Тоқсан екі жастағы ақсақал әлі ширақ. Көлікті де өзі тізгіндейді. Өзінен сұрасаңыз, «бейнеттің арқасы» деп күледі. Иә, Қармақшының Төребай би ауылында тұратын Жақсылық қария әлі күнге жерден несібе теріп келеді. Көктемде кетпен шауып, күзде мол өнім жинайды. Диқан атаның мамандығы да ауыл шаруашылығына қатысты екен. Мелиоратор-гидротехник.
Әу баста Ақжар ауылында туып, сол елде қызмет еткен Жақсылық Жалғасбаев көп жыл егін шаруашылығының басында жүріпті. Жас күнінен еңбекке ынталы, сол совхозда бас инженер-гидротехник, егін шаруашылығы бөлімшесінің меңгерушісі, ауылдық комсомол комитетінің хатшысы, директор орынбасары қызметтерінде болған. Ал 1973-1976 жылдары егіс бригадирі, 1976-1979 жылдары Чапаев атындағы колхозда партия ұйымының хатшысы болған.
– 1979 жылы Жосалы совхозының директоры болып тағайындалдым. 1993 жылға дейін осы шаруашылықты басқардым. Әлі есімде, 1985 жылы бесжылдықтың қорытындысымен сол уақыттағы Орталық комитеттің, Министрлер кеңесінің, кәсіподақ ұйымының, комсомол комитетінің ауыспалы «Қызыл туымен» марапатталдық. Ел ішіндегі қаншама еңбек адамы жұмысының жемісін көріп, басшылық тарапынан алғыс арқалап отырды. Өзім 1993 жылы зейнетке шыққанмын. Бұл кезде кеңес тарап, ел тәуелсіздігін алған тұс. Артынша «Шабан ата» шаруа қожалығын құрып, бірнеше отбасыны қасыма алып еңбек еттік. Нарық заманында ешкімге қол жаймай, балаларымыздың несібесін жерден сұрадық. Шүкір, сол қиын уақытта біздің ауыл адал жұмысының арқасында қысқы азығын жаз бойы қамдап жүрді. Әлі де осы үрдіс жоғалған жоқ, – дейді ақсақал.
Содан бері қарық соғып, бақша егіп, одан шыққан өнімді аудан орталығы мен көрші Төретам және Ақай елді мекендеріне сатуды үйлестірген қария көп отбасыны нәпақасын адалынан табуға тәрбиелегендей. Қазір де 5 гектарға жуық жерді күтіп-баптап, қария өз немерелерін диқандыққа баулып жүр. Тіпті жақын арада қауын-қарбызын сатуға шығарады.
– Қазақ ағайыннан қол үзбеу керек. Өз басым 92-ні толтырып, 93 жасқа аяқ бастым. Әлі күнге дейін осы бақшадан шыққан қауын-қарбызды, картоп, көкөністі ауылдастарыммен бөлісемін. Артылып жатса, балаларға айтып, базарға шығартамын. Осылай ел-жұрттың рақметі мен алғысы болар, шүкір, балаларым да өсті-өнді, абыройлы қызметте, немерелерім де тәрбиелі болып, қанат қағып келеді, – деп ағынан жарылды Жақсылық атамыз.
Адал еңбекпен көпке сыйлы қарияның жетістігі көп. Аудан мен облыс басшылығы ақсақалдың еңбегін, жетістігін үлгі етіп келеді. Ауыл шаруашылығындағы мінсіз қызметі мен аудан дамуына үлес қосқаны үшін Қармақшы ауданының құрметті азаматы атағын алған.
Диқан Жақсылық ата отанасы Люба Киммен бірге 8 ұл-қыз тәрбиелеген. Қазір балаларының барлығы да Сыр өңірінде, аудан мен ауылда және Байқоңыр қаласында түрлі салаларда еңбек етеді.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





