«Бір айлық қор бір күнде өтіп кетті»

1016

0

Облыс орталығындағы №1 дәрі­ха­наға жаңа препараттардың мол қоры  келіп түсті. Дәрі-дәрмек келеді деп есті­гендер мұнда ерте жиналған. Солар­дың бірі – қала тұрғыны Райхан Махатова.

– Қазір іздеген дәрі-дәрмегімді таба алмай тұрмын. Қарапайым параце­тамолл, ацц, С витамині жоқ. Осы жер­дің өзінде бірнеше дәріханаға бардым. Бірақ бәрі де жоқ деп шығарып сал­ды. Тіпті, орынына қолданылатын дәрі­лерді де таба алмадым,– дейді зейнеткер.

Ал Серікбай Мақсұтовтың ана­сы­ның ауырып жатқанына бірнеше күн болыпты. Дәрігерлер жазып берген дәрілерді іздеп, табанынан таусылған. Бірақ бірнеше дәрі­ханаларды аралаған ол керекті дәрілерін таба алмаған.

– Анам ауырып жатыр. Жедел жәрдем шақырттық. Дәрі-дәрмекті тізіп жазып берді. Дәрілерді іздеп бармаған дәріхана қалмады. Орта­лықтағы үш дәрі­ханаға да бардым. Енді осы бірінші ап­текаға жаңадан дәрілер келеді деген соң кезек алып күтіп тұрмын, – дейді ол.

Дәріхана меңгерушісі Раушан Жүсіпбекованың айтуын­ша қажетті дәрі-дәр­мектер күн сайын келіп жатыр. Бірақ халықтың сұранысын қанағат­тандыра алмай жат­қандарын жеткізді. Себебі, бұрын бір айда сатылатын дәрі бір күннің ішінде өтіп кетуде.

– Бізде грипго, тайлолл, тер­рафлю – бәрі бар. Ыстық түсіретін пара­цетамол дәрі­сінің орнын ауыстыратын пре­параттардың түрі көп. Халық тарапынан ыс­тықты түсі­ретін және вирусқа қарсы антибактериалды, имму­номо­дуля­циялық препараттарға сұраныс артуда. Әсіресе, цефа­золин, цефтриаксон секіл­ді тек дәрігердің рецеп­тісімен берілетін дәрілер. Олар мүмкіндігінше түсіп жатыр. Қазір цефтриаксон жоқ болғанымен оның орнына қол­данылатын дәрі бар. Сонымен қатар дәрігердің жазып бергені болмаған жағдайда дәріхана маманы емделушіге дәрілердің аналогтарын ұсынады. Қазіргі таңда дәрілік заттың атауына бөлшек және көтерме сауда үшін шекті баға бекітілді. Бұл баға шегі анықталды, одан әрі жоғары бағада сатылмайды дегенді білдіреді. Осы ретте дәрілік заттардың шекті бағасын Dari.kz мобильді қосымшасы арқылы біліп, көрсетілген межеден асырмай сатып жатырмыз, – деді ол.

Сонымен дәріханаға ха­лыққа қажетті мукалтин, аспирин, цеф3 және жөтелге қарсы шәрбәттің бір­неше түрі келді. Фармацевтер бұл пре­параттарды шектеп са­татынын айтты, яғни, тұтынушыларға көп мөл­шерде берілмейді. Бұдан бөлек, дәрі­лердің қатарында ацц, грипго, либексин, мегасеф, римантадин-сти, ринза, ро­вамицин, сумамед форте, флу­ко­назол, флунол бар. Жаңадан келген дәрілер бағасы бекітіліп, сөреге қойылғаннан кейін халыққа сатылатын болады.

Сондай-ақ, тағы да қала­дағы бірнеше дәріханаға дәрі-дәр­мектің мол қоры келді. Со­лар­дың бірі – «Europharmа».  Дәрі­хана меңгерушісі Ольга Александровнаның айтуын­ша, қалада «Europharmа» дәрі­ханасының 9 нүктесі жұмыс жасайды екен.

– Соңғы екі апта көлемінде дәріханаға келушілердің саны 2-3 есеге артты. Үздіксіз, 24 сағат жұмыс жасап жатырмыз. Келу­шілерге 2 касса қызмет көрсетуде. Тұрғындар көпшілігі ыстық түсіретін, витаминдер, жөтел мен вирусқа қарсы дәрі-дәрмек сұрайды. Бізге аптасына үш рет Шымкент қаласының қоймасынан қажетті дәрі-дәрмек жеткізіліп отыр, – дейді дәріхана меңгерушісі.

Бүгінде өңірде фармацев­тика­лық қызметпен 328 дәрі­хана және дәріханалық пункт айналысады. Оның 178-і қалада орналасқан.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<