Баға белгіленген шектен аспауы керек

596

0

Халықтың күнделікті қолданысындағы 19 түрлі азық-түлік тауарының бағасы белгіленген шектен аспауы қажет. Өңірдегі азық-түлік қорын саралау, әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің жеткілікті болуы сынды негізгі мәселелер бойынша облыс әкімінің салалық орынбасары Бақыт Жаханов әлеуметтік дүкендерді аралап, азық-түлік бағасын бағамдады, әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың қамтылуын тексерді.

Бақыт Дүйсенұлы алдымен Титов шағын ауданы «Аль-Асад» сауда орталығындағы әлеуметтік бұрышты, жаңадан ашылған әлеуметтік дүкеннің жұмысын көрді. Аталған нысанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері қойылған. Тұрғындар шағын аудан жанынан ашылған әлеуметтік дүкендегі бағалардың қолжетімділігін айтып, ризашылығын білдірді.

Нан бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұру – маңызды міндет. Бұл ретте өткен аптада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова азық-түлік қорына қатысты жиында қала, аудан әкімдеріне нан бағасын белгіленген шектен асырмау туралы тапсырма берген-ді. Осыған сәйкес салалық орынбасар «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен келісім-шарт негізінде жұмыс істеп жатқан наубайхананың жұмысымен танысты. Мұнда күніне 15 мыңнан аса бөлке нан шығарылып, облыс орталығындағы дүкендерге таратылады. Әлеуметтік дүкендерде нанның бағасы 55 теңгеден сатылуда.

Айта кетейік, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ айналым схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру арқылы шаралар қабылдануда.

Тұрақтандыру қорының өнімдері мен айналым схемасы бойынша қамтамасыз етілетін өнімдер «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ға қарасты 34 әлеуметтік дүкенде және Қызылорда қаласында орналасқан 17 ірі супермаркеттегі келісім бойынша ашылған әлеуметтік бұрыштарда сатылуда.

Бақыт Жаханов «Мирас» сауда үйінің жанындағы қоймада болып, ондағы төмен бағада сатылып жатқан азық-түлік өнімдерімен де танысты. Облыс әкімінің орынбасары сатушыларға бағадан бөлек, сапаға да мән беру керектігін ескертті.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісім-шартқа отырған, заем алған кәсіпкерлердің атқарып жатқан жұмыстарымен танысып жатырмыз. Қазір барлық жерде баға қымбаттауы сезілуде. Бірақ қабылданған шешімдердің арқасында ұн, жуа, сәбіз, қырыққабат, басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру үшін үкіметтен қаржы бөлінді. Жаңа наубайханалардың біріндегі жұмыстармен таныстық. Қалыптасқан жағдайға байланысты облыс әкімдігі қажетті шараларды қабылдады. Азық-түлік өнімдерінің бағалары аймақ басшысының тікелей бақылауында, – деді Б.Жаханов.

Мұнан соң, ескі базар маңындағы әлеуметтік және ет дүкендерінің жұмысы сараланды. «Байқоңыр» ӘКК» арқылы келісім-шартқа отырған ет дүкенінде өнімдер базар бағасынан біршама төмен сатылуда. Бір ерекшелігі, сатып алушыларға ет өнімдерін алуда шектеу қойылмаған. Білім беру, мектепке дейінгі мекемелер қажетті көлемде алып жатыр.

Айта кетейік, бүгінде тұрақтандыру қорында 205 млн теңгенің 1184 тонна өнімі бар. Мұнан бөлек, 624 тонна өнім сатып алу бойынша келісім-шарт жасалды. Мемлекеттік сатып алу тәсілімен және тауарлық биржа арқылы 1800 тонна өнім сатып алу бойынша хабарландыру орналастырылды. Ал айналым схемасы бойынша заем алған кәсіпкерлік субъектілерімен 3540 тонна өніммен қамтамасыз ету жөнінде келісім-шарт жасалды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<