Аяқ су каналдары тазалануда

836

0

Шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев қалаға аяқ су жіберілетін каналдардың жай-күйімен танысты. Аралау нысаны «Қызылжарма» каналынан басталды.

Аталған су арнасы арқылы КБИ, Коммунизм, Шанхай, Гагарин аудандары мен Қызылжарма ауылдық округіндегі 48 мыңға жуық тұрғын аяқ су алып келеді. Дегенмен, Сырдарияға судың аз мөлшерде түсуі салдарынан көктем-жаз айларында күрделі жағдай орын алды. Келер жылға ертерек қам жасау мақсатында оң жақ магистарльді каналы арқылы «Қызылжармаға» моторлы насоспен су айдау қажеттілігі туындады. Оған қоса, ұзындығы 13.8 шақырымды құрайтын су жолын қайта аршып, тазалық жұмыстарын жүргізу талап етілді. Ол үшін Ғанибек Қонысбекұлы тиісті сала басшылығына уақыт созбай бүгіннен бастап ұтымды ұйымдастыру шараларына кірісуді жүктеді

. Қосшыңырау ауылдық округінің жанынан өтетін «Жаппар» каналы да осы аумақта орналасқан күріш шаруашылықтарына аяқ суды үздіксіз беріп отыр. Ұзақ жылдардан бері механикалық тазалау көрмеген арнаға Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қаржы бөлген. Қазіргі таңда жеңімпаз мекеме арнайы техниканың күшімен бекітілген жұмыстың 60 пайызын орындаған. Қала әкімі Ғанибек Қазантаев егін шаруашылығымен күн көріп отырған диқандар алдағы науқанда келеңсіздіктерге кезікпес үшін, жауаптыларға жұмыстың жүру барысына бақылауды үзбеуді міндеттеді.

Көлдер жүйесі мен шабындық жерлерге су өткізіп тұрған сол тармақ каналына да механикалық тазалау басталған. «Сириусстрой» ЖШС ұзындығы 22 шақырымды құрайтын аяқ су жолын кеңейтіп, аршуда. «Табиғат» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміндегі каналды тазалау жұмысы толығымен аяқталса, қала аумағындағы көлдерге еш кедергісіз су барып, оты мол табиғи немесе жасанды өрістік жер алқабы пайда болады.

Шаһар басшысы Ғанибек Қонысбекұлы сала қызметкерлеріне мақсатты шараны соңына жеткізу жолында барлық талаптардың орындалуына мән беруді тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<