Мен ауылдың ұлымын

634

0

(Ой-жазба) 

Тыртиған трико

Ауылға барамыз ғой. Мың жерден қалаша қылық көрсеткің келгенмен ауылдық ұл екенің өзіңнен де, сөзіңнен де көрініп тұрады. Оның үстіне қала, шіркін, біраз нәрсені өзгертіп, үстіңе ілген киіміңде ондағыларға оғаштау қылып көрсететіні рас. Күні кеше енді келместей безе кеткен ауылыңның ауасын тамсана жұтып, жан-жағына «түуһ, ауылымның ауасын-ай, табиғаты керемет қандай?» деп өп-өтірік таңырқап қалатын қаладан жұққан жасанды мінезді де қайда қоярсың?!

Міне, автобустан түсе үймен қауышып, енді әке-шешең «үлкен үйге бар, шалға сәлем бер» деген соң жеңіл футболка мен жастар арасында «сигаретка» аталып кеткен трико киіп үйден шыға беріп ем, артымнан шешем айқайды салсын.

 – Әй, бұтыңдағы не? Бірдеңе боп қалды ма деп белден төмен қараймын.

 – Трико ғой, – деп міңгірлей беріп ем,

 –  Қырыққан теке ұқсамай ауыс­тыр анауыңды, – демесі бар ма.

 – Неге? – Енді мен қарсыласа бастадым.

 – Ауыстыр деген соң ауыс­тыр. Қалаға барған соң киерсің. Немене, аша бұттанып. О, Алла-ай, осыны киім деп. Кеңдеу бірдеңе ки!

Трико сөйтіп шешемнің түрін бұзды. Амалсыз кеңдеу шалбарға ауыстырдым.

Кейін қалаға шешем келген. Көшеден кейде студент-жастар өтеді.  Кіндігі ашық, шалбарының тізезі жыртық, онан қалса, тылтиған киім киген қазақ қыз­дарын көріп, шошыды.

– Әй, көзің шыққыр, қарама оларға!

– Өй, ол мода ғой, қазір елдің бәрі солай киінеді, – деп мен өз уәжімді айта бастадым.

– Өй, мода-содасы бар болсын.  Бүйтіп сән қуған сиқы құрсын. Итке таланғандай. Әлден жалаңаштанып жүреді. Кіндікке жел өтеді, салқын тиеді демей ме? «Құдайдан қорықпады» деген осы шығар. Мұндайды өз-өзінің қадірін кетіру дейді, балам.

Шешем байғұс көшедегі танымайтын біреулерді біраз жерге апарып тас­тады.

– Әлгі телебезірге еліктеп жүргені шығар шіркіндердің! Мыналардың қасында сенің тыртиған трикоң айналайын екен-ау, – деді  кенеттен. Ұл-қызының бұлай киінбейтініне шүкіршілік етті-ау сол кез.

Расымен біз қайда барамыз? Киіну мәдениетін қалай сақтап жүрміз? Біреудің қаңсығы, біреу­ге таңсық. Тізені жыртып, кіндікті ашып, мұрын тескен шынымен бізге лайық па? Етегін қымтап ұстайтын есті қыздарды қайтсек көбейтеміз? Құлаққа сырға сап, қас-қабағына дейін боянатын қазақ ұлдарын қалай арашалаймыз бұл дерттен?

Көксандықтың күйігі

Бүгінде ауылда Отандық арналар желісі топтастырылған табақша-антенна кез келген үйде бар. Тіпті арнайы 50-60 метрге дейін ұялы байланысты қамтитын аппарат сатып алған тұрғындар да жетерлік. Әрине, бұның бәрі – ел жағдайының едәуір артқандығының белгісі. Әйтпесе, біздің бала күнімізде бұның бірі түгілі, электр жарығы да жоқ еді. Мен кейде сол жарықсыз отыр­ған кездерге алғыс айтқым келеді. Бар жұмысың тек кітап оқу еді ғой. Ал кітаптың кісіден ақы сұрамайтыны белгілі. Берері болмаса, аласысы жоқ осы керемет байлықтан біз бүгінде тым алыс­тап кеттік.

