Ана рухына тағзым

226

0

Түн ұйқысын төрт бөліп, бар тапқанын сәбиінің аузына тосқан мейірімі шексіз ана! Жер бетін, тіршілік атаулыны жылытып тұрған сенің аялы алақаның, кең құшағың, жан шуағың, жылы лебің ғой!  Аяулы ана Ақжібек Мешітбаеваның жарқын жүзін көрмегелі, алақанының ыстық лебін сезінбегелі, «жандарым-ау!» деген жылы сөзін перзенттері естімегелі 30 жыл өте шығыпты. Өмір осылай! Ешкімге, ешнәрсеге бағынбайтын өз заңымен жүреді.

Бұл күндері өздері ата-ана болып, еркелеген немерелерінің ортасында жүрсе де, перзент жүрегінің анаға деген сағынышы еш ескірмейтіні ақи­қат. Бейнесі жүректе мәңгі сақ­талып, мейірім төккен келбеті сол баяғы қалпында көз алдында тұра береді.

Дүниеден озғанына 16 мамырда 30 жыл толатын Ақжібек Мешітбаева 1938 жылы Жалағаш ауданының «Ақ­құм» ауылында дүниеге келді. Сол жерде Шымбөгет орта мектебін бі­­тірді. Кейін жүрек қалауымен Зі­кірия Тоқтамысов деген азаматқа тұр­мысқа шықты. Отау құрған екі жас қол ұстасып, «Шаған» ауылына келіп тұ­рады. Отбасылық өмір бас­талып, сол жерде бірінен кейін бірі Гүлсім, Галина, Балтабай атты балалар дүниеге келіп, шаңырақ шаттыққа бөленді. Алдағы күннен күткен үміті көп, бақытты отбасы болып, қол ұстасып қатар жүріп, балаларының қызығын, өмірдің жақсылықтарын бірге кө­ре­міз деген асыл армандары бар еді. Амал не?! Тағдырдың талқысына тап боламыз деген ой болмаған…

Отағасы Зікірия науқасқа шалды­ғып, үш баланың өсіп-өнгенін көр­мес­тен, мезгілсіз ерте көз жұмды. Ақжібек апа 24 жаста ғана еді, үш баласын бауырына қысып, же­сір қалды. Жас әйел иығына түскен ауыр жүкке амалсыз көндікті, алдағы өмірін, ба­лаларының болашағын ойлап, жаны жапа шекті.

Ол кезде анасы Алтын Аязбай­қызы әже «Аққұмда» тұратын еді. «Сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» дейтін ана емес пе, қызының қиын жағдайын көріп, жүрегі ауырып, жаны жай таппаған анасы шешім қабылдап, үш баласымен «Аққұмға» көшіріп әкелді. Балалар нағашы әжесінің қамқорлығында болды. Дегенмен оларды өсіріп, жет­кізу өзінің аналық міндеті екенін бар болмысымен түйсінген Ақжібек апа белін бекем буып, алдағы күнге үміт артып, тіршілік ету қамына кірісті.

«Аққұм» ауылына келгеннен ке­йін әуелі бухгалтерлік курс оқиды, одан кейін ауыл дүкенінде сатушы болды. Көп жылдан кейін ауылдық кеңестің есепшісі қызметіне ауысты. Сырттай оқып, жоғары білім алды. 1965 жылдан Көкжиде ауылдық ке­ңесі атқару комитетінің хатшысы болып сайланды. Осы қызметті үзбей 1993 жылы зейнетке шыққанша ат­қарды. Табиғатынан қоғамшыл, іс­кер, жігерлі қасиеттерімен ел құрме­тіне бөленіп, ауылдық кеңестің алуан түрлі қызметтерін абыроймен ат­қарды. 1967-1982 жылдар «Аққұм» кең­шарының жаңа орталығының құ­ры­лысын салу кезеңі болатын. Ауыл­дық кеңес атынан құрылыс ны­сандарының сапалы салынуын қадағалап, елді мекенді көркейтіп көгалдандыруға ерекше көңіл бөлді. Халықтың тұрмыстық-әлеуметтік салаларында нәтижелі еңбек етті.

Ақжібек Мешітбаева 1966-1990 жылдар арасында үзіліссіз ауыл­дық кеңестің депутаты болып сай­ланып, бірнеше рет аудандық, облыстық кеңес атқару комитеттерінің мақтау гра­моталарымен, 1970 жылы Ленин­нің 100 жылдық медалімен мара­пат­­талған. Осылай «Аққұм» кеңша­рындағы басшылардың бірі ретінде ер-азаматтарымен бірдей тең дәре­жеде еңбек етіп, елге сыйлы, көпке қадірлі болды.

