Еліміздегі ақылы жолдар жүйесіне республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» жолы да қосылады. Ол бір аптадан кейін, яғни 15 қарашадан бастау алады.
2019 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол – 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеті жаңа ақылы жол учаскесін енгізу туралы бұйрыққа қол қойылған. Олар – «Шымкент-Қызылорда», «Нұр-Сұлтан-Павлодар», «Шымкент-Өзбекстан» шекарасы», «Щучинск-Көкшетау», «Қапшағай-Талдықорған», «Шымкент-Тараз», «Тараз-Қайнар» бағытындағы 1-санаттағы автожолдар. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Әбсұлтанов хабарлады.
Басқарма өкілінің айтуынша, ақылы, жолдар тарифі жеңіл көліктерге 1 шақырымға – 1 теңге, жүк көліктері мен автобустарға техникалық көлемдеріне байланысты 5 пен 25 теңге аралығында болады. Облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3397 шақырымды құрайды. Оның 1016 шақырымы республикалық, 557 шақырымы – облыстық, 1824 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.
«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабайдың айтуынша, биыл облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар ұзындығы 812 шақырымды құрайтын автомобиль жолы ақылы жүйеге ауыспақ. Онда автомобильаралық бақылау аркалары орнатылып, жүйені пайдаланушыларға қызмет көрсететін орталықтар ашылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджет есебінен ұзындығы 216 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуден өткізілуде.
Ақылы жүйеге енгізілген автомобиль жолдарында «Ашық» жүйесі қолданылады. Сондай-ақ, көлік тасқыны аркаларға бекітілген арнайы бейнекамералар және жабдықтардың көмегімен бақыланады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<