Өзбекстан құрамасының 2026 жылғы Әлем чемпионатына алғаш рет жолдама алуы Орталық Азия футболындағы тарихи межені өзгертті. Аймақ елдері үшін алыстағы арман болып көрінген мундиальға көрші мемлекет нақты жүйе мен шешуші сәттегі тұрақтылық арқылы жетуге болатынын көрсетті. Бұл жетістік Қазақстандағы ең ауыр сұрақты қайта алға шығарды: біз неге әлі күнге дейін Әлем чемпионатына бара алмай жүрміз?
Қазақстанның УЕФА-да ойнауы да, Азиядағы квотаның өсуі де маңызды. Бірақ мәселені географияға тіреп қою ішкі кемшіліктерді жасырады. Өзбекстан берілген мүмкіндікті пайдаланды, ал Қазақстан Еуропадағы күрделі бәсекеге дайын жүйе қалыптастыра алмады.
БІР ҚҰРЛЫҚ, ЕКІ МҮМКІНДІК
2026 жылғы Әлем чемпионаты 48 құрамаға дейін кеңейіп, Азияға сегіз тікелей жолдама және құрлықаралық плей-оффқа тағы бір орын берілді. УЕФА 16 жолдама иеленді. Сан жағынан Еуропаның үлесі үлкен болғанымен, бәсекенің салмағы бөлек. Азиядағы орта деңгейлі елдердің жолдамаға таласу мүмкіндігі кеңірек болды. Қазақстандық футбол сарапшысы Сұңғат Мақсұтов конфедерациялық айырмашылықты негізгі себептердің бірі деп санайды.
– Қазақстан УЕФА-да ойнайды. Мұнда бәсеке орасан және әлсіз қарсылас аз. Біз Бельгия, Уэльс секілді құрамалармен кездесеміз. Өзбекстанның тобында Ираннан бөлек, БАӘ, Катар, Қырғызстан және КХДР болды. Өзбекстан футболшыларының деңгейі мұндай қарсыластардан жоғары тұруға жеткілікті еді, – дейді ол.
Өзбекстан 2025 жылғы маусымда Абу-Дабиде БАӘ-мен тең ойнап, жолдаманы мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Команда тікелей бәсекелестерінен тұрақты ұпай алып, Ираннан кейінгі екінші орынды иеленді.
Қазақстан Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейнмен бір топта сегіз ұпай жинап, төртінші орынмен шектелді. Бельгия тікелей жолдама алды, Уэльс екінші болды, Солтүстік Македония Ұлттар лигасы арқылы плей-оффқа өтті. Қазақстанның артында тек Лихтенштейн қалды.
Демек, мәселе Бельгияны басып озбауда емес. Қазақстан Уэльс пен Солтүстік Македония деңгейіндегі командалармен тұрақты таласа алмады. Жолдама үшін өзіңмен шамалас қарсыластардан жүйелі ұпай жинау қажет.
БІРНЕШЕ КӨШБАСШЫ – ТОЛЫҚ ҚҰРАМ ЕМЕС
С.Мақсұтов екінші айырмашылықты футболшылардың жеке деңгейі мен құрамның тереңдігінен көреді. Өзбекстанда Абдукодир Хусанов, Элдор Шомуродов және Аббосбек Файзуллаев секілді халықаралық ортада шыңдалған ойыншылар бар.
Қазақстанда Нұралы Әліп, Максим Самородов, Ғалымжан Кенжебек, Ислам Чесноков, Дастан Сәтпаев секілді қабілетті футболшылар бар. Бірақ олардың бірін дәл сондай деңгейдегі адаммен алмастыру қиын. Құрамның тереңдегі деген – осы. Мықты ойыншының орнын құрамда алмастыратын және басқалары болуы тиіс. Сонда ғана алға жылжиды.
– Бельгия мен Уэльстің негізгі ойыншылары күшті еуропалық чемпионаттарда өнер көрсетеді. Қазақстанда төрт-бес футболшыға тым үлкен салмақ түседі. Бір позицияда кем дегенде екі сапалы ойыншы болмайынша, ұзақ іріктеуде тұрақты нәтиже көрсету қиын, – дейді С.Мақсұтов.
