Қазақ заңдары ғылымының абызы

904

0

Қазақстан Ғылым академиясының академигі, еңбек сіңірген ғалым, профессор, заң ғылымдарының докторы, отандық заң ғылымының дамуына үлес қосқан Салық Зиманұлы Зимановтың туғанына биыл 100 жыл. Салық Зиманұлы 1921 жылы 19 ақпанда Гурьев қаласында (қазіргі Атырау қ.) дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының қатысушысы. 1946-1948 жылдары әскери қызметтен кейін Қазақ КСР прокуратурасында маңызды істер бойынша тергеуші болып жұмыс істеді.


1948 жылы Бүкілодақтық сырттай заң институтының Алматы филиалын бітірген.

1952-1957 жж. – Алматы мемлекеттік заң институтының директоры, С.М.Киров атындағы  Қазақ мемлекеттік университетіндегі заң факультетінің деканы. 1961 жылы «Қазақстанның XVIII ғ. соңы мен ХІХ ғ. алғашқы жартысындағы қоғамдық құрылысы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1958-1969 жж. – Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында бөлім меңгерушісі. Профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі (1967). 1976-1977 жж. – Қазақстан Ғылым академиясы Төралқасының бас ғылыми хатшысы. 1992-1993 жж. – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Ардагерлер мен мүгедектер ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, 1994-1995 жж. – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің конституциялық заңнама және адам құқықтары жөніндегі комитетінің төрағасы, 1995-2005 жж. – «Парасат» академиялық құқықтық оқу институтының ректоры, 2005-2011 жж. – «Интеллектуал-Парасат» ЖШС заң фирмасының президенті.

    Академиктің құқықтық құрылымдардың өркендеуіне тигізген ықпалы өлшеусіз. Артына өлмейтін із қалдырған заңғар заңгердің отандық заң шығару жұмысындағы қолтаңбасы да менмұндалап тұр. Егемендікке жасалған басты қадам 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған «Мемлекеттің егемендігі туралы» декларациясынан бастау алғаны белгілі. Ал осы тағдыршешті жобаны дайындаған депутаттық комиссияның басшысы да Зиманов болатын. Ғалым «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдау жұмысына да белсене қатысқан. Бұл тарихи құжатты қабылдауда Зиманов заңгер депутат ретінде зор үлес қосты. 1993 жылғы алғашқы Қазақстан Конституциясын әзірлеген жұмыс тобында болып, парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына қызмет етті.

     Академик С.Зиманов мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, қазақ заңгерлер мектебінің жетекшісі деп танылды. Оның шығармашылық деңгейі заңгерлерге ғана емес, философтар, тарихшылар, экономистер және барлық гуманитарлық ғылымдардың өкілдеріне пайдасын тигізді. Ол ұстанымдылық, талаптылық, әділдік, ашықтық және қайырымдылық секілді қасиеттерге ие. 500-ден астам ғылыми жұмыстың, соның ішінде 20-дан астам монографияның авторы. Олардың ішінде «История государства и права Советского Казахстана» (1960) үш томдығы, «Обычное право казахов в XVIII – первой половине XIX века» (1981) секілді маңызды еңбектері мен  «Россия и Букеевском ханстве»  зерттеу кітабы болды (1982). Классикалық шығармалардың қатарында С.Зиманов пен А.Атишевтің ««Политические взгляды Чокана Валиханова» кітабы бар. Оның ғылыми қызметінің биік шыңы – «Қазақтың ата заңдары» он томдығы болып табылады.


С.Зиманов ел алдындағы қызметі мен ғылымға қосқан үлесі үшін жоғары марапаттарға ие болды. Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім (1993), ҚР Мемлекеттік (2002) және Тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының (2007) лауреаты. І-дәрежелі Отан соғысы орденімен 2 рет, Қызыл Жұлдыз, Халықтар достығы, «Парасат» (2002) ордендерімен марапатталған. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Атырау облысының Құрметті азаматы.


        Салық Зимановтың өмір жолы нағыз зиялылықтың, ізденімпаздық пен отаншылдықтың өнегесі іспеттес. Ол барлық биікке өз еңбегімен, өз талпынысымен жеткен қайраткер. Салық Зиманов өмірінің соңына дейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бәріне дерлік абыз ақсақал ретінде белсене араласты. Академиктің жарты миллионға жуық ғылыми мұрасы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін өте құнды дүние. Салық Зимановтың мұрасы әлі талай ұрпақты тәрбиелеп, әлі талай қажетімізге жарары ақиқат.

З.Канапина,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің

Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы,

Қазақстан заңгерлер Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<