Батырлар жолы –баршаға үлгі

599

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-ґмбебап кітапханада «Сыр өңірінен шыққан халық батырлары» тақырыбындағы кітаптарға видеошолу жасалды. Тікелей хабарды кітапхана директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас жүргізді. 

 «Кітапхана қорында аймағымызда өмір сүрген батырларға қатысты 30-дан астам кітап, жинақ және монография, мерзімді басылым беттерінде жарияланған 200-ге жуық мақала бар», – деді ол.

Аталған басылымдардың мазмұнымен алдын ала танысуға қолайлы болу үшін библиографиялық көрсеткіш жасалған. Н.Кәрібозұлы батырлар институтының қалыптасу кезеңдерін анықтап, олардың ерлігін зерттеуге алғаш қалам тартқан Ш.Уәлиханов, К.Есмағамбетов, Р.Темірғалиев, Б.Қорқытов, М.Қаназ, Ж.Мұратбаев сынды отандық ғалымдардың еңбектерін атап өтті.

Содан соң Сыр өңірінде өмір сүрген батыр бабаларымыз, олардың аймақты Ресей отаршылдарынан, жоңғар мен қалмақтардың шапқыншылығынан, Қоқан және Хиуа басқыншыларынан қорғаудағы ерлік істерін зерттеп, көпшілікке жеткізіп жүрген жергілікті өлкетанушылардың кітаптарына шолу жасалды. Оларға арнап танымдық шығармалар, көлемді мақалалар жазған Т.Дайрабай, ­М.Исаұлы, ­А.Жанаев, Б.Ұзақбаев, ­К.Бердәулетов, Қ.Омаров, Т.Абылаев, Б.Ахметбек, Б.Еңсепов, ­С.Аңсат, Д.Сәтпай секілді авторлардың жұмыстарына тоқталды.

Әр жылдары жарық көрген Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Бұқарбай Естекбайұлы, Ақтан Ақайұлы, Есет Көкіұлы, Байқадам Ағайдарұлы, Қыстаубай Қоңырұлы, Тоғанас Бәйтікұлы, Текей Қарпықұлы бабаларымыздың батырлығына, әлеуметтік ортасы мен отбасына қатысты шығармалар таныстырылды. Мәселен, этнограф, өлкетанушы Т.Дайрабайдың «Сырдың сырлы сыры» жинағының «Батырлар мен билер» тарауында Тайлақ, Манақ, Жаңғабыл, Бабас, Қожеке, Жалбыр және Арыстанбай сынды 12 батырдың өмірі суреттелген.

Таныстырылым соңында кітапхана директоры: «Осынау кең-байтақ жерді жарақты жаудан қорғап қалып, бізге мұраға қалдырған, осы жолда өмірінің көп бөлігін ат үстінде өткізген батырларымыздың аруақтары алдында қарыздармыз. Олардың асқақ рухы алдындағы перзенттік парызымызды өтеу үшін бабаларымыздың ерлік ісі туралы білуіміз қажет», – деді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<