Әрбір бастама халықтың игілігі үшін

648

0

COVID-19 пандемиясы өңірдің қалыпты тіршілігіне қаншалықты әсер етті? Әлемді әбігерге салған індеттің ықтимал екінші толқынына әзірлік қандай? Өңірді газдандыру, халықты үй-жаймен, жұмыспен қамту сынды мәселелер қалай шешілуде? Бұл сұрақтарға кеше Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жауап берді. Жалпы, мұнда Мемлекет басшысының халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалуы тұрғысында осы жылдың 9 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері сөз болды.

Коронавирусқа байланысты карантиннің жариялануы әдеттегі өмір ырғағына барынша өзгеріс енгізгені рас. Бірақ бұдан негізгі басымдыққа ие салалардағы көрсеткіш кемі­ген жоқ. Биыл 9 айда өнім өндіру кө­лемі өңдеу өнеркәсібінде – 3,5%-ке, ауыл шаруа­­шылығында 3,1%-ке артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4%-ке жоғарылады. Аумағы 485 мың шаршы метрден астам немесе былтырғыдан 0,4%-ке артық тұрғын үйлер қолданысқа берілді.

Алайда, аймаққа инвестиция тарту, мұнай өндіру көрсеткіштерінде төмендеу тенденция­сы байқалады.

– Өткен жылы бірнеше ірі жобаны іске асырдық. Жылдық инвестицияның шамамен 30%-і осылардың үлесінде. Биылғы шектеулерге байланысты жалпы экономикаға тартылған инвестиция көлемі қысқарды. Бұл құрылыс жұмысының көлеміне де әсер етті. Кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай көлемі азайып, бұдан өнеркәсіптегі өнім өндірісі кеміді, – деді облыс әкімі.

Үшінші тоқсан қорытындысы 750 мың тоннадан астам қара алтынның өндірілмегенін көрсетті. Жер қойнауын пайдаланушылар жыл соңында мұның 1 млн тоннаға баратынын болжап отыр. Геологтар енді «Шу-Сарысу» ойпатының ой-шұңқырын тереңірек зерттеуге кірісті. Еліміздің оңтүстігінен мұнай белгілерінің табылуы оны іздеудің өзектілігін айқындап берген еді.

Индустрияландыру бағдарламасы отан­дық экономиканың шикізат ресурсына тәуелділіктен арылуына, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Биыл біз оның үшінші бесжылдығына аяқ бастық. Соның аясында Сыр өңірінде құны 554 млрд теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – шамамен 7 мың жұмыс орны.

Арал ауданындағы балық өңдеу цехы – бағдарлама игіліктерінің бірі. Жыл соңында бұл тізімді осындай тағы бір зауыт пен кварц құ­мын байыту бағытындағы тау-кен комбинаты толықтырмақ. Келесі жылы 7 жоба, оның ішінде шыны зауытының құрылысы мәре­сіне жетеді. Сөйтіп, 670 жұмыс орны пайда болады.

– Ірі зауыттардың айналасына ілеспе өндіріс орындарын шоғырландыру мүмкін­діктерін қарастырып жатырмыз. Шыны зауыты бойынша 8 жобаның 3-не дайындықты бас­тап кеттік. Олар – ыдыс, айна және талшық өндірісі, – деді облыс әкімі.

Келесі жылы осындай ілеспе зауыттары бар кальцийленген сода өндірісі құрылады. Ол 669 адамның екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік бермек.

Жергілікті диқандар қырманға биыл 550 мың тонна Сыр салысын құйып, кезекті рет тәуір нәтиже көрсетті. Бірақ оның орнына суды аз керек ететін дақылдарды көбірек екпесе болмайды. Өйткені тіршілік нәрінің тапшылығы жыл өткен сайын арта түсуде. Одан бөлек, 6 су қоймасы салынып, «Қызылорда», «Әйтек» су тораптарын қайта жаңғырту, «Жиделі» су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауданындағы ирригациялық дренаж жүйесін жетілдіру жұмысы атқарылады. Егін алқабын суарудың заман талабына сай жүйелеріне ерекше мән беріліп отыр. Жаңақорғандық диқандар бастаған аквагель қолдану әдісі тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Озық технологияның көмегімен бос жатқан аумақты игеріп, мол өнім алуға болады. Өңір басшысы сондай-ақ 7 млн гектар жайылымдық жерді кәдеге жарату үшін 452 су көзі жөнделетінін айтты.

Бұл күндері Қызылордадан брендіміз саналатын күріш, балық пен тұз ғана емес, басқа өнім түрлері де сыртқа жөнелтіледі. Есепті мерзімде ауыл шаруашылығындағы экспорт көрсеткіші 12%-ке жоғарыласа, оның 98%-і – қайта өңделген өнім. Биыл бірінші рет Ресейге қызанақ пен мұздатылған көкөніс, Германияға 420 тонна қамыс жібердік. «Made in Kyzylorda» белгісінің тұтынушысы осылайша 20-ға жуықтады.

