Ана сүтінің пайдасы мол

646

0

Сурет: ашық дереккөз

Адам бойындағы барлық асыл қасиет әкенің қанымен, ана сүтімен даритыны анық. Ал, алпыс екі тамырын идіртіп, мейірімінен төгілген қасиетті ана сүтінің орны тіптен бөлек.

Бүгінде жас аналар бала емізуді машақат көріп, жасанды сүт беруге әуестеніп алғанын көзіміз көріп жүр. Ал, ғылыми зерттеу бойынша сәбидің дені сау болып өсуі үшін оларды екі жыл толық емізу керектігі дәлелденіп отыр.

Балаға қажетті, ештеңемен алмастырылмайтын ана сүті сан түрлі дәруменге толы. Айтар болсақ,  ол ақуыз, май, түрлі дәрумендер, минералды тұздар мен өмірлік маңызы бар микроэлементтерге бай болып келеді. Сондай-ақ, баланың интеллектін де қалыптастыра алады. Өз мезгіліне жете емген сәбиде дәрумендер молынан болары сөзсіз. Демек, өз жасына сай, дені сау болып өседі. Қазақтың «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деген қанатты сөзі бекер айтылмаса керек.  Медицинада нәрестегі уыз берудің маңызы толық дәлелденген. Сондықтан жарық дүние есігін ашқан шақалақты бірден анасының омырауына жатқызады. Анасына емізуді міндеттейді. Себебі, ананың сүті жас нәрестені қоректендіретін, кез келген жұқпалы аурулардан сақтайды. Ол шақалықтың ми жасушасының көбеюін және жүйке жүйесінің дамуын жеделдететін қоректік заттарға өте бай. Сондай-ақ, аллергиялық аурулардың, диабеттің, артық салмақтың, қан аздықтың алдын алады. Ана сүтін толық емген баланың ақыл-ой зеректігі жоғары болады әрі анаға жақын, бауырмал болып өседі. Тағы бір қасиеті, оның құрамы нәрестенің өсу мерзіміне қарай өзгеріп отырады. Құнарлы ана сүті деп  егер онда ағзаға керекті қоректі заттардың ақуыздың, көмірсутектің, қанттың, майдың, дәрумендердің, металл иондарының сандық сапалық мөлшері біркелкі деңгейде тұрса айта аламыз. Егер бұлай болмаған жағдайда сүт өзгереді, оның сұйықтығы, көлемі, дәмділігі басқаша байқалады. Мұндай сүтте су көбейеді де тәттілік қасиет төмендейді, дәмсізденеді, сұйықтанып, түсі көкшілденеді. Осындай сүтті емген балада апталық салмақ қосу бәсеңдейді, жиі-жиі мазасызданады, жылайды, ұйқысы бұзылады. Сондықтан ана сүтіне қанып тоймағандар, әлсіз, жұқпалы ауруға бейім болып өседі

Жалпы бала емізу ананың денсаулығы үшін де маңызды. Ол сүт безінің қатерлі ісікке шалдығу қаупін он есеге, жатырдың қатерлі ісікке шалдығу қаупін екі есеге төмендетеді. Ал, психологиялық тұрғыдан алғанда ана жүрегінің соғысы баланы тыныштандырса, баланың емуі анасының шаршағанын басады. Сондықтан жас аналарға айтар кеңесіміз, балаңыз дені сау, шымыр болып өскенін қаласаңыз,  емізуден қашпаңыз. Ана сүтімен бала неғұрлым ұзақ қоректенсе, соғұрлым жақсы өсетінін естен шығармайық.

Гүлмира Қозбағарова, 

№3 қалалық емхананың аймақтық акушері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<