Мен ауылдың ұлымын

575

0

Басы өткен санда 

Көршісі жақсы қандай-ды…

Адам түгіл шыбын кіре алмас темір есікті даңғырлата қағып тұрмын. Күн жұма еді. Қолымда тәтем пісірген жеті шелпек. Ар жақтан адам даусы естілсе де, көршім есігін ашпады. Жеті күлшенің үш түйірін этаж аралап зорға таратып, қалғанын көшедегі кішкентай балаларға үлестірдім. «Қабыл болсын, аға» дейді ересектеуі. Ішім жылып сала берді. Ай, ата-әженің алдын көрген баласың ау деп өзімше топшыладым…

Біздің көпқабатты үйде тұратын көршілердің екі-үшеуі ғана «орекеңдер» де, қалғаны тұтастай қазақ. Қасиетті күні пісірген жеті нанды ауылдағыдай екі жақтағы көршілерді асықпай аралап, батасын алып жүрмейсің мұнда. Есіктен басын қылтита, «іннен шыққан суырдай» қараған көршіңе бір шелпекті ұстатарсың, ол болса сәл ойланып өзіңе, содан соң қолыңдағыға қарайды. Қарағанда да бір тосын көзқарас. «Мен сізден нан сұрағаным жоқ немесе мынауыңа өзге бірдеңе қосылмаған ба?» дегендей. «Қабыл болсынды» айтса айтты, айтпаса түк ренжімейсің, «әуминді» іштей өзің қайталап, келесі көршіңе кете бересің.

Ауылда Үмігүлсім есімді анамыз бізбен көрші тұрды. Шалы ертерек қайтқан анамыз­дың үбірлі-шүбірлі балаларымен қатар ойнап өстім. Бір ғажабы, сол үйде асыр салып ойнап, асын ішіп жүргенде маған өз баласынан бетер қарайтын асыл адам еді. «Адал көршісі бар алаңсыз ұйықтайды» демекші, үйдегі үлкендер сырт жаққа қонаққа кеткенде мені сол кісіге қалдыратын. Сондағы анамыздың әрекеті – еш қомсынбайтын, шаршамайтын, бар тәттісін бөліп беріп, көп баласынан бөлек, мені бұрын тамақтандыратын. Аманат деп қарайтын. Аяқ-табағына дейін араласып кеткен бұл шаңырақтың қуаныш-қайғысында біздің үй де әрдайым табылушы еді. Әлі күнге «менікі, сенікі» дейтінді білмейтін мұндай көршілер қазір тым аз.

Арғы дүниеде де «көршіңмен дестің бе, ыстық нан жестің бе?» деп сұрайды екен. Шариғатта да көрші туралы, оның қақысы жайлы да мол айтылған. «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» дейтін дана қазақ қазір неге бірінің үйіне бірі бас сұқпайды? Әсіресе, қалалық жерлердегі көршілердің қылығы тым бөлек. Ағайын – атадан, көрші – Құдайдан екенін ескерсек, Құдай нәсіп еткен көршіңіздің қиындығында бірге жанынан табылып, қуанышын бірге тойлау шынымен азайып бара ма? Көшеде кездесе қалған жағдайда бас изеуден арыға аспайтын міз бақпас  мейірімсіздік пен «сен тимесең мен тиме, бадырақ көз» көршінің көңілге қонбайтын осы әрекетіне қандай тәрбие жетіспей жүр?

Сонымен, көршіңіз қандай адамдар? Қазақтың Қадыры айтпақшы, «көршің бай болмаса болмасын, тек көңілі лай болмаса» болғаны.

Жалғасы бар

 

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<