Шағын және орта бизнесті дамытудың маңызын ұғынған мемлекет пандемия жағдайында да оны қолдаудан шет қалдырған жоқ. Карантиндік шектеу кезінде 54 мың кәсіпкер салық жеңілдігіне ілінсе, 8,5 мыңнан көбі міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жарнасынан босатылды. 9 мың сауда алаңының иелері үшін 700 млн теңгеге жуық жалдау ақысын төлемеуге жағдай жасалды. 194 субъект қожайындары жыл соңына дейін мемлекет меншігін тегін пайдалана алады.

– Қызмет көрсету саласын­дағылар пандемия зардабын қатты тартты. 128 мейрам­хананың басым бөлігі жұмысын тоқтатты. Оның 10-ы өндіріс бағытына бет бұрды. Біз шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасын әзірледік. Карта шеңберінде 4600 тұрақты жұмыс орнын қамтитын 265 жобаны жүзеге асыру ұсынылды. Бүгінде 110 жоба бойынша шаралар атқарылып жатыр, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

25 мыңнан астам көпбалалы ананың 600-дейі бизнес-идея­ларын жүзеге асыру үшін «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант иеленді. Ерлер жейде­сін шығарушы «DalaTex» серік­тестігінде 123 әйел тігін ісінің қыр-сырын үйренуде. Құрал-жабдық алу үшін оларға 555 мың теңгеден грант беру көзделіп отыр. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, компаниямен келісім жасасу арқылы ісмер келіншектер үйде кәсібін дөңгелете алады.

Халықты жұмыспен қам­тудың жол картасындағы 277 инфрақұрылымдық жоба 9,5 мың адамның еңбекпен қамтылуына сеп. Жалпы, жыл басынан бері 19 мыңға жуық жұмыс орны құрылса, оның 14 мыңы тұрақты. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9%.

Облыс әкімі осы орайда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру қай кездегідей маңызды рольге ие екенін жеткізді. Биыл салынып жатқан 98 (1946 пәтер) үйдің 74-інде (969 пәтер) жыл соңына дейін қоныс тойы өтеді. Байқоңырдағы қазақстандықтарға арнап баспана тұрғызу жұмысы жалғасуда. Жұлдызды қалашықта 1300-ден астам отандасымыз тіршілік кешуде. Алдағы жылы олар үшін 50 пәтерлі 5 үй құрылысы жүргізіледі. Игі іс 30 жылдан бері бірінші рет былтыр басталған болатын.

Халқының саны 50 мың шамалас 5 елді мекенге, оның ішінде 3 аудан орталығына көгілдір отын жеткізу – 2021 жылдың еншісінде. Сол кезде газ тұтыну көрсеткіші 63%-тен 70%-ке көтеріледі. Стра­тегиялық маңызы бар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының өңір үстінен өтуі сәтті қадам болғаны рас. Биыл маусым айында ғана Арал қаласынан кейін осы ауданның Жақсықылыш кентіне табиғи отын тартылған еді.

Су құбыры мен кәріз жүйесін жаңарту 101 мыңдай тұрғынның таза су тұтынуына мүмкіндік ашады. Ал облыс орталығындағы ұзындығы 15 шақырым жылу трассасын жөндеу ескірген жылу желісінің есебін азайтты.

Сарапшылар болжаған коро­на­вирустың келесі толқы­нына қатысты қам-қарекет жасалып жатыр. Қажет болған жайдайда 21 инфекциялық стацио­нарда 3200 орын дайын­дауға мүмкіндік бар. Үй жағ­дайында амбулаториялық қызмет көрсететін 138 меди­циналық мобильді, сани­тар­лық-эпидемиологиялық талап­тардың сақталуын бақылайтын 24 мониторингтік топ жұмыс істейді. 3600 медицина қыз­мет­­керінен кадр резерві жасақталды.

– Өкпені жасанды желдету аппаратының санын 244-ке жеткіздік. 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры дайын. Дәрілік зат алу үшін тұрақтандыру қоры арқылы 488 млн теңге қаржы бөлінді. 200 орынға лайықталған жаңа модульді инфекциялық аурухана құрылысы аяқталады. Облыстық көп­бейінді ауруханада оттегі стан­­циясы салынды. Қазалы ау­дан­­­аралық ауруханасында да осын­­дай станция құрылысы аяқ­талу­ға жақын, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі 2024 жылға дейін 62 алғашқы медициналық-санитарлық көмек, жыл соңына қарай 12 спорт нысаны бой көте­ретінін жеткізді. Апатты жағ­дайдағы 3 мектептің бірінің құрылысы тәмам, тағы бірін­де жұмыс жалғасып жатыр. Құры­лысшылар келесі жылы үшіншісін салуға кіріспек.

2020 жылдың «Волонтер жылы» деп жариялануы қайы­рымдылық іске тыңнан түрен салды. Еріктілер пандемия кезінде күндіз-түні дәрі­герлермен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп, індетке қарсы күресте күш біріктірді.

