Біржолғы утиль алым: Мәселені түбегейлі шешуге не кедергі?

1514

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Болашақта автокөліктерді әкелудің барлық заңсыз арналарына тосқауыл қою үшін шешуші шаралар қабылдау қажет», – деді.

Сонымен қатар, Президент биыл 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерге қатысты жағдайды реттеу қажетін айтып, оларды заңдастыру үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын мөлшерде кәдеге жарату және бастапқы тіркеу үшін біржолғы алым алуды ұсынды.

Президенттің кәдеге жарату алымына қатысты бұған дейінгі тапсырмасы тек мамыр айының ортасында жүзеге асқан болатын. Рас, бұл шара іздеуде жоқ, сондай-ақ кедендік ресімдеуден өткен көліктерге ғана әсер етеді. Айта кетерлігі, бұдан былай оң жақ рульді көлікті заңдастыру мүмкін болмайды. 2008 жылдан бері Қазақстанға мұндай көліктерді әкелуге және пайдалануға тыйым салынған. Біржолғы утиль алымына енетін автокөлік иелерінің санатын нақты белгілейтін егжей-тегжейлі механизм әлі жасалған жоқ.

Дегенмен, тарифтерді төмендетумен шектелмей, жалпы автокөліктерді қайта өңдеу жұмысын толығымен қайта қарастыру да өте өзекті мәселе болып отыр. Себебі, кәдеге жарату алымы, аты айтып тұрғандай, экологиялық төлем. Дегенмен, бұл төлем елімізде ескі көліктерді кәдеге жарату емес, жергілікті автоөнеркәсіпті қорғау үшін енгізілді. Жергілікті автоөндірушілерден жиналған ақша оларға өтемақы түрінде қайтарылады. Ал, төлем мөлшерлемесінің жоғары болуы елге көлік әкелудегі кедергілердің біріне айналды.

Жалпы, елімізде ескі автокөліктерді жинап, қайта өңдеу қолға алына бастады. Қайта өңдеу жұмыстарының сапасына қатысты да кемшіліктер көп. Бағдарлама жүзеге асырылған бес жыл ішінде елімізде барлығы 200 мыңнан астам көлік утилизацияға жіберілген. Ресми статистикаға сүйенсек, еліміздің автопаркінде әлі де 20 жылдан асқан 2 миллионға жуық көлік бар. Көлік иелері үшін ескі көлікті өңдеуге бергеннен, жамап-жасқап, сату оңайырақ.

Еліміздегі кәдеге жарату алымы салыстырмалы түрде бірқатар ТМД елдерімен шамалас. Бірақ Еуропалық Одақ аумағында, сондай-ақ Жапониядағы автокөліктерді қайта өңдеумен салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей.

Айталық, Қазақстандағыдай, Ресей мен Беларусь елдерінде кәдеге жарату алымы тозған автомобильдерді жою бағдарламасын қаржыландыру құралы ғана емес, сонымен қатар жергілікті өндірісті қорғауға қызмет етеді. Ресейде утиль алымының негізгі мөлшерлемесі 20 000 рубльді құрайды. Қозғалтқыш көлемі мен көліктің шыққан жылына байланысты ол төлем едәуір көбейеді. Беларусьте қозғалтқыш көлемінен басқа, утиль алымы мөлшері автомобильдің 3 жылға дейін, 3 жылдан 7 жылға дейін және 7 жылдан жоғары болуына қарай үш санат бойынша белгіленеді. Ресейдегідей, Беларусь заңнамасында ЕАЭО елдерінен де, алыс шетелдерден де жеке пайдалануға арналған автокөліктерді әкелетін жеке тұлғалар үшін мүлдем басқа тарифтер қолданылады. Өзбекстанда кәдеге жарату төлемі 2020 жылдың 1 тамызында пайда болды.

Ресей, Беларусь және Өзбекстанда тарифтер көліктің жылына және қозғалтқыш көлеміне байланысты 250-3,5 млн теңге аралығында.

Ал, Еуропалық Одақта кәдеге жарату алымына қатысты барлық мәселе Еуропалық директивамен реттеледі. Еуропа елдерінің едәуір бөлігінде ескі автокөліктерді қабылдау пункттерінің желісін құруға автокөлік өндірушілер мен ірі импорттаушылар тікелей жауапты. Ешқандай арнайы мемлекеттік алымдар жоқ.

