«Балбырауын» күйі бір мезетте орындалады

1607

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нұршат Наурызбаева Ұлттық домбыра және Елорда күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтетінін мәлімдеді.


Бүгінде мәдениет саласы қызмет­керлері тарапынан Ұлттық домбыра және Елорда күнін мерекелеу мақсатында іс-шаралар жоспары дайындалып, тиісті жұмыстар жүр­гізілуде. Сала бойынша түрлі фор­матта 14 мәдени іс-шара ұйымдас­тырылады.


Осы орайда, аталған шаралар онлайн форматта өткізіліп, Facebook, Instagram, Youtube, Сыр шаңырағы желілері арқылы насихатталады.


Облыстық халық шығар­машы­лығын дамыту және мәдени-продю­серлік орта­лығы, мәдениет үйлері мен клубтар ақындық, жыршы-жыраулық, шешендік өнерді дәріптеу мақсатында ескі де есті әңгімелерді жариялайтын «Тау тұлға – Тұрмағамбет», соны­мен бірге Сыр бойы билері мен батырларының тарихын, әңгі­мелерін, тарихи оқиға­ларын, шешендік сөз­дерін, жыраулардың дауысын, ақын өлеңдерін жұртшылық назарына салатын «Бабалар тарауы» атты айдарлар ашып, халық көңілін серпіл­туге өз септігін тигізуде.


Ұлттық домбыра күніне орай «Ғасырлар пернесі» атты республикалық онлайн күйшілер байқауы өткізіледі. Байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Тал­дықорған, Тараз, Шымкент қалалары мен өңіріміздің Арал, Қазалы, Шиелі аудандарынан 17 талапкер қатысып, Қазанғап, Әлшекей Бектібайұлы, Құрақтың Досжаны, Шал Мырза күйлерінен өзге Қаратау, Арқа, Алтай-Тарбағатай, Маңғыстау өңірлерінің күй қазынасы көрермен назарына ұсынылады.


Жыл сайын тойланатын домбыра думаны аясында «Даламның үні, бабамның тілі – домбыра» атты домбырашылар шеруі өтеді. Әлеу­меттік желілер арқылы өңірдің түкпір-түкпіріндегі таланттарды ұлттық рухты оятатын Құрманғазының «Балбырауын» күйі бір ме­зетте орындалады.


Жыр думан облыстық филар­монияның Тұрмағам­бет атындағы халық ас­паптар оркестрі және «Қорқыт қобыз» қобыз­шылар ансамблінің «Күй күмбірі», «Домбыра-дас­тан», «Тек домбыра – күй ғалам» атты концерттеріне ұласатын болады.


Облыс музейлері мен кітап­ханалары да әлеу­меттік желілерге «Асыл мұра» тележобасы аясында музей қорындағы құнды экс­понаттарды, оның ішін­де домбыра жайлы бейне­таныстырылымдар, кітап және фотокөрмелерді орна­ластырады.


Сонымен қатар, «Әлем таныған Елбасы», «Ұлтымыздың рухани орда­сы» атты виртуалды кітап көрмесі, «Астанам – мақтанышым» атты фо­то­көрмелері, «Ән тер­беткен Астана», «Асқақта, Алашымның астанасы» атты онлайн мерекелік концерттер халық назарына ұсынылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<