Автонесие: 18 секундта 761 өтінім

323

0

Фото: ашық дереккөз

Елімізде автосалоннан судай жаңа «темір тұлпарды» тақымына басуды қалайтын тұрғындар үшін кеше, 6 ақпанда  өтінімдерді қабылдау платформасы іске қосылды.Бір қызығы, 18 секундтың ішінде 761 өтінім қабылданып, бұған дейін насихаты дүркіреген шара осынша қысқа уақытта шолтаң ете қалды.

«Өнеркәсіпті  дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әдидің айтуынша, өтінімдерді қабылдау Астана уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап www.autonesie.kz ресми сайты арқылы жүргізілді. Оған компьютер арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен қосылуға болады. Платформаға тек еліміздің аумағында тіркелуге мүмкіндік бар.

– Сайтта өтінім берген кезде өтініш берушінің деректері автоматты түрде ЭЦҚ арқылы қалыптасады. Өтініш беруші міндетті түрде телефон нөмірін енгізіп, автокөлік өндіруші компанияны таңдап, өтінімге қол қояды. Өтінімнің тіркелу барысы сайттағы «жеке кабинет» арқылы тексеріледі, – делінген аталған қордың мәліметінде.

Қазіргі кезде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-да жинақталған қаражат сомасы 7,6 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде бағдарламаға қатысуға 761 адам тіркеле алады. Содан кейін платформада өтінім қабылдау автоматты түрде тоқтайды. Кейін аталған платформада өтінім қабылдау ай сайын жүргізіледі және 100-ден астам адамды тіркеуге мүмкіндік береді.

Көлік алуға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша бір автокөліктің құны 15 млн теңгеден аспауы, қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден артық болмауы, қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспауы, бастапқы жарна 0 пайыз деген бұрынғы шарттар өзгеріссіз қалды.

Көлік алуға жеңілдікпен несие беру бағдарламасына қатысып жатқан адамдардың өтінімі үш жағдайда қабылданбайды.

– Өтінімді тексеруге тиісті уақыт керек болады. Осыдан кейін сайттағы «жеке кабинетте» өтінім мақұлданып, бағдарламаға қатысатындар пулына адамның қосылғаны туралы хабарлама келеді. Сонымен қатар, адамдардың өтінімі үш себеп бойынша қабылданбауы мүмкін. Біріншіден, осыған дейін бағдарлама аясында несие алса, ол адамның өтінімі қабылданбайды. Екіншіден, платформада осы адамның өтінімі бұған дейін енгізіліп, қарастыру кезеңінен өтіп жатса, жаңа өтінімді қосу мүмкіндігі болмайды. Үшіншіден, бағдарламаға қатысып жатқан банкте қаражат лимиті таусылса, өтінім қабылданбайды, – деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров.

Осы орайда ол бір адам екі жылда бір рет жеңілдетілген несиені ала алатынын айтты. Автокөлік пен несиені берудің толық рәсімі 60 күннің ішінде аяқталады. Осы рәсімнен аталған мерзімде өте алмағандар пулдан шығарылып, өтінімді қайтадан беруі керек. Атап айтқанда, өтінімі мақұлданған адамдар төлем шотын алу үшін автосалонға барып, кейін банктегі құжаттарды рәсімдеуі тиіс.

Санаулы уақытта 4 пайыздық автонесиеге өтінім беруге арналған сайтқа 1 милиионнан астам адам кірген.

– Негізі сайтқа 1 миллионнан астам пайдаланушы кірді. Оның ішінде өтінім берген 125 мыңнан астам азамат тіркелді. Осы платформаға еліміздің барлық аймақтарынан өтініштер түсті, – деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева.

– Бүгін палтформаға тіркелгеннен кейін, өтініш беруші автосалонға және банкке барып, өз жұмыстарын жалғастырады. Жеңілдетілген автонесие ресімдеудің алғашқы легіне тіркеліп үлгерген 761 адамның кейбірінің өтініші кері қайтарылуы мүмкін. Өйткені кейбір азаматтар жүйенің шынымен жұмыс істеп тұрғанын немесе қалай істеп тұрғанын тексеру үшін кірген болуы мүмкін. Кейбір адамдардың төлем қабілеттері расталмауы мүмкін. Осы себепті кейбір азаматтардың өтінімі тіркелгенімен, несие ресуімдеуден бас тартылуы ықтимал. Ондай адамдар несие алғандар тізіміне кірмейді, яғни, келесі айда платформа ашылғанда қайта кезекке тұра алады, ал, олардың орнына басқа өтінім алынбайды, – деді ол.

– 761 қазақстандық өз өтінімдерін платформа жұмысын бастаған алғашқы 18 секунд ішінде беріп үлгерді. Өтінім қабылдау сағат 10.00-де басталса, алғашқы минуттың ішінде 125 мың адам кірді, – делінген баспасөз хабарламада.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<