Автоөндірушілер өздерінің қайта өңдеу орталықтарын құрады немесе тәуелсіз компаниялармен келісім жасайды. Ескі көлігін утилизацияға өткізгендер ештеңе төлемейді. Тіпті, кейбір жағдайларда қолма-қол ақшамен 150 еуроға жуық сыйақы алады. Мысалы, Германия, Франция және Ұлыбританияда қайта өңдеу осы қағидаға сәйкес ұйымдастырылған.

Еуропалық Одақта қайта өңдеу үшін ақы алатын Норвегия, Нидерланды сияқты елдер де бар. Бірақ ондағы тарифтерді еліміздегімен салыстырғанда өте арзан. Норвегияда жеңіл автокөліктерді сатып алушылар болашақта кәдеге жарату үшін тіркеу жарнасының бөлігі ретінде 2400 крон немесе 119 мың теңге төлейді. Бұл ретте ел билігі 3000 крон сомасында, немесе 148 мың теңге көлік иесіне төлемді қайтарып береді. Яғни, егер көлікті бірінші иесі өңдеуге жіберген болса, соңында ол өзі төлегеннен де көп сомада ақша алады. Нидерландыда кез келген жаңа автокөлікті сатып алу үшін бір реттік төлем де бар. Оның мөлшері бар болғаны 30 еуро немесе 14,8 мың теңге.

Жапонияда автокөліктерді қайта өңдеу саласындағы заңнама 2002 жылы пайда болып, 2005 жылдан бастап күшіне енді. Оған сәйкес кез келген жаңа автокөлікті сатып алу кезінде кәдеге жарату алымы қоса төленеді. Оның мөлшері 7000-нан 18000 иенге дейін немесе 26000-нан 69000 теңгеге дейін.

Көріп отырғанымыздай, Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі автокөлік өндірушілерінің кеңейтілген міндеттемелерін қолдану тәсілі бірқатар басқа елдерде қолданылатыннан айтарлықтай ерекшеленеді. Егер елімізде кәдеге жарату алымының негізгі мақсаты – жергілікті кәсіпорындарды қорғау және дамытумен бірге импортты шектеу болса, Еуропада автокөлік қалдықтарынан құтылу және қайта өңдеу бірінші орында тұр.

Тәсілдердің айырмашылығы әбден түсінікті. Егер Қазақстанда ескі көліктерге кәдеге жарату алымы және қымбат бастапқы тіркеу түріндегі шектеулер енгізілмегенде, АҚШ, Корея және БАӘ-ден келетін көліктерден бөлек, Ресейден де ескі автокөлік ағылар еді. Ал, отандық өндірістің импортпен бәсекелесуге мүмкіндігі жоқ.

Бұл арада көліктерді қайта өңдеу мен жергілікті өндірушілерді қолдау деген мәселенің ара-жігін айқындап алған абзал.  Зауыттар мен нарықты басқа әдістермен қорғау керек. Мысалы, Еуропалық Одақта ескі көлікті иелену тиімсіз. Елімізге әкелінетін көліктердің сапасын да сондай басқа жолдармен бақылауға болады.

Тәуелсіз сарапшылар біржолғы утиль алымын жақсы идеядан гөрі кезекті мәжбүрліктен жасалған жеңілдік деген пікірде. Бүгінде жаңа көлік сатып алуды екінің бірінің қалтасы көтермейді. Сонымен қатар кәдеге жарату алымы мен бастапқы тіркеу түріндегі шектеулер бар. Салдарынан не автопаркті жаңартуға, не қазақстандықтардың қалаған көлігін сатып алуына мүмкіндік болмай отыр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы үш жылда 2 мыңнан астам заңсыз көлік құралы тіркеліпті. Соңғы жылдары Грузия, Моңғолия, Армения, Қырғызстан елдерінен көлік алып келу үрдіске айналды. Бұл ретте ең көп үлес Ресейге тиесілі. Салалық ведомство дерегі бойынша, ел аумағында ресейлік есептегі 200 мыңнан астам көлік жүр. Соның 80 мыңы – РФ есебінен шығарылған, тиісінше Қазақстан есебіне де қойылмаған.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 2019 жылдың басынан 2022 жылғы шілдеге дейін 121 829 автомобиль уақытша әкелу шартымен Қазақстан аумағына кіргізілген. Бұл былтыр ресми дилерлер сатқан көлік санынан сәл көп. Комитет ЕАЭО-ға мүше емес елден келетін көлік шетелдік тауар деп саналатынын әрі ол кедендік бақылаудан өтетінін мәлімдеді. Демек, оларды тиісті төлемдерді толық төлеп, кедендік рәсімдеуден өткен соң ғана Қазақстанда пайдалануға болады. Мұндай көліктердің елде уақытша жүру мерзімі бір жыл ғана, одан кейін көлік Қазақстан аумағынан шығуы керек.

