2023 жыл: Қандай өзгерістер күтіп тұр?

2253

0

Алдағы жылы елімізде бірқатар өзгерістер болады. Жаңа бастамалар мен заңдар күшіне енеді. Солардың ең маңыздыларының бірі – Мемлекет басшысы Конституциялық заңға қол қойды. Оған сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Президенттің өкілеттік мерзімі шектеліп, саяси партияға мүше болуы тоқтатылады. Сондай-ақ, жақын туыстарының саясатта және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызметтер атқаруына тыйым салынады.

Мәжілісті құру тәртібіне де өзгеріс енгізіледі. Енді Мәжілістің 69 депутаты партиялық тізім бойынша, 29-ы бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланады. Қазақстан Халқы ассамблеясының Мәжілістегі квотасы алынып тасталады. Парламенттегі заң шығару процесі де өзгереді. Енді Мәжіліс заңдар қабылдайды, ал Сенат оларды бекітеді. Бұл ретте палаталар арасындағы тежеу мен тепе-теңдік тетігі қарастырылған.

Алдағы жылдан бастап Қазақстанда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтетінін де айта кеткен жөн. Бұл өзгеріс басында пилоттық режимде іске қосылады.

Жалпы 2023 жылы 34 заң жобасын әзірлеу жоспарланған. Жақында өткен Үкімет отырысында ҚР Әділет министрі Қанат Мусин алдағы жылы әзірленетін заң жобаларының 15-і бірінші жартыжылдықта, 19-ы екінші жартыжылдықта Парламентке ұсынылуы тиіс екенін айтқан болатын. Сондықтан алдағы жыл өзгеріске толы болатыны анық.

Сонымен, Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер мен мемлекеттің стратегиялық құжаттары негізінде 2023 жылы Қала құрылысы кодексі мен Бюджет кодексі, жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, көші-қон, мемлекеттік сатып алу, салық салу мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу, сондай-ақ әкімшілік сот төрелігін, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік заңнаманы жетілдіру көзделген.

Сонымен қатар, Су кодексін, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, бұқаралық ақпарат құралдарына және аквакультураға қатысты жаңа редакциядағы заң жобаларын әзірлеу жоспарланып отыр.

2023 жылдан бастап кәсіпкерлік саласында да бірқатар өзгерістер күтілуде. Атап айтсақ, бұрын табыс салығын 3 пайыздық мөлшерлемемен төлеп жүрген кәсіпкер үшін салық тәртібі өзгереді. 1 қаңтарда күшіне енетін қаулыға сәйкес, арнаулы салық жүйесі тек бір ғана қызмет түріне қолданылады.

Жеңілдетілген салық жүйесі дағдарысқа қарсы қолданылған шара еді. Сол арқылы билік көптеген кәсіпкерлік нысандарды жабылудан сақтап қалмақ болды. Нәтижесінде жаңа салық жүйесіне 114 қызмет түрі енгізілді. Ал 2023 жылдан бастап бөлшек салық режимі тек қоғамдық тамақтану қызметі үшін қолданылады.

Саладағы тағы бір өзгеріс – келер жылы жастарға жеңілдетілген несие беру басталады. Жеңілдетілген 2,5%-дық несие мөлшері – 5 млн теңгеге дейін. Берілу мерзімі – 5 жыл. Егер қарыз ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатында немесе ірі қара мал, жылқы асырау үшін алынса, онда 7 жылға дейін беріледі. Несие алған жастарға 1,5 жылға «каникулярлық кезең» ұсынылады, яғни, аталған уақытта олар ай сайынғы жарна төлеуден босатылады.

Жастарды қолдау мақсатында нарық сұранысына қарай мерзімді оқыту жұмыстары да жүргізіледі. Жобаның аясында азаматтар жаңа мамандық меңгеріп, оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналаса алады. Қазіргі таңда мемлекет субсидиялайтын жұмыспен қамтылған азаматтардың 36%-ы жастар.

2023 жылы жас өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысын 70%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, мектептер, колледждер мен балабақшалар педагогтарының жалақысы 25%-ға өседі. Мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Денешынықтыру мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін ай сайын қосымша ақы төленеді.