Еңбек жолы осылайша өрілді, балаларды жеткізу қанша қиын болса да, езіліп, егілмеді, перзенттерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қазақтың қай­сар анасы болды. Ер-азаматтан кем түспей, түздің де, үйдің де жұмысын қатар алып жүрді, балаларын тәр­биеледі, жеткізді, оқытты, жоғары білім алып, мамандық иесі атануы­на қолдан келгенін жасап, көмек көр­сетті. Жалындап тұрған жастық шағында сүйікті жары Зікіриядан айырылып, қалған өмірін жарына деген, оның рухына деген адалдығын сақтай отырып, тағдырын ешкіммен қосақтамай бү­кіл өмірін ұрпағының келешегіне ар­нап, жан­кештілік өмір сүру Ана деген биік атқа лайық қайсар рухты, мейірімге толы, кең жүректі Ақжібектей ананың ғана қолынан келеді. Елі ардақтап «Ақ­құмның Ақ­жі­бегі» деген атқа ла­йықты құрметке бөленді.

Зікірия аға мен Ақжібек апаның балалары Гүлсім, Галина, Балтабай «Аққұмда» №38 Шымбөгет орта мек­­тебінде оқыды. Гүлсім 1975 жы­лы мектепті бітіргеннен кейін Ал­ма­­тыдағы Абай атындағы Қазақ пе­даго­гикалық институтының жара­тылыстану факультетіне география мамандығына түсті. Ал Галина 6-клас­ты ауылдан бітіргеннен кейін, сол кез­дегі конкурстық жүйемен Жәу­тіков атындағы республикалық фи­зика-ма­тематика мектебіне 7-класқа қабыл­данып, Алматыдағы мек­теп-интернатқа оқуға аттанды. Оны бітіргеннен кейін Қазақ поли­техникалық институтының автоматика және телемеханика факультетіне автоматтық жүйелерді басқару мамандығына түсті.

Балтабай онжылдықты бітіріп, Алматыдағы малдәрігерлік инсти­тут­қа түсіп, мал дәрігері мамандығын алды. Ақжібек апаның арманы орындалып, еңбегі қайтты, үш баласы да жоғары білімді маман атанды.

Тұңғышы Гүлсім Алматыда инс­титутта 4-курста оқып жүріп, өзінің жерлесі, Қазақ политехникалық инс­­титутының 5-курс студенті Қылыш­бай Алдабер­ген­­ұлымен бас қосып, ел­дің ардақты азаматы Алдаберген Би­сен­овтің үйі­не келін болып түсті. Қы­­лышбай инс­титутты бітіргеннен ке­йін жарты жыл­дай Алматыда жұмыс істеді де, Гүлсім соңғы курс­та оқып жүрді. 1979 жылы тұңғышы Меруерт дүниеге келді. Ол кезде Алматыда тіркеу, пәтер мәселелері өте күрделі болатын. Соған байланысты жас отау иелері Меруертті ауылдағы ата-ана­сына әкеліп беріп, олар тұңғыш немерелерін бауырына басып, ен­ші­леп алды. Көп ұзамай Қылышбай мен Гүлсім де ат басын туған жерге бұрып, облыс орталығына келіп, ең­бекке араласты.

Гүлсім 1980 жылы институтты бі­тірген соң, орта мектепке география пәнінің мүғалімі болып орналасты. Кейін Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында география мамандығы ашылып, мектептерден географ мамандарды іздегенде, Гүлсім аға оқытушы болып, педа­го­гикалық ұжымға қабылданды. Бұдан кейін институт университетке айнал­ды, сөйтіп, Гүлсім Зікірияқызы – ұс­таз­дық-педагогикалық қызметін жалғастырып, күні бүгінге дейін ғы­лым кандидаты дәрежесінде жоғары білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан ғалым-ұстаз.

Галина 1982 жылы институтта өзімен бір факультетте оқыған се­мейлік жігіт Еркен Қизатұлымен бас қосып, отау құрды. Еркен аспи­ран­турадағы оқуын Украинаның Киев қаласында жалғастырды. Екеуі сонда еңбек етті. Еркен аспирантураны ойдағыдай бітіріп, Алматы қаласына келгеннен кейін Галина екеуі бір­неше жұмысты қатар істеп жүріп, үй алып, баспаналы болды. Еркеннің Се­мейдегі ата-анасын көшіріп, қол­дарына алып келді. Отбасындағы жал­ғыз ұл болатын, сондықтан Галина екеуі ата-аналарын қолына алып, бірге тұрып, қамқорлық жасады.

