Атадан мұра алдаспан жыр

1550

0

Сыр елі – жыр елі. Осынау екі ауыз сөздің астарында ел тарихының едәуір салмағы бар. Кешегі өткен Сыр сүлейлерінің асыл мұрасы сабағы үзілмей бүгінге  жетіп, келер ұрпаққа ұласып барады. Осының өзі рухани құндылықтың орны әрдайым асқақ тұратындығының айғағы емес пе?!

Жыр көгінде жасындай ағып өткен сөз өнерінің саңлағы Көшеней Рүстембековтың туғанына 75 жыл толуына орай Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық драма театрында «Жауһар жырдың жампозы» атты этноқойылым, концерт өтті.

Жыр кешінде облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сөз сөйледі.

– Сонау қазақтың ұлы даласындағы Асан қайғы, Қазтуғандардан қалған жыраулықтың жарқырап келіп қонған жері Сыр бойы екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сол асыл өнерді қастерлеп ұстаған Қармақшы топырағының даңқты перзенті Көшеней Рүстембеков есімі қазақпен бірге жасай беретін тарихи тұлғаға айналды. Жыр көшіндегі ізін жалғап, үнін жоғалтпай келе жатқан ұрпақтары барда әз өнердің бағасы асқақтай береді, – деді Н.Байқадамов.

Дәстүрлі жыр өнеріне кезек келгенде Бидас Рүстембеков Жиенбай жыраудың «Жыр бастауымен» ашты. Одан әрі Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Нартай, Тасберген жырау, сынды Сыр сүлейлерінің шығармаларын Әділхан Қуаңбаев, Ақмарал Ноғайбаева, Руслан Ахметов, Серік Жақсығұлов, Айдос Рахметов, Шолпан Биімбетова, Майра Сәрсенбаева, Бейсенбек Төлеубаев, Айгерім Ешпаева, Динар Рахман  және Көшеней жыраудың немересі Байбол Нұрболұлы орындады.

Жыраудың ұлы Арнұр Көшеней «Көшенейдің соңғы хаты»  шығармасын орындап, жыр-аманатын жұртына жеткізді.

Жыр жампозы Көшеней кім болған десек, әріге бармай-ақ өз атасы Жиенбайдың, арғы атасы Дүзбенбеттің дәстүрлі жыр жолындағы дара болмысы, даңғайыр даңқы әлі күнге елдің жадында. Ес білгелі қолынан домбырасы түспеген Дүзбенбет перзенті Жиенбайды жастайынан жырға баулып өсіреді. Ол заманның жыршылары таңды таңға ұрып, бірнеше күн жырлайтын. Осындай алқалы жиындарда айтылған көшелі сөз, көркем дүние ауыздан-ауызға көшіп, сағасын жоғалтпай сарынын үзбей келген. Ел өмірі арқау болған түрлі оқиғалар, аңыз десек те ақиқатқа бергісіз батырлар жыры, ғашықтық дастандары күні бүгінге дейін осылай жеткен. Соның ішінде алпыс екі салалы «Көрұғылы» тарихи дастанын және Қобыланды батыр жыры Жиенбай жырау жеткізген үлгіде  сақталған деседі.

Жиенбай жыраудан бері қарай жырдың көшін ұлы Рүстембек, немересі Көшеней жалғады. Әке тағылымын алған Көшеней жыршылық өнерді бала жасынан бойына сіңіреді. Жас та болса дауысының қуаттылығымен, өзіндік орындау шеберлігімен жұртты аузына қаратқан.

Кешегі кеңес заманында қазақтың сөз өнері барынша сүзгіден өтіп, көптеген  қысымға ұшырағаны белгілі. Осы кезеңде Көшеней Рүстембеков сынды өнер саңлақтары жауһар жырдың сабағын жалғап әкетті. Сарыны бөлек саф өнер қазақ даласынан асып, сол уақыттағы одақтың төрі – Мәскеуде ұлт мәдениетінің абыройын асқақтатқан еді. Бір сөзбен айтқанда, дәстүрлі жыр өнерін ғылымға енгізіп, сахналық келбетін қалыптастыруға зор еңбек сіңірген. Өкініштісі, өмірден ерте өткен… Әйтсе де асылдың сынығындай ұрпақтары жыр өнерінің сабағын үзбей жалғастырып келеді. Этноқойылымның түйінінде жырау Ұлжан Байбосынова Сыр сүлейі Әзірбек Ақшолақовтың «Көшенейге көңілқосын» орындады.

Жыр кешінің қорытынды сәтінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов және Қармақшы ауданының әкімі Қайрат Нұртай концертте өнер көрсеткен жыршы-жырауларға алғыс хат табыстады. Ал, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет»  орденінің иегері Ұлжан Байбосынова Қармақшы ауданының Құрметті азаматы атанды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<