Есесіне, көксандықтың күйігі көп болып тұр. Көксандық дегенің кәдімгі сіздің үйдегі теледидар ғой. Иманы жолдас болғыр, ең алғаш рет  1923 жылы Англияда Берд, АҚШ-та Дженкинс жасап шығарған, содан бері бір-бір үйді бір емес бірнешеуі жаулап алған дүние бұл. Тәрбие мен тәртіпсіздікті қатар көрсететін, бұл шіркін, менің көңіліме бүгінде жақпай жүр. Неге дейсіз бе? Ау, оның ішінде қатыгездік пен қан-жын аралас сюжет көбейіп тұрғанын қалай байқамағансыз? Ол ол ма, таңнан түн ортасына дейін дамылсыз қосылып тұратын телевизорлар да бар. Бала алдансын деп экран алдына қадап отырғызып кеткен ата-аналарды да көріп жүрміз. Бала түгілі біздің өзіміз байланып отырмыз бұл есті кетіретін ессіз дүниеге.  Ал онда не көрсетіліп жатыр, бас ауыртып жатқан бір пенде болсайшы. Отандық арналардың бірсыпырасы болмаса, қалғанының жайы белгілі. Музыка, концерт, сайқымазақтар шеруі, бітпейтін жарнама… Тәулік бойы ыржың-ыржың, ­жырқ-жырқ. Бай іздеген қыз да, жыныс талғамайтын көгілдірлер де, сырға таққан серілер де осында. Жаңалықтар ше? Ол да белгілі, педофилия, шарананы өлтірген жасөспірім қыз, дәрігердің қолынан қаза тап­қан ана, парақорлар,  зауытты жұтып қойған министр, контрабанда, базары мен баспанасы өртенген халық…

Кинода да солай. Шетелдіктердің өздері қарамайтын қаңсығын таңсық көрген біздің көрер­мен жетеді, Құдайға шүкір. Түрік пен үндінің 2 мың бөлімнен тұратын сериалы біткенше көп адам дүниеге келіп-кетіп жатыр. Ағайын-туыс­тың ахуалынан гөрі артистердің өмірін уайымдап ауыратындар бізде көп. Масқарасы көп жаңалықтар, бетімен кеткен бағдарлама, мағынасыз музыка, баттастыра боянып алған артис­тердің бейпіл күлкісі – бақытты, шат-шадыман халықтың сипатындай деп ойлайтын боларсыз. Жоқ, керісінше рухани тоқырау­ға ұшыратып, ұлт мәдениетіне кесірін тигізетін кей арналардың көрінісі бұл.

Ресейлік зерттеушілердің мә­ліметі бойынша телебағдарламаларды көрудің орташа уақыты жұмыс күндері 3 сағат және демалыс күндері 3,5 сағатқа жетеді екен. Сонымен қатар көп арналық кабельді теледидарлар саны артып кеткен. Кабельдік арналардың көбісінің көрсететіні жын-ойнақ пен атыс-шабыс, ара-тұра жалаңаштанған жалбыршаш артис­тер…

Көрерменге ұсынған  фильм­дер мен бағдарламалар қаншалықты қатыгез болса, көруші де соншалықты сезімсіз әрі селқос бола түседі. Күш көрсету сценаларына үйреніп кеткені соншалық тіпті селт етпейді. Құдай жар болсын, бірақ кейін ашу үстінде қатыгездікпен қару ала жүгіретіндер көбеймей ме деген үркек ой басымда тұр. Оған себеп те жоқ емес. Кез келген бағдарламада зорлық-зомбылық немесе өлім көбейсе, соғұрлым агрессивті болады. Зорлық-зомбылық түріндегі көркем фильмдер адамды қылмысқа итермелейтінін арнайы мамандар айқайлап-ақ айтуда. Барлық жерде теледидар көбейген сайын қылмыс өршіген. Телеарналық бағдарламаларда нәзіктікке қарағанда, зорлық-зомбылық көрсетілімдері төрт есе көп.

Бұрын телебағдарламаны көру отбасы үшін кәдімгідей жұмыс еді. Теледидардың алдында отбасы қарым-қатынасындағы сезімдерді бөлісу, кез келген командаға жанкүйер болу, үлкендер балаларға көрсетілгенді ауызша талқылап, барынша жағымды жағымен тәрбиелеп, пікірлер айтылатын. Тарихи отандық фильмдер мен қазақи бағдарламаларды көргенде көзің сүйсініп, көңілің толатын. Ал қазір ақпараттық, интеллектуалдық бағдарламалар мен концерттерден басқасын отбасымен бірге көру мүмкін емес. Әрбір адамның өз теледидары – «соткаға» үңілу – «мылқау қоғамның»  белгісіндей.

Ержан ҚОЖАСОВ.

(Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<