Әлемді қандай дағдарыс күтіп тұр?

492

0

Еуропаның болашағы ауа райына байланысты, яғни, экономикалық, саяси және әлеуметтік дағдарыстардың алдағы алты айда қалай өзгеретініне қыстың суық немесе жылы болуы тікелей әсер етеді. Қарашаның басында экономист, тарихшы, Колумбия университетінің профессоры Адам Туз айтқан бұл болжам әлемдік БАҚ-та қызу талқыланды.

Оның айтуынша, Ресей мен Украина қақтығысы кесірінен Еуропа жеткізілетін газдың үштен бірін жоғалтты. Еуропаның көп бөлігі, Германия мен Италия, әсіресе бұрынғы Кеңес Одағы елдері Ресей газына тәуелді. Оған қоса, келер жылы және жақын болашақта газ бағасы баррельіне 200 доллар көлемінде сақталады. Бұл – дағдарысқа дейінгі деңгейден шамамен 8 есе жоғары. Газ жеткізудің бұрынғы каналдарын қалпына келтірудің келешегі жоқ. Сондықтан, алдағы қыс жылы болмаса, болжам бұлыңғыр.

Сондай-ақ, Адам Туз өз сайтында әлемде болуы мүмкін дағдарыстар туралы жазба жариялады. Онда келесі 6-18 айда болуы мүмкін макроскопиялық тәуекелдер кесте түрінде келтірілген. Автор энергетика және азық-түлік нарықтарындағы шиеленіс өткен жылдың басында-ақ айқын болғанын айтады. 2021 жылы азық-түлік бағасы көтеріліп, энергетика нарығы күйзеліске ұшырады. Украинадағы соғыс сол шиеленісті күшейтті.

Ал 2023 жылдың басында COVID-тің ең заманауи вакциналардың өзіне төзімді жаңа түрі пайда болуы мүмкін. Оған қоса, Украинадағы соғыста ядролық қаруды белсенді қолдануға көшу қаупі бар. Энергияға жоғары сұраныс салдарынан қазба отын тұтыну көлемі де артады. Бұл – әлемді күтетін ең ықтимал дағдарыстар.

Туздың айтуынша, олардың әрбірі әлемдегі жағдайды түбегейлі өзгерте алады. Айталық, COVID-тің өлімге әкелетін жаңа штамы Қытайда локдаунның жаңа толқынын тудырса, салдарынан тауар нарығы күйреп, мұнай мен темір сияқты тауарлардың бағасы төмендейді. Жаһандық азық-түлік дағдарысы туралы болжам да қорқынышты болып көрінеді және қалыптасқан жағдайды ушықтырады. Дегенмен, аштық табысы төмен елдердегі кедейлер мен сайлау құқығынан айырылғандарға қатты әсер етеді.

Жалпы, әлем жылдам өзгеруде. Пандемия, құрғақшылық, су тасқыны, дала өрттері, үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі секілді дағдарыстарға құлағымыз тез үйренді. Күні кеше мүмкін еместей көрінген нәрселер қазір шындыққа айналды. Қазіргі бір-бірімен тоғысқан экономикалық және басқа да сілкіністер кезеңінде поликризис терминінің айрықша танымал болуы таңғаларлық емес. Біз шешімін табуға қауқарсыз әрбір мәселе дағдарысқа айналады. Ал поликризис кезінде дағдарыстарды жекелей емес, тұтас қарастырған жөн.

Алғаш «поликризис» терминін 1990-жылдары француз теоретигі Эдгар Морин қолданған екен. Морин 1970-жылдардың басындағы экологиялық алаңдаушылықтан қоғамдық санада жаһандық тәуекелдің жаңа түрі туралы ұғым пайда болды деген тұжырым жасаған. Бірақ бұл біз үнемі поликризис жағдайында өмір сүріп келеміз деген сөз емес.

Ұзаққа созылған дағдарыс, жаһан экономикасының коронакризис салдарын сол бойы еңсере алмауы, Ресей – Украина қарулы жанжалы, санкциялық шайқастар адамзаттың ахуалын тұралатып-ақ тұр. Ал Пекин мен Вашингтон жаңа қырғи-қабақ соғыс қарсаңында.

Бірақ, кейінгі 15 жылдағы дағдарыстардың барлығын бір себепке және кеңейтілген түрде бір шешімге нұсқау қисынсыз. 1980-жылдары нарық экономиканы тиімді басқарады, өсімді қамтамасыз етеді, саяси дауларды шешеді және «қырғи-қабақ соғыста» жеңеді деген сенім болды. Ал  бүгінде жағдай басқаша. Қазіргі өзгерістердің жылдамдығы таңғалдырады. Әлем демократияның нәзік екенін, тұрақты даму үшін қайшылықты индустриялық саясат қажет екенін түсінді.

1970-жылдардың басында әлем халқы қазіргі санының жартысынан да аз, ал Қытай мен Үндістан өте кедей елдер болатын. Бүгінгі әлем жаһандық жалпы ішкі өнімді 90 триллион долларға жеткізген, 12 705 дана ядролық қарудың жиынтық арсеналы бар және кедейлікті жоюдың ұзақ жолынан өткен қуатты мемлекеттерден тұрады. Сондықтан болашақ проблемаларды 50 жыл бұрынғымен салыстыруға болмайды.

Адам Туз алда осындай ұзаққа созылатын дағдарыс кезеңі тұрғанын айтады. Бірақ, бұл адамзат тағдыры шешілер ең қиын кезең емес. Экономист тарих импровизация, инновация және реформалар арқылы бұл дағдарыс та бір кездері прогресс тарихына айналады деген пікірде. Адамзат бұған дейін де қаншама індеттерге қарсы вакцина ойлап тапты. Өткен ғасырдағы ядролық соғыс қаупінен де аман өтті. Ал инновациялар алдағы экологиялық дағдарыстарды жеңуге мүмкіндік береді. Дегенмен, әлем алдында тәуекелді және шиеленіске толы кезең тұрғаны анық.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<