Тұтас өмір заңдылықтан тұрады. Егер сол заңдылықтың бір шеті сетінесе, түгелдей құрылымға әсер ететіні ақиқат. Сол секілді мемлекет бекіткен Заң да бар. Ол Заңның да бір бабы, бір тармағы бұзылса, тұтас елдің құқығы бұзылады. Сондықтан Ата заңның әрбір талабы әрбір адамның құқығын қорғау арқылы алып мемлекеттің амандығын, тұтастығын, тыныштығын сақтайды. Сонау Қасымханның қасқа жолы мен Жеті Жарғыдан, тіпті оның ар жағындағы дала заңдарынан бастау алатын Қазақстанның Ата заңы Мәңгілік елдің қорғаны болып қала бермек.
Асыл мұратты Ата заңның бірінші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай адам құқығы мен оның өмір сапасы айқын көрсетілген.
Әрбір тармағы адам құқығын қорғайтын Конституциямыздың 17-бабында «адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды» делінген. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды. Әр азамат Республиканың мемлекеттiк рәміздерін құрметтеуге мiндеттi. Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады. Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi, деп талап қояды.
Халықтың еркі көрініс тапқан бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту. Егер біз осы міндетті орындасақ, алдыңғы қатарлы Қазақстан мемлекетінің қалыптасқаны. Ең алдымен, әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
Батыр Бауыржан «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Ата заңды құрметтеуге шақырса, атам қазақ «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп заңмен қорғалатын адам құқығын жоғары қояды. Бұл – мәңгі елдің мәртебелі биігі.
Тілеп ТАЛАНТ,
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу
сотының судьясы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<