Су тасқынынан зардап шеккен 1 553 үйді қайта салу қажет

269

0

Фото: Мәжіліс

Еліміз бойынша су тасқынынан зардап шеккен 11 865 тұрғын үй бар. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде су тасқынының салдарын уақытылы жою үшін Жедел штаб құрылып, оның мүшелері су басқан аумақтардың әрқайсысын аралап, жағдаймен танысқан. Сондай-ақ, зардап шеккен аймақтардың жағдайын күнделікті бақылап отыратын Ахуалдық орталық қызмет етуде. Жергілікті атқарушы органдардың жедел ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 5 678 тұрғын үй су астында қалып отыр. Оның ішінде: 5 607-сі жеке тұрғын үй және 71-і көп пәтерлі тұрғын үйр, сондай-ақ 17 907-сі саяжай үйлері», — деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Ресми өкіл ұсынған дерекке сәйкес, аймақтар бойынша жағдай мынадай:

— Ақмола облысы: жеке тұрғын үй — 907, көпқабатты тұрғын үй — 28;

— Атырау облысы: жеке тұрғын үй — 1 082, саяжайлар — 30;

— Ақтөбе облысы: 44 жеке тұрғын үй;

— Қостанай облысы: 7 саяжай;

— БҚО: 14 839 саяжай

— СҚО: жеке тұрғын үй — 3 574, көпқабатты тұрғын үй — 43 саяжай үйлері — 3 031.

«Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен 11 865 тұрғын үй бар. Оның ішінде жеке тұрғын үй — 11 794 және көпқабатты тұрғын үй — 71, сондай-ақ 24 368 саяжай нысаны бар. Бұл ретте 2 947 тұрғын үй нысаны бойынша техникалық тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 1 553 үй қайта салуды, 1 394 үй жөндеуді қажет етеді», — деді Меруерт Ибраева. 

Оның атап өтуінше, жергілікті атқарушы органдардың алдын ала деректері бойынша 8 097 дайын жер учаскесі бар.

Атап айтқанда:

– Ақмола облысында — 335 жер учаскесі;

– Атырау облысында — 3465;

– Ақтөбе облысында — 409;

– Қостанай облысында — 2 189;

– БҚО-да — 188;

– СҚО-да — 1 500;

– Қарағанды облысында — 6;

– Павлодар облысында — 5.

«Зардап шеккен үйлерді қалпына келтірудің үш механизмі бар. Олар: жаңа тұрғын үй құрылысы; қолданыстағы тұрғын үйді жөндеу; қайталама нарықта дайын тұрғын үйді сатып алу. Барлық өтініштер eGov порталы арқылы, оның ішінде eGov-mobile мобильді қосымшасы арқылы қабылданады. Келесі кезекте әкімдіктер техникалық байқау және залалды бағалау жұмыстарын ұйымдастырады, содан кейін объектілер жергілікті атқарушы органның өңірлік комиссиясының қарауына беріледі. Әкімдік комиссиясы әрбір нысан бойынша шешім қабылдайды, одан кейін барлық объектілер пайдалануға, бақылауға алынып, мониторинг жүйесіне енгізіледі. Жер учаскесі берілген сәттен бастап тұрғын үй пайдалануға берілгенге дейін әрбір нысан бойынша мониторинг жүргізіледі», — деді ресми өкіл.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<