Ашық аспан, бейбіт күннің тірегі

995

0

Мереке қарсаңында Ұлттық Ұланның №5547 әскери бөліміне барып, сарбаздардың жағдайымен таныстық. Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде шейіт болған Ұлттық Ұлан сарбазы, III дәрежелі Айбын орденінің иегері Мадияр Қайсаровқа борышын өтеген әскери бөлім төрінен ескерткіш тақта орнатылған. Қасында Мадиярмен қатар келіп, әскери қатал тәртіпке, адалдыққа үйренген сарбаздар күн тәртібіне сай қару тазалап отыр екен. Қастарына жақындап, жағдайларын сұрадық.

− Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы. Әскери өмірдің тәртібіне, талабына үйрендік. Мадияр ақжарқын досымыз еді. Оқиға кезінде одан айырылып қаламыз деп ойламадық. Енді үйге қайтуға 44 күніміз қалды. Тірі болғанда бірге қайтар едік, − деп сағынышпен еске алды.

Бізді лейтенат Медет Арқабаев ротасының үздіктерімен таныстырды. Сарбаздар Ұлықпан Ахметов, Науан Таңболат, Жеңісбек Ернар еліміздегі төтенше жағдайлар режимі кезеңіндегі жауынгерлік міндетін орындауда батылдық пен ерлік көрсеткені  үшін «Ұлттық Ұланның үздігі» I дәрежелі төсбелгісін иеленген. Мұнан бөлек офицер Бағдәулет Құрбанбек − жауынгерлік самбодан Оңтүстік өңірлік қолбасшылық бойынша жеңімпаз. Келісім-шарт бойынша әскери қызметші Арнат Ысмаил, сарбаз Әділет Медетұлы қоян-қолтық ұрыстан ешкімге дес бермей келеді екен.

Жасұлан Шүкірбай әскери борышын өтеуге Кентау қаласынан келген. Ш.Қанайұлы атындағы №2 орта мектептің түлегі. Кентау көпсалалы колледжінде электромеханик мамандығын меңгерген. Әскерден соң музыкалық білім алуды армандайды. Бөлімде жаттығулар мен мемлекеттік құқықтық дайындық сабағына қатысады. Бос уақытында өлең шығарып, ән айтады. Бізге Жасұланды үздік сарбаз деп таныстырды. Жан-жақты жігіт  әскери тәртіпті бұлжытпай орындап қана қоймай, қаңтар оқиғасында да батылдық танытыпты. Рухты жас Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған. Ата-анасын, бауырларын сағынып жүрген ол «қайтуыма 51 күн қалды» деп жымиды.

− Еліміздің егемендігі, ішкі тұрақтылығы болашақта осы жастарға сеніп тапсырылады. Отан қорғау – нағыз ердің ісі. Себебі бүгінгі сарбаз Отанын қорғауға әркез әзір болуы керек.  Ұлттық Ұлан − ашық аспан, бейбіт өміріміздің тірегі де қорғаны. «Қай елдің жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, сол елдің еңсесі биік болады» деген. Біз тәрбиелік іс-шараларымыз сарбаздардың қазақ жігітіне тән жігерлі, намысты, рухты болып шығуына бағытталған, − дейді 5547 әскери бөлімінің командирі,  подполковник Төлеби Досалыұлы.

«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз» деді. Сол сенімді арқалаған Ұлттық Ұланның сарбаздары − ел қорғайтын құрыштай берік қалқанымыз.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<