– Қайырымды жандардың ортақ іске жан-жақты қолдау біл­діруінің арқасында әлеу­меттік тұрғыдан аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасыларға арнап 11 баспана салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 42,5 мың теңге көлемінде 536 мыңнан астам әлеуметтік төлем жүргізілді. «Birgemiz Qyzylorda» қоры арқылы 24 мың­нан астам отбасыға 50 мың теңге шамасында көмек көрсетілді, – деді облыс әкімі.

Онлайн режиміндегі баспа­сөз конференциясында облыс әкімі өзге де салалар бойынша басты нәтижелер мен алдағы жоспарлар жайын сөз етті. Мұнан әрі республикалық және жергілікті ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы»

Сұрақ-жауап

Ания Байораз, модератор: – Гүлшара Наушақызы, сіз тарихта қалатын тұңғыш әйел әкімсіз. Осы ретте қояр сұрағым әйел заты бола тұра бір облысты басқару қиын емес пе және аймақтағы қандай өзекті мәселелерді шешуді қолға алдыңыз?

– Біз – мемлекеттік қызметкерміз. Кез келген адам белгілі бір саланың қандай да бір мектебінен өтсе, оны басқара алады деп есептеймін. Мемлекет басшысы сенім білдіріп, өзімнің туған жерім – Қызылорданың дамуына қызмет етуге жіберді. Егер өзімізге берілген жүкті ауырсынсақ, онда кез келген жұмысқа жауапсыздықпен қарауымыз анық. Мұның бәрі оның кәсіби деңгейіне байланысты.

Мен төтенше жағдай кезінде өңірді басқаруға келдім. Сондықтан, мұның қандай үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Бір жағынан, бұл – туған жерім. Сыр елінде ел басқарған азаматтардың көбіcін білемін. 90-жылдары осы өңірде еңбек жолымды бастадым. Туған жеріңнің топырағы да ыстық дейді ғой. Сондықтан, жерлестерімнің қолдау көрсетуі дем береді.

Аймақтағы маңызды мәселелерді шешуде ең алдымен, тұрғындардың ден­сау­лығы, коронавирустың таралуына жол бермеу шараларының тиімділігі, пан­демияға қарсы тұру үшін тұрғындарды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету сынды маңызды мәселелерді шешуге тырыстық. 

Әрине, экономикалық ахуалды жақсартуды қолға алдық. Қазіргі кезде, әсіресе, бизнеске оңай болмай тұрғаны белгілі. Осы себепті біз 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарын әзірледік, оның шеңберінде бизнеске 4600-ден астам тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін құны 271 млрд теңге болатын 265 жобаны іске асыруды жолға қойдық. Жалпы сомасы 26 млрд теңгеге 2 мың жұмыс орнын  ашуға ниеттіміз. Оның 110-ын іске асыру биыл басталды, оның ішінде 63-і нақты іске асырылды.

Өңірдің ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану, азық-түлікпен, бірінші қажеттіліктегі тауарлармен өзін-өзі қамтамасыз етуді басты жоспар ретінде алдық. Жаңа жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарымызды жұмыспен қамту міндеті тұр.

Баяндамамда айтып өткенімдей, мұнай өндірісінің төмендеуі және экономикадағы инвестициялар көлемінің азаюына жол бермес үшін инвестиция тарту жұмыстарына ерекше мән берудеміз. Келесі жылы экономикаға шамамен 600 млрд теңге тартуды көздеп отырмыз.

– Қызылорданың аграрлық аймақ екенін білеміз. Өзіндік брендтеріңіз бар. Дегенмен де, күріш, балық және тұздан бөлек қандай жаңа өнім өндіре аласыздар?

– Дұрыс айтасыз. Аграрлық сала – облыс экономикасының негізгі драйвері. Сондықтан біз брендтеріміздің қатарын көбейтуге жұмыс жасаудамыз. Өзіңіз айтқан күріш, балық, тұзбен қатар, бақша дақылдарына да сұраныс үлкен. Экономиканы әртараптандыру арқылы өңірде жаңа өнім өндіріліп, экспортқа шығатын тауарлар көбейді. Биыл алғаш рет Ресейге мұздатылған көкөніс пен жаңа піскен қызанақ жеткізуді бастадық. Ал, Германияға 420 тонна қамыс жібердік. Жалпы, әлемнің 17 еліне аймағымыздан ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталып отыр.

Аймақта өндірілетін ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің санын арттыру мақса­тында шағын өндіріс орындары ашылуда. Мәселен, биылдан бастап Сыр елінде 5 түрлі макарон өндіріліп, бұқтырылған қой, сиыр және жылқы етінен консерві дайындайтын жаңа цех іске қосылды.

Мұнан бөлек, өңірде кальцийленген сода өндіретін зауыт, жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабрика, ет комбинаты, ас тұзын шығаратын испан цехы, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру зауыты, 1200 басқа арналған ірі қара малын өсіру және сүт өңдеу кешені салынады. Сондай-ақ, келер жылдан бастап жылына 10-15 мың тонна қызанақ пастасын өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, жоңышқаны қайта өсіріп шетелге экспорттайтын зауыт жобасы қолға алынбақ.