Сарапшы сырт алаңдағы ойынды да шешуші мәселе деп есептейді. Қазақстан өз жерінде фаворитке қарсылық көрсете алады. Бірақ жолдама Астанадағы бір-екі эмоциялық матчпен алынбайды. Ұлттық құрама түзде қысымға төтеп беріп, тең ойында кем дегенде бір ұпайды сақтай білуі тиіс. Қазақстан Еуропаның орта белдеуіндегі құрамаларға жақындамайынша, Әлем чемпионаты туралы әңгіме ұран күйінде қала береді.
ӨЗБЕКСТАН ТЕК КВОТАМЕН ШЫҚҚАН ЖОҚ
Өзбекстанның жетістігін «Азия әлсіз болғандықтан шықты» деп түсіндіру көрші елдегі көпжылдық жұмысты елемегендік болар еді. Азия футбол конфедерациясы Өзбекстан футбол қауымдастығының жастарды даярлау жүйесіне үш жұлдызды мәртебесін ұзартты. Оның нәтижесі ретінде 2025 жылғы 20 жасқа дейінгі Азия кубогындағы жеңіс пен Олимпиадаға алғаш рет жолдама алу аталды. Отандық футбол сарапшысы Эрик Теңізбаев Өзбекстан табысының іргетасы ұлттық құраманың жетістігінен әлдеқайда ерте қаланғанын айтады.
– Өзбекстан инфрақұрылым салды: заманауи стадиондар, жаттығу базалары және өзге де нысандар пайда болды. Қазақстанға жаңа ареналармен қатар жабық манеждер қажет. Біздің климатымызда балалар суық мезгілде де жаттығуын тоқтатпауы тиіс. Балалар мен жасөспірімдер футболы – кез келген табыстың негізі, – дейді Э. Теңізбаев.
Мәселе тек үлкен стадионда емес. Балаға қолжетімді алаң, қысқы манеж, білікті жаттықтырушы және тұрақты жарыс қажет. Нысанның күн сайын қалай жұмыс істейтіні маңызды. Теңізбаев атаған келесі бағыт – ішкі біріншіліктің сапасы.
– Қазақстан чемпионаты күшті болуы керек. Сапалы легионерлер келсе, жергілікті футболшылардың бәсекесі артады. Күшті қарсыласпен күн сайын таласқан ойыншы ғана өседі. Сондықтан жасанды шектеулер мәселені шешпейді. Әлсіз шетелдікке жол бермей, шын мәнінде деңгейі жоғары футболшыны әкелу қажет, – дейді сарапшы.
Жергілікті ойыншыға алаңдағы орынды әкімшілік шешіммен кепілдендіру шеберлікті өсірмейді. Қазақстандық футболшы негізгі құрамдағы орнын бәсекемен жеңіп алуы тиіс. Э. Теңізбаев қазақстандықтардың шетелге көбірек шығуы ұлттық құрамаға тікелей пайда береді деп есептейді. Жоғары қарқынға және кәсіби талапқа бейімделген футболшы құрамаға дайын күйінде келеді. Бір танымал трансфер жүйенің көрсеткіші емес. Қазақстан жыл сайын бірнеше жас ойыншысын Еуропаның бәсекелі чемпионаттарына шығара бастағанда ғана нақты өзгеріс сезіледі.
Қазақстан футболының тағы бір осал тұсы – клубтардың бюджетке тәуелділігі. Қаржы бөлінген кезде команда өмір сүреді, ақша азайса, жоба тұралайды. Мұндай модель академия салуға, жанкүйер базасын қалыптастыруға және коммерциялық стратегия жасауға ынталандырмайды.
– Клубтарды акционерлеу, жеке инвесторлардың санын көбейту қажет. Инвестор өз клубын, академиясын және брендін дамытады. Коммерцияландыру телевизиялық құқықты, маркетингті, демеушілермен жұмысты және билет сатуды қамтуы керек. Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Еуропа мен Америкадағы жұмыс істеп тұрған үлгілерді бейімдеу қажет, – дейді Э.Теңізбаев.