Мемлекет басшысы мәселеге қаңтар оқиғасынан кейін де назар аударған. Дегенмен, біржолғы жеңілдік жасау уақытша шешім ғана. Ал, заң бәріне бірдей болуға тиіс. Автокөлік сатып алу кезіндегі бұл орасан зор шығындар бүгін пайда болған жоқ. Бірақ мәселенің түпкілікті шешімі әлі табылмай отыр. Айталық, қазақстандықтар жартылай заңдастырылған көлікті көптеп сатып алады, кейін көлік иелері шектеулерге наразылық білдіріп, жеңілдіктер басталады. Яғни, біреу 2 миллион теңге утиль алымын төледі, ал басқа 20-30 мың автокөлік жүргізушілері енді 200-250 мың теңге төлейді. Мұндай заң тұрғысынан қауіпті үрдісті тұрғындар басқаша қабылдауы мүмкін.

Елімізде 2016 жылы «Оператор РОП» ЖШС барлық қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, өңдеуді және кәдеге жаратуды бастады. Кәсіпорын Үкімет қаулысымен монополияға айналып, барлық көлік өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып анықталды. Дегенмен, қаңтар оқиғасынан кейін кәдеге жарату алымына мемлекеттік ұйым жауапты болуы керек екені айтылды. Нәтижесінде «Оператор РОП» жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесі «Жасыл Даму» АҚ-ға берілді. Соған қарамастан, жаңа автокөлік жүргізушілері ескі тарифтер бойынша утиль алымын төлеуге мәжбүр болды.

Ал, 14 мамырда тариф екі есеге жуық төмендеді. Бұрын қозғалтқышының көлемі бір литрден екі литрге дейінгі автокөлік үшін төлем 1 072 050 теңге болса, қазір 556 500 теңге. Мамырға дейін сатып алып, утиль алымын төлей алмаған көлік иелеріне жаңа тарифтер бойынша төлеуге мүмкіндік берілді. Сондай-ақ, ескі тариф бойынша утиль алымын төлеген көлік иелеріне артық ақша қайтарылды. Қайтарылған қаржы сомасы 250 миллион теңгеден асты.

Мемлекет кәдеге жарату алымынан түскен ақшаны бастапқы жарнасыз жылдық 4 пайызбен жеңілдетілген автонесиеге пайдалану туралы шешім қабылдады. Сәуір айының ортасында несиенің негізгі шарттары мәлім болды. Алғашында автонесиеге 1 мамырдан бастап өтінім беруге болатыны айтылған еді. Бірақ, өтінім қабылдау 16 мамырдан басталды. Бұған «Оператор РОП» шотындағы ақшаның бұғатталуы себеп болған. Жеңілдетілген автонесиеге барлығы 100 млрд теңге бөлінді.

Маусымның басында Халық банкі, Банк ЦентрКредит және Еуразиялық банк, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС сататын «Chevrolet», «Kia», «JAC» және «Lada» көліктеріне несие беруді мақұлдауды тоқтатты. Оған себеп – өтінімдер бойынша лимиттің аяқталғаны болатын. Банктер несие бере бастау үшін екінші траншты күтті. 19 тамызда Индустриялық даму қоры Еуразиялық банкке соңғы траншты аударды. Үш күннен кейін қаржы институты «Hyundai Trans Kazakhstan компаниясынан автокөлік алуға несие өтінімдерін қабылдай бастады. 24 тамызда екінші транштың барлық 10 млрд теңгесі таусылды.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстандағы шетелдік көліктердің жағдайы өте қиын. Соңғы бірнеше жылда негізінен армян және ресейлік нөмірлі көлік жүргізушілері бірнеше рет наразылық акцияларын өткізіп, Президентке жазбаша үндеу де жолдаған.

Билік көлік иелерінің талабын ескеріп, 2020 жылдың басында Қазақстанға әкелінетін автокөліктерді уақытша тіркеуге бір ай уақыт берді. Бірақ ол кезде біржолғы утиль алымы болған жоқ. Содан кейін бұл бастама нәтиже бермеді. Енді тұрғындар 200-250 мың теңге көлеміндегі бір реттік төлем мүмкіндігін пайдаланады. Президент жариялаған мөлшерлеме бойынша шетелде тіркелген 200 мыңға жуық көлік заңдастырылса, ел бюджеті шамамен 40 миллиард теңгеге толығуы мүмкін.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<