Ауылдағы емхана

893

0

Шиелі ауданы  Сұлутөбе ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулатория 2013 жылы ашылып, жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнан бөлек, ауылдық округте аурухана бар. Ауылдық емханаға қарасты жалпы халық саны 3339 адам.

Амбулаторияға қарасты 2 медициналық пункт, одан бөлек Жаназар батыр, 1-Мамыр, Майлытоғай ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер жұмыс істейді.

Аға дәрігер Сәбира Дүйсенбековамен әңгіме барысында ауылдық амбулаторияның күндізгі емдеу стационарында ауыл тұрғындары күнделікті ем қабылдап жатқанын байқадық. Олар ақ халаттыларға алғыс айтып, көрсететін қызметтері көңіл қуантарлықтай екенін жеткізді.

Аға дәрігердің айтуынша, емханада былтыр пандемия жағдайында күніне 60 адамға дейін ем-шара жасалған.

– Біздің мақсатымыз – халыққа дер кезінде медициналық көмек көрсету. Емделушілер сапалы медициналық көмек алса, емханада жұмыс істейтін барлық қызметкерлердің жұмысына оң баға береді деп ойлаймын, – дейді ол.

Иә, мұнда тұрғындар аудандық емханаға бармай-ақ, анализ тапсыра алады. Жаңа заманғы технологиямен жабдықталған амбулаторияда 11 кабинет бар. Егу, химизиатор, ерлер мен әйелдерге арналған бөлме, анализ талдау, ординатор, фильтр, ЭКГ кабинеттері және тағы басқалары. Онан бөлек, арнайы талдама кабинеті жұмыс істейді.

Сонымен қатар емханада фармацевтикалық қызмет жақсы қарқын алып келеді. Дәрілік заттардың ассортименті кеңейіп, уақыт өткен сайын кейбір ауру топтары бойынша пациенттерге дәрі-дәрмек жеткізу қызметі жақсаруда. Мысалы, қант диабеті, қан қысымы және т.б. ауру түрлеріне арналған ем-дом шаралары дер кезінде жасалады.

Ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту үшін дәрігерлік емхана сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұл – әрине, медицина қызметкерлерінің негізгі міндеті. Десе де, олардың қызметін одан әрі жақсартуға тұрғындар тарапынан қолдау көрсетілсе, денсаулық сақтау саласы қарқынды түрде алға шығары анық.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<