Балтабай зооветеринарлық инс­титутты бітіргеннен кейін, ауылға Ақжібек апаның қолына келіп, «Ақ­құмда» мал дәрігері болды. Кейін совхоздың бас малдәрігері болып ең­бек етті. Алматыда өзімен қатар оқы­ған Ақмаралға үйленіп, отба­сы­лы болды. Өмірге 2 қыз, 1 ұл ке­ліп, Ақжібек апа немерелі болып, қуа­нышқа бөленді, кенже немересі Димаш 2004 жылы дүниеге келді.

Осылайша керегесі кеңейіп, ұр­пағы көбейіп келе жатқанына мар­қайған ана өзі бас болып, шаңырақ иесі Балтабайға «Аққұм» ауылынан үл­кен жоспарлы үй салып берді. Қиын­дықтан тайсалмайтын Ақжібек апа өзі құрылысшы, өзі прораб, өзі жаб­дықтаушы болды. Әрине, Қызыл­ордада тұратын Гүлсімнің отбасынан бірлі-жарым көмек болғанымен, салмақтың көбі жалғыз өзіне түскені рас. Балтабай оқуын бітіріп, жұмысқа тұрғасын «Москвич» автокөлігін алып берген еді, соны үйді салып бі­тіргенше біреуге айдатып, кеш жатып, ерте тұрып, маңдай термен бейнет кешіп жүріп, құрылысты бітірген еді.

Тіршіліктің рахатын, бейнетінің зейнетін көруі керек-ақ деген Ақжі­бек апа 1993-1994 жылдары науқасқа ілікті. Анасының сырқаттанып жүрге­нін білген соң, Галина мен Еркен Алматыға әкеліп, білікті дәрігерлерге көрсетіп, емдетті. Өкінішке қарай, айналдырған ауру ақыры алып тынды. 1995 жылы мамыр айында 58 жасында бақи дүниеге аттанып кете барды. Елге белгілі қайраткер, қайсар әйел, аяулы ана Ақжібек апаны ақ жуып, арулап, атақонысы «Аққұм» ауылындағы үлкен қорымға халқы шығарып салып, мәңгілік мекеніне жайғастырды. Міне, оған да 30 жыл болыпты.

«Ақжібек апаның қамқорлығын көп көрдік, – деп еске алады бұл күнде Сыр бойының арда азаматы, техника ғылымдарының докторы Қылышбай Алдабергенұлы. – Мәскеуде отбасымызбен тұрып, аспирантурада оқып жүргенде ақша салып тұратын. Оны телеграф аударымымен жөнелтіп, 2 сағатта жетіп келеді. Бізді елден жырақ жерде оқып жүр ғой деп, кө­мек беріп тұрудан жалықпайтын. Жа­лағашта, Қызылордада сауда саласында таныстары көп еді, бірде соларды пайдаланып, Еркен екеумізге ол кезде қат делінетін қоңыр былғары плащ алып беріп жіберіпті. «Апа-ау, өзіміз-ақ аламыз ғой осы жақтан, біз бір-екі жерде жұмыс істейміз, қайтесіз» деп жатырмыз. «Жоқ, сендер оқушысыңдар ғой, көмектессек артық емес, жақсы киініп, жарқырап жүрсеңдерші» деп қамымызды ойлап, жүрегі елжіреп тұратын еді. Бізді қуантқанына ырза болып, соған өзі қуанып жүруші еді, ақкөңіл, жүрегі кең апамыз. Сол плащты 5-6 жыл киіп жүрдім».

Өмір көші жалғаса береді. Дүние­ден ерте кеткен Зікірия атамыздың туысқандары Ысқақовтар, Сауытбаевтар, Алматовтар әулеті бар. Бүгін ортамызда сол әулеттердің өкілдері жүр. Үсейн әкеміз болды, оның ұлы Ғалымжан ағамыз бар, Шымкентте тұрады, Алматовтар әулетінен На­қыш ағамыз Қызылордада тұрады, балалы-шағалы, өсіп-өнген жандар. Сауытбаевтар әулетінен Бақыт аға­мыз болды, оның ұрпақтары Терең­өзекте, Ысқақовтар әулетінен Кенжебек ағамыз «Шаған» ауылында тұ­ра­ды.

Ақжібек апа қайсар мінезді, жүрегі жұмсақ, пейілі кең ана еді. Соңында қалған ұл-қыздары – ана арманын іске асырған ұрпақ. Анасы жетпеген биіктерге жеткен, анасы көрмеген жақсылықты көріп отырған бақытты жандар. Ал бала бақыты – ана бақыты десек, ананың ізгі армандары, биік мақсаттары ұрпағымен жалғасып орындалып келеді. Ақжібек ананың жарқын жүзі биіктен қарап, рухы ұрпағының бағымен шат болып тұрғаны анық.

Тұрмағанбет АСАНОВ,

Қызылорда облысының құрметті ардагері,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы