Кеше аудандық Руханият орталығында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың қатысуымен су тарифтеріне енгізілетін өзгерістер мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне арналған түсіндіру жиыны өтті.
Жиынға республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, сала мамандары және аудандағы шаруашылық құрылымдарының төрағалары қатысты.
Кездесуде су шаруашылығы саласындағы су тарифтерін қалыптастыру тетіктері, тарифтердің өзгеру себептері, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бағытындағы жұмыстар жан-жақты түсіндірілді.
Жиынға су ресурстары және ирригация министрлігінің Тарифтік саясатты реттеу департаментінің директоры Дархан Қаинбердиев, су ресурстары және ирригация министрлігінің су шаруашылығы имараттарын дамыту департаменті директорының орынбасары Жәнібек Қайшыбекұлы, су ресурстары және ирригация министрлігінің суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің Ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын енгізу басқармасының сарапшысы Гүлнұр Махамбет, «Қазсушар» РМК экономика және қаржы департаментінің директоры Айгүл Сұлтанова, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нажмадин Шамуратов, Арал–Сырдария бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Сейітқасым Әбуов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев қатысып, өз бағыттары бойынша баяндама жасады.
Кездесу барысында шаруалар тарапынан су жеткізу сапасы, тарифтердің өзгеруі, су бөлу кестесі, каналдарды күтіп-ұстау және су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты бірқатар сауалдар қойылып, сала мамандары тарапынан нақты жауаптар берілді.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов су – стратегиялық маңызы бар ресурс екенін атап өтіп, қазіргі таңда әрбір тамшы суды тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және шаруалардың мүддесін ескере отырып жүйелі жұмыс жүргізу маңызды міндет екенін жеткізді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






