Жыр мүшәйрасының жүйріктері анықталды

2011

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Облыстық «Сыр бойы» газетінің 95, қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің 30 жылдығына орай «Сыр медиа» ЖШС-нің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы мектеп оқушылары арасында «Журналистика – мәні терең мамандық» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. 9-11 сынып оқушылары арасында өткен жыр мүшәйрасының басты мақсаты – ұлт тарихын арқау етіп, елдік пен ерлік дәстүрді, өңірдің оң имиджін насихаттап, ақпарат жаршысына айналған басылымдар мәртебесін көтеру.

Студенттер сарайында өткізілген мүшәйраның ашылу салтанатында облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов ақпарат саласының маңыздылығына тоқталып, мұндай іс-шаралар жас таланттардың көпке танылуына ықпал ететінін атап өтті. Сонымен бірге «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Ділдәбекова, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің редакторы Әзиз Батырбеков қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, жыр байқауында жас таланттар «Журналистика – мәні терең мамандық» тақырыбы бойынша жазған өлеңдерімен қатар еркін тақырыптағы туындыларын да ортаға салды. Мүшәйраға 20 оқушының еңбегі қабылданса, іріктеу кезеңінен өткен 11 жас талапкер шығармаларын оқыды. Қатысушыларға «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Әлеуметтік және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Жанар Бимұратқызы, ақын Ақжол Түменбай және «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі, ақын Аружан Оралбай төрелік етті.

Нәтижесі бойынша бас жүлде Ұлықбек Бектайға бұйырса, І орынды Мерей Қалабай иемденді. ІІ орынға Данияр Құрбанәлі мен Мереке Қуаныш, ІІІ орынға Расул Жеткерген, Нұрайна Жүсіпбекова, Талшын Оспан есімді оқушылар лайық деп танылды. Ал өнерімен ерекше көзге түскен Ақтай Нұрбек «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша марапатталды. Азамат Қонысбекке, Ботагөз Мұхамбетжанқызы мен Мерей Шәкратқа алғыс хат табысталып, барлық қатысушылар арнайы сыйлықтарға ие болды.

«Журналистика – мәні терең мамандық»

– Өскенімде, шіркін, тілші болғанда

– Деп үнемі шоматынмын арманға.

Журналисттің болмысы бар, қарашы

– Бейсен ағам кешіп өткен жолдарда.

Міне, көрші – менде қандай арман бар,

 Журналист – ол шамшырақтай жанғандар

Жаңалықты жеткізетін қоғамға,

 Даналықтың иесі де сол жандар

Апат келсе, далаң опат, жері – су,

 Бірге жүріп көрсету мен көрісу,

 Біреулердің қайғысына ортақ боп,

Біреулердің қуанышын бөлісу.

Елге ететін ұшан-теңіз пайдасы,

Бұл жандардың кім екенін ойлашы?

Адам болып адал ғұмыр кешетін,

 Әдебиет пен мәдениеттің айнасы!

Алдамас та, жалған сөзді жалғамас,

 Тілші болу – күрделі көп жанға рас,

Эфирлерден көрсетілмес біздерге

Қызығы мен шыжығы мол қарбалас.

Радио, эфир, газеттердің ақ нұры,

Орақ ауыз, тура сөзді оқ тілі,

Міне осындай «журналисттер» болатын,

Бала күнгі арманымның авторы.

Өтсе дағы запыранды заман дәл,

Журналисттер жаны жайсаң жарандар.

 Тілшіліктің бағындырып заңғарын,

Тіршілікке тіл бітірген мамандар!

Бектай Ұлықбек,

№189 орта мектептің 11 сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<