өзінде саяси партиялар бірін-бірі «жерден алып, жерге салып» жатқан жоқ па?

Тағы бір мысал «…Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында Сталиннің қабылдауында болған. Тіркеу тізіміне «быв. пред. Совнаркома Киргизии» (Қазақ Республикасы үкіметінің бұрынғы төрағасы) деп қағазға түскен. Екеуара қандай мәселе қозғалғанын дөп басып айту қиын. Сәуегейлік жасау абырой әпере қоймас» («Сталиннің қабылдауында болған». Зарқын Тайшыбай, профессор. 13.04.2016 ж. «Егемен Қазақстан»).

PS НЕМЕСЕ БІЗДІҢ ТҮСІНДІРМЕ:

 

Ия, қазақтың жарық жұлдыздары туралы зиялы қауым өкілдері осылай дейді. Бүгінде репрессия зобалаңынан 80-90 жыл өткенде осының барлығын (мейлі, архивтегі құжатқа сүйенсін) әсіресе сол зұлмат заманның тозағын басынан өткізбегендер үшін айту оңай. Ал біздің айтарымыз, Сталин құрған репрессиялық механизмнің, мемлекеттік жаншу, таптау, жойып жіберу аппаратының мүлтіксіз, шашаусыз жұмыс жасап жатқан кезінде оның қақпанынан жәй ғана кездейсоқтық болмаса, ақылымен немесе қулығының басымдығымен құтылып кеткендер жоқтың қасы. Сталин жаңа тұрпаттағы қоғам құру үшін адам айтқысыз зұлымдықтарға барды. Бұл шынтуайтына келгенде ымыраға келмейтін тап күресі еді. Ол бұл жолда ештеңеден сескенбеді, қорықпады. Сталин қауіптенбесе шетелге қашып кеткен Троцкиді соңынан қуып жүріп өлтірер ме еді? Ату, жазалау үшін адамдардың санын көрсеткен лимит белгілер ме еді? Бүгінгі орыс ғалымдары сол заманның оқиғаларына «Сталинская рулетка» деген баға беріп қойған. Картаның ойыны секілді деген ұғымнан шыққан ғой.

Ия, Сталин адамдардың тағдырын картаға салды. Біреулердің  жолы болды, көпшілігі айдалды, атылды. Нанбасаңыз Ресейдің Рой Медведев, Жорес Медведев, Олег Хлебнюк секілді және басқа жазушыларының еңбектерін оқыңыз. Тіпті Хрущевтің билігі кезінде репрессияға қатысты көптеген құжаттар жоғалып кетті. Неліктен? Себебі репрессияның жазалау шараларына ол да  қатысты. Айыптау қорытындыларға қол қойды. Қысқасы, жазалауға күллі мемлекеттік механизм жұмылдырылды. Сондықтан біздіңше, сондай күрделі кезеңнің оқиғаларына бүгінгідей тып-тыныш заманда отырып, баға беру қазақ зиялыларының әруағын қорлау болып табылады дегіміз келеді.

Белгілі қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдин «Общественное мнение» газетінің 04.05.2017 жылғы № 18 санында жариялаған «Мен соғыстың түлегімін» атты мақаласында былай деген еді.

«Менің туыстарымның арасында сотталған-қатталған адам болған жоқ. Алайда отызыншы жылдардағы зардап шеккен боздақтардың туысқан-туғандарымен, балаларымен көп араласып, тіпті қызметтес те болдым. Өмір өтіп, саясат түзелген кезде көріп-білгенім, отызыншы жылдары атылып кеткен қазақтардың балаларының көпшілігі танымал ғалым, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің деңгейіне көтерілді. Алайда бұлардың әкелеріне жасалған қиянат үшін Сталинге наразылық білдіруі – режим құлаған соң, оны әшкерелеуі орынды. Ал зиялылардың кеңес заманында туып-өскен, социализмнің жемісін жеген топтарына не жоқ? Тіпті ол ғалымдардың арасында социалистік дәуірдің түбін түсіріп мақтап, тарихи, ғылыми еңбек жазып, академиктік дәрежесіне жеткендері де аз емес. Ал бүгін солардың біразы кеңес дәуіріне күйе жағуды мансап қылып жүр. 

Мұндай іс-қимылдардың кем дегенде екі жағымсыз жағдайы бар: біріншіден, тарихи шындықты бұрмалау, екіншіден, жасөспірімдерге теріс бағыт көрсетіп, әділетсіз ізденіске итермелейді».

Бұл айтылғандардан ой қорытуды оқырманның өз қалауына қалдырғанды жөн көрдік.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<