Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қызылорда қаласында «Ұлағат білім ордасы» жеке мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аймақ басшысы ұстаздар мен оқушыларды құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
– Ең алдымен баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Пандемия салдарынан мектеп оқушылары өткен жылы қашықтан білім алуға мәжбүр болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылында оқушылар дәстүрлі форматта білім алатын болады. Балаларымыздың оқу үлгерімі мен білім сапасы үшін бұл оңтайлы шешім деп санаймыз. Аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, оқушылар мен мұғалімдерді қорғаудың барлық кешенді шараларын қабылдадық. Өйткені, біз үшін әрбір баланың денсаулығы қашанда маңызды, – деді облыс әкімі.
450 орындық білім ұясында 21 оқу кабинеті, денешынықтыру, акт залдары, кітапхана бар. Оқушыларға 33 педагог сабақ береді.
Салтанатты шарада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асқан «Ұлағат білім ордасының» құрылтайшысы Қалқазбек Әжібеков пен мектеп директоры Досбол Аймухамбетов құттықтау лебіздерін жеткізді.
«Келешек» ЖШС мектеп құрылысы «Сбербанк» АҚ арқылы қаржыландырылып, жобаға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-дан «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кепілдік берілді. Сонымен қатар, несиенің пайыздық мөлшерлемесі 15-тен 6 процентке дейін жеңілдетілді.
Бүгінгі күні аймақта 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету 100 пайыз орындалған.
Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың үлесі басым. Облыста балабақшалардың 70 пайыздан астамы осы әріптестік негізінде жұмыс жасайды.
Аймақта демографиялық өсім мен халықтың көшіп-қону белсенділігінің жоғары болуына байланысты, 1-сыныпқа қабылданатын оқушылар қатары көбейген. Биыл 18 мың бала мектеп табалдырығын аттады.
Еске сала кетейік, биыл 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жаңа оқу жылында Президент тапсырмасымен іске асқан 300 орындық Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі мектеп пен инвесторлар есебінен жүргізілген 2 жеке мектеп құрылысы пайдалануға берілсе, қалған 3 мектеп жыл соңына дейін табысталатын болады. Мұнан бөлек, бірнеше жылдан бері жөндеуді қажет еткен Жалағаш ауданындағы 2 білім беру нысаны жаңарып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<