Дарын Сағитов,  «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы: – Бұл сұрақ біраздан бері журналистер тарапынан қойылып та жүр. Шыны зауыты ашылады дегелі біраз жыл өтті. Зауыт нақты қашан іске қосылады?

– Бүгінде шыны зауытының құрылысы 70 процентке аяқталды. Екі ғана мәселе қалып тұр. Балқыту ваннасы мен күйдіру пеші. Қазір шетелдік мамандармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біздің тарапымыздан зауыттың инфрақұрылым мәселелері реттелуде. Қалған 30 процент жұмысын мамандар кезең-кезеңімен аяқтайды. Пандемияға байланысты құрал-жабдықтар алуда бірқатар мәселелер болғандықтан кешігуде. Зауытты 2021 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Шыны зауытын іске қосу арқылы қосымша 8 ілеспе зауыт салынатын болады. Бүгінгі күні 3 зауыттың жобасы, яғни шыны пластикалық құбырлар, шыны талшығы, айна, шыны ыдыстары зауытының бизнес жоспарлары нақты­ланды. Біз шыны өндірісіне экономикалық талдау жүргіздік. Елімізге жылына бағасы бір миллион доллар тұратын шыны сырттан келеді екен. Егер өз зауытымызды өндіріске енгізетін болсақ, сол қаражат өзімізде қалады, одан басқа, сыртқы экспорттан тағы да табыс түсіре аламыз.

Дулат Абибуллаев, «Қазақ радиосы»: – Әлеуметтік желіде «Жаңа­қорған ауданындағы жаңа мектепті салу үшін 2,5 млрд теңге қаржы бөлін­ген» деген ақпарат бар. Бір мектепті салуға осыншама қаржы көп емес пе?

– Сұрағыңыз орынды. Қазір облыста апатты мектептер мәселесі толығымен дерлік шешілді. Сіз айтып отырған Жаңақорған ауданындағы 600 орындық бұл білім ошағы апатты деп танылған ескі мектептің орнына салынып жатыр. Жаңа нысанның жобалық-сметалық құны 2,5 млрд теңгеге бекітілген. Әкім ретінде қызметіме кіріскеннен кейін бұл мәселені назарыма алып, мектеп құрылысын көріп, бюджетін қайта қарауға тапсырма бердім.

Әлбетте, құрылысты салу барысында бірқатар ерекшеліктерге мән беру қажет болған. Себебі алғашқы таңдалған жер учас­кесі темір жолдың арғы бетінде ор­на­ласқандықтан, балалардың мектепке қа­­тынауына тиімсіз. Оның үстіне инфра­құ­рылым тартылмаған. Оқушы­лардың 90 про­центке жуығы қоныстанған жаңа жер учаскесі тиімді деп есептеліп, мектеп құ­рылысына осы жер учаскесі таңдап алынған.

Біз жобаны оңтайландыру арқылы құрылыстың жалпы құнын төмендеттік, яғни, жаңа білім нысаны аймағында спорт алаңының болуына байланысты жобада қарастырылған сыртқы спорт алаңдары қысқартылды. Нәтижесінде, 600 млн теңгеге дейін үнемделіп, құрылыстың жалпы құны 1,91 млрд теңгені құрады. Бүгінгі күні мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде, келер жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Енді бұл мектептің құрылысынан үнемделген қар­жыға дәл осы Жаңақорған ауданындағы 300 орындық жаңа мектептің құрылысына бағытталды. Бұл мәселе тікелей бақылауымда.

– Бізге жеткен ақпараттан белгілі, Қызылорда облысына әлі 130 дәрігер маман қажет екен. Кадр тапшылығын реттеуде қандай бастамаларыңыз бар?

– Медицина саласындағы кадр жетіс­пеушілігі – расында үлкен мәселе. Оны өткен көктем-жаз мезгіліндегі ко­рона­вирус індеті күшейген кезде анық байқадық. Өңірімізде халыққа 2423 дәрігер, 9528 орта буын маман ме­дициналық көмек көрсетеді. Биыл медицина ұйымдарына 90 жас маман жұмысқа қабылданып, 43,3 проценті елді мекендерге жолданды. Дәрігерлердің пәтер мәселесін шешу мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бір ғана Байқоңыр қаласында   12 дәрігер баспанамен қамтамасыз етілді.

Мұнан бөлек, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде 100 жалпы тәжірибелік дәрігер арнайы грант арқылы даярлануда. Олар оқуын аяқтаған соң, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарын аймақтық  дәрігерлермен толық қамтуға мүмкіндік беретін болады.

Медицина қызметкерлерін жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша әлеу­меттік қорғау шараларымен қамту мақсатында  өңірімізге аса қажетті мамандықтар бойынша 20 дәрігерге 500 АЕК мөлшерінде көтерме ақы тағайын­дауға 26,5 млн теңге қаржы қарастырдық.