Сарапшы АҚШ-та футбол лигасының коммерциялық өнімге айналғанын мысал етеді. Ортақ бренд, сапалы телетрансляция, ыңғайлы күнтізбе және жанкүйермен байланыс бір жүйеде жұмыс істеуі тиіс. Коммерциялық тартымдылық артса, футболға пайда табуға және бедел қалыптастыруға мүдделі бизнес келеді.
АКАДЕМИЯ АТАУЫ НӘТИЖЕ ЕМЕС
Қазақстанда клуб академиялары және танымал еуропалық брендтердің бағдарламалары көбейді. Бірақ академия саны сапалы ойыншыға кепіл емес. Жаттықтырушылардың біліктілігі, балалардың ойын тәжірибесі және кәсіби футболға өту жолы бақылануы қажет. Эрик Теңізбаевтың пікірінше, Қазақстан футбол федерациясы ортақ бағытты үйлестіріп, өңірлік федерациялар сол саясатты жергілікті жерде жүзеге асыруы керек.
– Қазір бұл жұмыс барлық жерде бірдей жүріп жатқан жоқ. Баланың дамуы оның тұрғылықты жеріне немесе белгілі бір басшының белсенділігіне тәуелді болмауы тиіс. Академиялар көбейген сайын құрама бапкерлерінің таңдауы да кеңейеді, – дейді ол.
Бірақ сан сапаға айналуы үшін балалар арасындағы тұрақты чемпионат, ашық селекция және жас футболшының ересектер құрамына өту тетігі керек. Әйтпесе академия жарнамалық маңдайша болып қалады.
64 КОМАНДА ЖОЛДЫ АША МА?
2026 жылғы турнирден кейін Әлем чемпионатын 64 құрамаға дейін ұлғайту мүмкіндігі қайта талқылана бастады. Алайда бұл әзірге қабылданған ресми шешім емес. ФИФА президенті Джанни Инфантино мұндай идея қарастырылуы мүмкін екенін айтқанымен, УЕФА мен Азия футбол конфедерациясының басшылары кеңеюге қарсылық білдірді. Ұсыныс қабылданса, турнир 128 матчқа дейін өсуі ықтимал.
– Қазақстандық ретінде құрамалар санын көбейтуді қолдаймын. Бұл бізге нақты мүмкіндік береді. Бірақ квота өсті екен деп өздігінен Әлем чемпионатына шығып кетпейміз. Оған дейін балалар футболын, инфрақұрылымды, жаттықтырушыларды, чемпионатты және коммерцияландыруды дамытуымыз керек, – дейді Э.Теңізбаев.
Сұңғат Мақсұтов та кеңейтілген формат жолды жеңілдетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен Еуропаға қосымша орын берілген күннің өзінде Қазақстан орта белдеудегі командалармен таласады. Квота мүмкіндікті арттыруы мүмкін, бірақ қазіргі деңгей жолдаманы кепілдендірмейді.
ҚАЗАҚСТАНҒА КЕРЕГІ – ЖҮЙЕ
Өзбекстан тәжірибесінің басты сабағы – тарихи нәтиже бір бапкердің немесе бір буынның кездейсоқ ерлігі емес. Инфрақұрылым, балалар футболы, ішкі бәсеке, шетелде шыңдалған ойыншылар, жеке инвестиция және федерацияның ортақ саясаты тоғысқанда ғана ұлттық құрама алға жылжиды.
Қазақстанның 2030 жылғы Әлем чемпионатына шығуға мүмкіндігі бар. Бірақ оған ұранмен емес, күн сайын атқарылатын жұмыспен жетуге болады. Балалар жаттықтырушыларының деңгейінен бастап барлық қажеттілікті қамту әлемдік бәсекеге жол ашады. Соның ішінде жас футболшылар шетелге ертерек шығуы тиіс.
Көрші ел есіктің ашық екенін дәлелдеді. Егер барлық үмітті квотаға, жеребеге және бір сәттік сенсацияға артсақ, 2030 жыл да кезекті өкінішпен аяқталуы мүмкін. Ал жүйе өзгерсе, Әлем чемпионаты орындалмас арман емес, нақты спорттық мақсатқа айналады.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





