Әлеуметтік жобалар қолдау таппақ

1057

0

«Самұрық-Қазына» АҚ Сыр елінде де көптеген әлеуметтік жобаларды үйлестірді. Солардың бірі − облыстық көпбейінді балалар ауруханасында орналасқан «Қамқорлық» оңалту орталығы. Аталған ұйымның қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов пен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева және «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова, облыстық мәслихат депутаты Аида Әбибуллаева орталық жұмысымен танысты.

Статистика бойынша облыста 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 5000-нан астам бала бар. Олардың көпшілігі тұрақты оңалту көмегін қажет етеді. «Қамқорлық» оңалту орталығының жұмысымен көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Рахатқызы таныстырды. Орталық өз жұмысын үстіміздегі жылдың қаңтар айында бастаған. Бүгінде мұнда нейро-ортопедиялық кінәраты бар 400-ден астам бала тегін оңалтудан өткен. Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Австрия, Италия, Қазақстан және Ресейдің алдыңғы қатарлы оңалту жабдықтарымен қамтылған. Жобаның бас серіктесі «Самұрық-Қазына» АҚ және әлеуметтік серіктес «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жабдықтауды қаржыландырған. Орталық ерекше балаларды оңалтудың жүйелі және кешенді тәсілін көздейтін халықаралық модель бойынша жұмыс істейді. Әрбір бала мен ата-ана қол жеткізгісі келетін мақсаттарына сәйкес оңалтудың жеке жоспары жасалады. Мақсатқа жету үшін әртүрлі бейінге оқытылған неврологтар, реабилитологтар, емдік-дене шынықтыру нұсқаушылары, психологтар, логопедтер, еңбек және эрготерапевтер, дефектологтар жұмыс істеп жүр. Күнделікті балаларды оңалту бағытында емдік-дене шынықтыру залы, педагогтар мен психологтардың кабинеттері, механотерапия залы, сенсорлық бөлме, бальнеотерапия кабинеті, бассейн және саяхатты-кондуктивтік терапия бар. Кондуктивтік емнің соңында қалыптасқан игі дәстүрге сай осында ұзақ күткен алғашқы қадамын жасаған Бекзат Ғалымжанұлы есімді бүлдіршіннің тұсауын Ғибрат Ауғанов кесіп, батасын берді.

− «Самұрық-Қазына» АҚ өз қызметінде қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті басты назарда ұстайды. Мәселен, қор компанияларының атынан әрекет ететін «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры өткен жылы жалпы сомасы 7 млрд теңгеден астам қаржыға 32 әлеуметтік жобаны іске асырды. Тиісті көмек арқылы біз жарты миллионға жуық адамды қамтыдық. Әлеуметтік жобаларды қолдау жалғасын таба бермек, − деді ол.

Жобаның тағы бір серіктесі − «Қамқорлық қоры» корпоративтік қоры.

− Жоба еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарын ғана емес, сондай-ақ шалғай ауылдарды да қамтып, бұл балаларды жақын жерден тиімді оңалтумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық оңалту орталықтарының жабдықталуын қаржыландырған «Самұрық-Қазына» АҚ жобаны іске асыруда сенімді серіктесіміз болып отыр.  Бұл қымбат және ең бастысы тиімді құрылғылардың кейбірі Қазақстанда тек осы орталықта бар, − деді Арайлым Еркінова.

Оңалту орталығында физикалық немесе психикалық жағдайына қарамастан барлық азаматтар үшін тең жағдай мен мүмкіндік жасау мақсат етілген. Бұған дейін «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен дәл осындай 15 оңалту орталығы еліміздің басқа қалаларында ашылған.

Мұнан соң олар Жастар ресурстық орталығында және «Достық үйінде» белсенді жастармен, үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесті. Кездесуде бас директор Альфия Адиева жобалармен таныстырды. Бұл кездесу жергілікті ҮЕҰ-ларды ынтымақтастыққа тарту мақсатында ұйымдастырылған. Жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған өз жобаларын ұсынса, қор мазмұнды жобаларды қолдауға әзір екендіктерін жеткізді.

− Біз бұл кездесуді аймақтық үкіметтік емес ұйымдарды жаңа әлеуметтік жобаларды ұсынуға ынталандыру үшін өткізіп отырмыз. Осылайша еліміздің ең шалғай жерлеріндегі адамдардың өмірін жақсартуға болатын идеялар күтеміз. Бұл тұста қорымыз азаматтық секторды шағын бастамаларының ауқымын кеңейтуге шабыттандыруға күш салмақ. Мысалы, шағын қаланың бастамалары бүкіл облыс, тіпті бүкіл ел үшін игілікті болуы мүмкін. Осылайша Қызылорда облысының белсенді ҮЕҰ-дарын ынтымақтастыққа шақырамыз, − деді А.Адиева.

Кездесуге қатысқан ҮЕҰ өкілдері өздерінде бар жобалар туралы айтып, қордың қызметі мен жобаларына қызығушылық танытты.  «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы жылдар бойы Қызылорда облысының дамуына үлес қосып келеді. Мәселен, 2017-2021 жылдар аралығында, өңірде жалпы сомасы 957 млн теңгеге 11 әлеуметтік жоба іске асырылған. Әлеуметтің әлеуетін арттырар жобалар алдағы уақытта да қаржылай қолдау таппақ.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<