Ғалымжан Өтемісов, «Астана» телеарнасы: – Жақында «Қайсар» футбол клубынан шу шықты. Бас бапкер ойыншыларға қазақ тілінде сөйлесуге тыйым салыпты. Осы мәселе командада легионерлердің көптігінен деп ойламайсыз ба?

– «Қайсар» футбол клубының бас бапкері Стойчо Младеновтың тіл мәселесіне байланысты әрекеті қоғамда резонанс тудырғаны рас. Мәселе «Қайсар» мен «Каспий» кездесуінен кейін туындаған. Команда құрамында өзге ұлт өкілдері болғандықтан, бас бапкер ойынды ортақ тілде талқылауды сұраған. Қазіргі таңда командадағы ахуал тұрақты. Күні ертең «Дала қасқырлары» елордалық «Астана» командасымен кездеседі. Жаттығу жұмыстары бас бапкермен ынтымақтастықта жүруде. Сыр командасына жеңіс тілеймін.

Команданың қалыптасуына алғашқы кезеңінде легионерлер қажет, бірақ олардың қатарын көбейтпей, тек жас спортшыларды тәрбиелеуге және білікті спорт мамандарын даярлауға ғана тартуымыз керек.

Кирилл Денисов, «Кызылординские вести» газеті: – Өткен жылы 2020 жылдан бастап облыс тұрғындары үшін газ тарифі төмендейтіні айтылды. Алайда, бүгінгі таңда тариф өзгеріссіз. Осы мәселеге қандай пікір білдіресіз?

–  Орынды сұрақ. 2019 жылы Табиғи монополияларды реттеу комитеті тасымалдау тарифін 35 процентке төмендетті. Алайда, «ҚазТрансГаз Аймақ» комитет шешіміне келіспеуіне байланысты сот органдарына бекітілген тарифтің күшін жою туралы талап арыз берді. Бүгінде бекітілген тарифті жою және қайта қарау мәселесі қаралуда. 2021 жылдың басына дейін төмендетілген тарифтің енгізілуін күтеміз. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда.

Диана Құлмағанбетова, «informburo.kz»: – Өз баяндамаңызда өкпені жасан­ды желдету аппараты туралы айтып өттіңіз. Түркиядан жеткізілген құрыл­ғылар туралы білгім келеді. Сіздің өңірге қанша аппарат жеткізілді және қаншасы ауылдық жерлерге жіберілді?

–  Пандемия басталғалы бері гумани­тарлық көмек аясында облыстың медици­налық ұйымдарына көрші елдерден 52 ӨЖЖ аппараты келді. Ресейден  – 21, Қытай Халық Республикасынан – 12, Германиядан – 10. Ал, Түркия Республикасынан 9 аппарат жетті. Қазір оның 4-еуі Жаңақорған, Қармақшы елді мекендерінде қолданыста.

Азамат Тілепов, «Шалқар» радиосы: – Сіздің аймақта коронавирус індетін жұқтырған азаматтарды емдеу мәселесі қалай жүргізіліп жатыр? Пандемияның болуы мүмкін екінші толқынына қаншалықты дайынсыздар, төсек-орын жеткілікті ме?

– Аймағымыздағы эпидемологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, екінші толқынға дайындық күшейтілген. Бірінші кезекте дәрі-дәрмектің екі айлық қорын жасақтап қойдық. Мұнан бөлек, тұрақтандыру қоры арқылы берілетін дәрілік заттарды алуға 488 млн теңге қаржы бөлінді. Індетпен күресте ең қажетті өкпені жасанды желдету аппаратын 244-ке жеткіздік. Онан бөлек аймақта 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Қажетілігіне қарай 21 инфекциялық стационарда 3200 төсек-орын дайындауға мүмкіндігіміз бар.

Жақында 200 төсектік жаңа модуль­дік инфекциялық аурухананың құры­лысы аяқталады. Сонымен бірге демеу­шілер есебінен облыстық көпбейінді ауруха­насында оттегі станциясы іске қосылса, Қазалы ауданында жуырда қосылмақ.

Сақтық шараларын түсіндіру, талап­қа бағынбағандарға шара көру үшін арнайы құрылған 24 мониторингтік топ жұмыс жасауда. Жақында жедел жәрдем көліктерін жаңарттық, 2017-2019 жылдары республикалық және жергілікті бюджет есебінен 37 автокөлікке ие болсақ,  лизинг арқылы толығымен жабдықталған 40 дана жедел жәрдем реанимобилі мен 2 жылжымалы медициналық кешен, қосымша демеушілер есебінен 2 Ларгус көлігі жеткізіліп отыр.

Нұршапағат  Несіпбаев, «Хабар 24» телеарнасы: – Өңірде пәтер кезегінде тұрған халыққа тұрғын үйлерді пәтерлеп емес, тұтас ықшам аудан ретінде тарту ету бастамасы бар. Жеке тұрғын үй салушыларға жер телімін беру мәселесін қалай шешілуде?

– Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдері заңға сәйкес инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бүгінде облыс көлемінде 99 мыңнан астам азамат кезекте тұр, оның 60 мыңнан астамы Қызылорда қаласының үлесінде. Бұл мәселені шешу үшін соңғы төрт жылда облыс аумағында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тартуға бюджет есебінен 27,2 млрд теңге бөлініп, 16 мыңға жуық жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз еттік. Бұл жер телімдері заңдылықтарға сәйкес кезекте тұрған адамдарға үлестірілуде. Биыл 1348 жер телімі табысталды.

Айта кету қажет, заңға сәйкес тұрғын үй салуға берілген жер учаскесі 3 жыл мерзімде игерілмеген жағдайда  оны мемлекетке қайтарып, кезекке сәйкес келесі адамға табыстау бағытында жұмыстар жүргіземіз.

Юлия Волкова, «Еуразия» арнасы: –  Қызылорданың жаңа әуежайының құрылысы туралы көп жылдан бері айтылып келеді. Осы ретте қандай жұмыстар атқарылуда?

 – «Қорқыт ата» әуежайы аптасына 31 рейске қызмет көрсетеді. Басында бұл жобаны инвесторлар қаржыландыратын болып жоспарланған. Кейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік желісі бойынша алға жылжытуға шешім қабылданған. Бірақ, мәселе сол күйі қалған. Сондықтан біз жергілікті бюждеттен қаржы бөліп, қазіргі терминалды кеңейту, қайта жаңғырту арқылы бұл жобаны жүзеге асыруға шешім қабылдадық. Қазір жоба-сметалық құжаттар дайындалуда, 2021 жылы құрылыс басталады деп отырмыз.  

Алина Параджан, «Хабар» агент­тігі: – Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу, яғни САРАТС-2 жо­басының барысы туралы айтып берсеңіз…

– Мемлекет басшысының тапсырмасына орай САРАТС жобасының 2-кезеңі Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру мен дамытудың жаңа өңірлік жобасы аясында жүзеге асырылады. Алдын ала есептеулер бойынша құны 190 млн АҚШ долларын құрайтын жобаны Дүниежүзілік банк қаржыландырады.  Бүгінде банк техника-экономикалық негіздеме әзірлеуге 1,5 млн АҚШ доллары көлемінде грант бөлді.

Экология, геология және табиғи ре­сур­с­тар министрлігі осындай жобаларға маманданған халықаралық компаниялар­ды таңдауда. Өз тарапымыздан жобаның тез жүзеге асуына атсалысамыз. Істің басы басталды деп айтуға болады. 

– Биыл «Қызылорда – Жезқазған» жолын жаңғырту жоспарланған еді. Жобаның орындалуы қазіргі уақытта қай сатысында? Аймақта ақылы автожолдар қашан пайда болады?

– Бұл – бірнеше жылдан бері шешімі табылмай келе жатқан Қызылорда облысы үшін күрделі мәселелердің бірі. Оның шешімі «Нұрлы жол 2020-2025» бағдарламасында қарастырылған. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасаған жоба-сметалық құжаттың мемлекеттік сараптама қорытындысын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жолды жөндеу жұмыстары алдағы 2021 жылға жоспарланған. 427 шақырым жол ІІ техникалық кате­гориясымен қалпына келтіріледі. Бұл автомобиль жолы Нұр-Сұлтан қаласымен аралықты 1000 шақырымға қысқартып, Өзбекстанға, Ресейдің өндірістік аймақ­тарына жүк жеткізуді жеңілдетеді.

Ақылы жол жайлы айтсақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі бойында ақы төлеу жүйесін орналас­тырудың жоба-сметалық құжаттары дайын­далды. Қазір 13 стационарлық бақылау пунктінің 4-і (шлагбаумсыз аркалар) орнатылды. Басқа да инфра­құрылымдарды жоспарлау жұмыстары аяқталды. Жыл соңына дейін барлық стационарлық пукнттегі монтаж жұмыс­тарын бітіру жоспарланған.

Ержан Қожас, облыстық «Сыр бойы» газеті: – Былтыр шет елге түйе экспорттауды қолға алдыңыздар. Бұл бастама тоқтап қалыпты. Не себепті? Жалпы, түйе шаруашылығын дамытуға бағытталған қандай жобаларыңыз бар?

– Бүгінде облыста 53 мыңнан астам түйе малы бар, оның 3,2 мың басы – асыл тұқымды түйелер. Иә, соңғы үш жылда Біріккен Араб Әмірліктеріне, Өзбекстанға және Сауд Арабиясына 1,1 млн АҚШ долларға бағаланған, барлығы 578 бас түйе экспорттаған болатынбыз. Алайда, карантиндік шектеулерге байланысты биыл шетелге малды экспорттау уақытша тоқтатылып тұр.