Жалпы, білім саласын алдағы жылы ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Бұл өзгерістер туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында айтқан болатын. Алдағы жылы мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға ерекше назар аударылады. 2021 жылдан бастап педагогикалық жұмысқа тұру үшін сертификаттау енгізілді. Диплом жұмысқа тұру үшін енді жеткіліксіз, міндетті түрде өз пәні және әдістеме бойынша тестілеуден өту қажет. Енді біліктілігін арттыру 5 жылда емес, 3 жылда бір рет болады. Директорлардың кадрлық резерві қалыптасады, білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау тетігін іске асыру жалғасады. Сонымен қатар білікті кадрларды дайындау және біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі.

Сондай-ақ, келесі оқу жылынан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұған дейін емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын. Олар да осы пәннен емтихан тапсыруды жалғастырады.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, келесі жылы ҰБТ тапсыруда да өзгерістер болады. Талапкерлерге «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 5 тест тапсырмасы қосылады. Ал, бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларындағы нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін қысқарады. Ал бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларындағы нұсқалар 8-ден 6-ға дейін азаяды.

2023 жылдан бастап балабақшалар білім беру сапасын өздері бағалай алады. Қазіргі таңда Балаларды ерте дамыту институты нақты педагогикалық процесті бағалауға байланысты өлшемшарттарды сынақтан өткізіп жатыр. 2023 жылдан бастап ол барлық балабақшаға өзін-өзі бағалау құралы ретінде ұсынылады.

Елеулі өзгерістер әлеуметтік салада да күтілуде. Айталық, келер жылы әлеуметтік төлемдер бір әмиянға есептелетін болады. Салалық министрлік әлеуметтік әмиян Ұлттық банк пен банктер тарапынан осы тетікті енгізу жұмыстары аяқталғаннан кейін мүмкін болатынын айтқан. Іске қосылған соң әлеуметтік-еңбек саласына мемлекеттік қолдаудың барлық төлемдері әмиян арқылы жүзеге асырылады. Оның ішінде бір жасқа дейінгі бала күтімі, жұмысынан айырылу бойынша жәрдемақылар және басқалар бар. Бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік әмиянды биылғы жылдан пайдалана алады деп күтілген еді.

Сондай-ақ, Үкімет 2023 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру туралы қаулыны қабылдады. Бүгінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемнің бес түрі беріледі. Олар: асыраушысынан айырылу, жүктілік пен босану, жұмыссыз қалу, бала күтімі мен еңбекке қабілеттіліктен айырылу. Соның ішінде еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшері 8,5%-ға артады.

Бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылады. Тиісті мақсатқа республикалық бюджетте қосымша 183,5 млрд теңге қарастырылмақ. Жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді есептеу алгоритмі де түзетілді.

Бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін арттыру жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де ата-аналарға қатысты болады. Бүгінде 552 мыңдай жұмыс істейтін және 60 мыңнан астам жұмыс істемейтін ата-ана бар. Бұл ретте жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан олардың жалақысының 40%-ы мөлшерінде төлем төленеді. Мамандар атап өткендей, азаматтың табысы және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу тәжірибесі неғұрлым көп болса, соғұрлым әлеуметтік төлемдердің мөлшері де жоғары болады.

Айта кету керек, бала күтімі бойынша төлем мерзімін ұлғайту – қазақстандық балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі шаралар кешенінің бір бөлігі ғана. Мәселен, 2023 жылдан бастап, «Алтын алқамен» марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені табысталғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды.

Бұл ретте «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне «Марапатталған аналар» деген жаңа мәртебе беріледі. Сонымен бірге, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жағы қарастырылуда.

Бұл атаулы әлеуметтік көмек алатын 190 мыңнан астам отбасына әсер етеді. Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа шаралары Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің жобасында қазірдің өзінде көрініс тапқан. Бүгінде әрбір қазақстандық үшін маңызды құжатты әзірлеу аяқталды. Жоба заңда қарастырылған келісу рәсімдерінен өтіп жатыр.

Жалпы 2023 жылы әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар 10 триллион 634 миллиард теңгені құрайды. Бұл биылғымен салыстырғанда 1 триллион 985 миллиард теңгеге көп. Шығындардың негізгі бөлігі, яғни 4 триллион 634 миллиард теңгесі әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке тиесілі.

Шығындардың өсуі жыл сайынғы индексациямен және зейнетақы, жәрдемақы алушылар контингентін ұлғайтумен, мұғалімдердің, дәрігерлердің, медициналық емес қызметкерлердің және мемлекеттік қызметшілердің жалақысының артуымен байланысты.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<