Халықаралық турнир өз мәресіне жетті

564

0

Кеше Қазалыда осыдан 2 күн бұрын басталған мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен 2002-2004 жылы туылған жастар арасындағы ХV халықаралық турнир аяқталды.

Жарыстың соңғы күні балуандар жұбаныш белдесулерін өткізіп, 5 салмақ бойынша ақтық сында белдесті.

Бозкілемде бапкерлерінің айтқанын екі етпей орындаған епті балуандар қарсыластарынан басым түсіп, жеңістің биік тұғырынан көрінді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, Қазалы және Арал аудандарының құрметті азаматы Айтбай Көшербай, облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп, Нұрболат Ибраев, турнирдің бас төрешісі Ғабиден Райымбек, ардагер спортшылар Дәстен Айбосынов, Нұрлыбек Есбосынов марапаттап, медальдарын табыстады.

Сонымен қатар, турнирде көрермен көзайымына айналған балуандарға да арнайы жүлделер табыс етілді.

Турнирдің жабылу салтанатында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев турнирдің жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан барша азаматтар мен бозкілемде белдескен балуандарға алғысын айтып, ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтың Қазалы ауданында көптеген спорт нысандарын салуға мұрындық болғанын атап өтті.

Айта кетейік, жастар арасындағы байрақты бәсекеге еліміздің 14 өңірінен 200-ге тарта балуан келіп, бақтарын сынады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<