Сондай-ақ, алдағы уақытта өңделген түйе өнімдерін экспорттау үшін Арал ауданында жылына 130 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт салу жобасы іске асырылуда. Ол жобаның құны 1,5 млрд теңге. Одан бөлек, Қызылорда қаласында жобалық құны 100 млн теңге болатын түйе жүнін өңдеу және төсеніш көрпе өндіру цехын ашу қолға алынуда.

Бек Төлеуов, BAQ.KZ: – Келесі жылы «Қайсар» футбол клубының бюд­жеті қалай болады, қашан бекі­тіледі, алдағы жоспарлар қандай болмақ?

– Жыл басында «Қайсар» футбол клубының бюджеті 4 млрд теңгені құ­рады. Алайда әлемдік ахуалға байла­нысты команданың қаржылық жағдайы оңтайланып, 34 процентке, яғни 1 млрд 362 млн теңгеге қысқарып, бүгінде ел біріншілігінде бақ сынауда. Пандемия кезінде өзіңізге де белгілі, спорт сайыстары уақытша тоқтатылды. Тамыз айында футбол біріншілігі қайта жалғасты. Командадағы футболшылардың келісім-шарты 15 қарашада аяқталды. Дегенмен, команданың негізгі құрамдағы ойыншылары еліміздегі ең төмен жалақы мөлшерімен біріншілікті аяқтауға келісті.

Келер жылы «Қайсар» футбол клубының негізгі фронты отандық футболшылардан құралады. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, кәсіпқой спорт клубтарынының бюджеті оңтайландырылады. Алдағы жылы клубтың бюджеті 1 млрд 600 млн теңгені құрайды деп жоспарлануда.

Мөлдір Құлмырзаева, «Qyzylorda» телеарнасы: – Теміржолды жағалап, білім алуға мәжбүр болған Арал ауданындағы мектеп оқушыларының мәселесіне Президенттің өзі тікелей араласып, тапсырма бергенін білеміз. Мәселе шешімін тапты ма?

 – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес бұл мәселенің уақытылы шешілуі үшін тиісті жұмыстар іске асуда. Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі теміржол бойынан мектепке қатынап оқитын балаларға жаңа 300 орындық мектеп ғимаратын салудамыз.

Жоба «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» шеңберінде іске асырылуда. Бұл мақсатта 864 млн теңге қаржы бөлінді. Жаңа ғимаратты мердігер компания жыл соңына тапсыруға уәде беріп отыр.

Мектеп салу мәселесін біз кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Өңірде соңғы жылдары демографиялық өсім жоғары болғандықтан, жаңа шағын аудандар бой көтеріп, оқушылардың саны да артуда. Аймақта биыл 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның біреуі – Қызылорда қаласындағы 600 орындық Жаппасбай батыр көшесіндегі жаңа мектеп. Жаңа мектептер салуда Сыр елінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жеке мектептердің үлесі ерекше. Биыл Қызылорда қаласында 500 және 300 орындық 2 жеке мектептің құрылысы жүргізілуде.

Жанар Сердалина, «Bestnews.kz» ақпарат агенттігі: – Сіз елімізде  облыс әкімі болған тұңғыш әйелсіз. Қара­мағыңыздағы 5 орынбасарыңыз да ер кісілер екен…

– Өзіңіз айтып өткендей, орынба­сарларымның бәрі ер кісілер. Меніңше, ол ер кісі не әйел болсын, ең алдымен қызметкерлердің еңбегін бағалау керек. Орынбасарларымның барлығы  – тәжіри­белі  кәсіби мамандар. Баршаға белгілі, мен бұған дейін Мемлекеттік хатшы қызметін атқардым. Ер азаматтармен әріптес болғанмын, тәжірибем бар. Уақытылы әрі сапалы атқарылған жұмыстың бәрі лайықты бағаланады. Сондықтан мен үшін алға қойған міндеттердің сапалы орындалуы маңызды.

– Қызылорда қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданының тұр­ғындары жарық­тандыру мәселесі мен қоғамдық көлікке қатысты арыз-шағымдарын айтуда. Сонымен бірге тұрғындар шағалдардың көптігінен қорқатындарын айтуда. Шағын ау­данның мәселелеріне қанықсыз ба, онда болдыңыз ба?  Тұрғындар арыз-шағымы бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Мен бұл мәселелерді жақсы білемін. Әкім болып тағайындалған сәттен бастап бірнеше рет бардым. Шағын ауданға жүргізілген инфрақұрылыммен таныстым. 2016 жылдан бері «Бәйтерек»  шағын ауданынан шамамен 6000 шаршы метр жер берілді. Бүгінде мұнда 1500-ге жуық үй салынған. Тұрғындарды ауызсумен, электр жарығымен, табиғи газбен қамту мәселесі шешілген. Биыл тамыз айында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Қазіргі кезде 7 шақырымды құрайтын орталық көшені асфальттау үшін жоба-сметалық құжат дайындалуда. Жол жөндеу жұмысы біткен соң қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілетін болады және жарықтандыру жұмысы да қолға алынады. Ал дәл қазіргі уақытта «Бәйтерек» шағын ауданына күнделікті автобус қатынайды. Сонымен бірге  Орман және аң шаруашылығы инспекциясы мобильді топ құрып, жабайы аңдарды аулаумен айналысады.

