«Жасай бер, Қазақ елі!»

1137

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында ақын, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың әндерін орындаушылардың «Жасай бер, Қазақ елі!» атты бірінші республикалық әншілер конкурсының гала концерті өтті. 

Шарада облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет құттықтау сөз сөйлеп, Еленаның әндері мен өлеңдері туған жерге құрмет пен сүйіспеншілікке толы екенін, өнер әлеміне өзіндік өрнек салған композитордың айрықша қолтаңбасын атап өтті. Елена Мәжитқызына шығармашылық табыс тілеп, облыстың құрмет грамотасын тапсырды. Мұнан соң Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хаты оқылды.

Алдымен көрерменге мәдениет майталманы туралы бейнеролик көрсетілді. Сахна төріне шыққан кеш иесі жас талант Дінмұхаммед Төлеубаймен бірге «Сыр елім» әнін орындады. 

Концертте Жұбаныш Жексенұлы, Дәурен Сейтжанов, конкурс жеңімпаздары мен ақындар Толқын Қабылша, Асылзат Арыстанбек, сондай-ақ, қалалық жастар театрының артистері өнер көрсетті. Айта кетейік, республикалық байқау 18 қараша күні басталды. Ал кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде Елена Әбдіхалықова мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз конференциясын өткізді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында  Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың әндерін орындаушылардың І республикалық конкурсы өтті. Конкурсқа еліміздің барлық өңірінен жас әншілер қатысып, бақ сынады.

Шараны облыстық мәдениет басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов ашып, Сыр елінің талантты да қайраткер қызы Елена Әбдіхалықованың шығармашылығы өзіндік ерекшелігімен ел ішінде кең таралғанын атап өтті.

– Киелі Сыр өңірінен шыққан талай танымал тұлғалар қазақ өнері мен мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Сондай өнер өкілінің бірі де бірегейі – ақын, композитор, әнші Елена Әбдіхалықова. Оның қаламынан туған ғажап дүниелер бүгін де, болашақта да халықпен бірге жасай береді. Бүгінгі конкурс арқылы да өрелі өнердің бағасы биіктей түседі, – деді А.Есжанов.

Жас әншілер Е.Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын», «Қош дерсің», «Қазақ елі» сияқты елге кең танылған әндерін шырқап, көрермен қошеметіне кенелді. Осылайша, екі кезеңде үш әннен орындаған  талапкерлер арасынан жеңімпаздар анықталды.

 Конкурсқа қатысушылардың өнеріне Елена Әбдіхалықованың төрағалығымен, қазақ эстрадасының танымал әншілері Жұбаныш Жексен, Дәурен Сейтжанов баға берді.

Қорытындысымен, бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Хайролда Мұратбек, І орынды Атырау облысынан Айбар Ғаниұлы, ІІ орынды Ақтөбе облысынан Нұртас Омаров жеңіп алды. Ал ІІІ орынды  Қызылорда облысынан Арайлым Маханбетжанова,  Маңғыстау облысынан  Аида Байгелова және Алматы қаласынан «Saz Men» триосы иеленді. Барлық қатысушылар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте:

– Конкурс өте жоғары деңгейде өтті. Жақсы әсер алдым, қатты қуандым, толқыдым, тебірендім. Бұл конкурстың өзімнің туған жерімде,  өскен, есейген жерімде, ең алғаш сахнаға шыққан театрда өткені  ерекше бір қуаныш сыйлады, – деді Е.Әбдіхалықова.

Сондай-ақ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  басшысы Асқарбек Есжанов:

– Жерлесіміз Елена Мәжитқызы – ұлттық өнерімізде өзіндік орны бар, еліміздің музыкалық өнерін өркендетуге үлес қосып жүрген шығармашылық иесі. Ал қазақы әрі ұлттық бояуы қанық әндері тыңдарманның сүйіктісіне айналған. Айталық, «Сыр елі», «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын», «Қазақ елі» және тағы да басқа әндері халық әні деп бағалауға лайық. Сондықтан да Елена Мәжитқызының өнері мен шығармашылығы қазақ даласы мен алыс жақын шетелдерде жоғары бағалануы мен туған жерінде республикалық әншілер конкурсын ұйымдастыру мәдениет пен өнер саласындағы жан-жақты тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Осы ретте әншілер конурсының басты мақсаты қазіргі қазақ ән өнерінің сан қырлылығымен автордың шығармашылығын дәріптеу, жас таланттарды республикалық деңгейде насихаттау, әншілік өнердегі жаңа есімдерді анықтау болатын, – деп өз пікірін білдірді.

Өз кезегінде Е.Әбдіхалықова конкурсқа қатысқан әншілердің кәсіби деңгейі өте жоғары екенін атап өтіп, осындай шараны ұйымдастырған облыс басшылығына, оны өткізуге атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<