Кристина Алмасқызы, «Qyzylorda» телеарнасы: – Облыста азаматтық қоғам өкілдері қаншалықты белсенді? Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп қандай жұмыстар атқарылуда?

–  Шынында да, үкіметтік емес ұйым­дар – елдің күшін арттыратын және мемлекеттің тұрақтылығын арттыратын маңызды қоғамдық институт. Қазір  облыста тіркелген ҮЕҰ саны – 1000. Бүгінгі таңда 454 үкіметтік емес ұйым өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне белсене қатысуда. Мемлекет пен өңірдің үкіметтік емес ұйымдары арасындағы алтын көпірге айналған, ҮЕҰ-ға жан-жақты көмек көрсететін Азаматтық альянс қауымдастығының жұмысы жандандырылды. Қазір олардың жұмысы жаңа бағытта жүргізілуде. Қауымдастық «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдар Альянсы Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі болып қайта құрылды. 22 қазанда облыстық ішкі саясат басқармасы «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдар Альянсы Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірге «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін» өткізгенін айтқым келеді. Онда 201 млн 159 мың теңгеге 28 жоба ұсынылды. Облыс бойынша өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 1 млрд 223 млн теңге сомасына 165 ҮЕҰ әлеуметтік жоба іске асырылды, биыл 1 млрд 296 млн теңге сомасына 154 әлеуметтік жоба іске асырылады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жобалар негізінен ұлтаралық қатынасты реттеуге және ұлттық саясатты іске асыруға, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға, жастар және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыруға, азаматтық бастамаларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірқатар әлеуметтік жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қысқартылып, облыс экономикасын қалпына келтіруге бағытталады.

Шарипа Сақтапова, «Атамекен-бизнес»: – «Көкарал» бөгетіне сызат түсіп, әжептәуір ақау пайда болған. «Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының  екінші кезеңі бойынша күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып еді, бірақ әлі басталған жоқ. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Арал теңізін екіге бөліп тұрған «Көкарал» бөгеті 2005 жылы «Сырдария арнасын қалпына келтіру және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының бірінші кезенін жүзеге асыру аясында салынған. 2017 жылы гидротехникалық құрылғылардың жағдайын зерттеу комиссиясы ақауды анықтады. Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев  2019 жылы Сыр еліне келген сапарында Үкіметке арнайы тапсырма берген болатын. Жоба келесі жылдан бастап «Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-эко­номикалық дамуының кешенді жос­пары» аясында қолға алынатын болады.

Сәуле Айтмаханқызы: «Facebook» әлеуметтік желісінен: – Гүлшара Наушақызы, жұмыссыз үйінде отырған көпбалалы аналарды бейімдеу мәселесін қалай шешіп келесіздер?

– Негізінен, зерттеулер қорытын­дысына сәйкес Қызылорда облысы отбасы коэффициенті бойынша аймақтар ішінде ең бірінші орында тұр, яғни, бір отбасына 5 адамнан келеді. Бұл – ең жоғарғы көрсеткіш. Баяндамамда айтып өткендей, облысымызда 25644 көпбалалы ана бар.

Біз қазір көпбалалы аналардың мәселесін шешу үшін «Бақытты отбасы» деген арнайы орталық аштық. Алдымен әрбір ананың қажеттілігіне зерттеу жүргізіп, көмекті ұйымдастырып келеміз. Тек жәрдемақы берумен ғана емес, көпбалалы аналарды жұмысқа тұрғызу, олардың балаларына жағдай жасау, қажет болса, психологиялық көмек беріп, жан-жақты жұмысты үйлестіріп келеміз.

Мәселен, жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнес идеяларымен келген тұрмысы төмен және көпбалалы отбасындағы 1229 азамат қайтарымсыз мемлекеттік грант, 287 азамат шағын несие алды. Одан бөлек, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 150 балаға облыс әкімінің грантын тағайындадық.

Сонымен қатар, әйел азаматтарды, аналарды 4 сағаттық толық емес, икемді жұмыс күні мүмкіндігімен жұмысқа орна­лас­тыру немесе оларға үйде отырып ісін ашуға жәрдемдесу мәселелері қарастырылуда.

Әлеуметтік әлсіз топтағы және көп­балалы отбасылардың тұрмыс жағ­дайын жақ­сартуға арналған 3 жылға жос­пар­ланған өңірлік Әлеуметтік жол кар­тасын қабылдадық. Басым бағыт – бас­панамен қамту. Жыл соңына дейін 431 көпбалалы отбасына баспана береміз. Сонымен бірге жеке шаруашылық және кәсіпорындар есебінен аз қамтылған көп­балалы 13 отбасы тұрғын үймен қамтылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<