Бюджет қаражаты тиімді жұмсалуы тиіс

669

0

Сәрсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XV сессиясы өтті. Сессияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №72 шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу және облыс әкімдігінің дербес құрамын келісу  мәселесі қаралды.

Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін саралап, бюджет қаражатын тиімді жұмсау бағытында алдағы міндеттерге тоқталды.

– 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім жобасы сіздерге ұсынылды. Алайда, бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету, қаражатты тиімді пайдалану мақсатында жобаларды қайта қарадық. Нәтижесінде біршама инвестициялық жобалар оңтайландырылды. Алдағы ұсынылған бюджеттік комиссия отырысында облыс бюджеті өз кірісін 1,2 млрд теңгеге ұлғайтқан. Бірақ біз кіріс көзін бекітілген көлемде қалдырдық. Себебі бұл алдағы үш жылда республикадан өңірімізге бөлінетін  сувенция көлемінің ұлғаюына әсер ететін болады. Алдағы уақытта басталған жобаларды аяқтауға, ағымдағы шығындарға алынған міндеттемелерді қаржыландыруымыз керек. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаларға бірқатар өзгерістер енгізіледі. Олар қосымша қаржы бөлуді талап етеді. Оның ішінде бірінші кезектегі мәселелер ретінде, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік қолдау шараларына 17,9 млрд теңге қаржы керек. Мен білім, мәдениет, спорт саласының жанашырымын. Аймағымызда жаңа нысандардың бой көтергенін қалаймын. Бірақ, бірінші кезекте тұрғындарға ауызсу, газ, жол инфрақұрылымдарын жеткізу, осы мәселелерді шешу маңызды. Осы орайда, менің тапсырмама сәйкес жоба құжаттарының өзектілігі, тиімділігін және сәулеттік келбетінің үйлесімділігін қарайтын арнайы кеңес құрылды. Кеңестің құрамына елге белгілі қаржыгерлер, құрылысшылар, жобалаушылар, өз саласының білікті мамандары кірді. Бұдан былай, бағдарлама әкімшілері, қала және аудан әкімдері жүзеге асыратын жобаларын осы кеңесте қорғайды. Кеңестің оң шешімін алғаннан кейін ғана жоба жүзеге асырылатын болады, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында облыс әкімі әлеуметтік мәселелерге арнайы тоқталды. Соның бірі автобус паркінің жағдайы.

– Қазіргі уақытта автобус паркінің көліктері тозуына байланысты жөндеуге жұмсалатын шығындар көбейіп, күнделікті түсетін түсім төмендеуде. Оның өз табысы несиені өтеуге жетпейді. Осы ретте кредиторлық қарызды жергілікті бюджет есебінен субсидия алу арқылы өтеудеміз. Халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында заман талабына сай жаңадан 150 автобус алынады. Бұл өз кезегінде қалаішілік қоғамдық көлік тапшылығын шешуге және айлық түсімінің артуына оң септігін тигізеді, аталған түсім серіктестік шығындарын ішінара өтеуге мүмкіндік жасайды, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімі осы секілді әлеуметтік мәселелерді шешуде бюджет қаражатын барынша тиімді жұмсауды ескертті. Сонымен қатар, құрылысы бірнеше миллионға салынып, әлі күнге бос тұрған Шиелі ауданындағы тарихи-өлкетану мұражайын, Қармақшыдағы балалар лагерін сынға алып, осы орайда білім, мәдениет, спорт саласындағы нысандарды салу барысында нақты қажеттілікті ескеру және бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану мәселесін көтерді. Мұнымен қоса, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.

– Соңғы уақыттағы геосаяси жағдай мен инфляция әсерінен азық-түлік бағасының қымбаттауы орын алды. Бұл ретте, аудан әкімдеріне жергілікті шаруашылықтармен бірлесіп, тұрғындарға бау-бақша және көкөніс егуге жағдай жасауды тапсырдым, – деді Н.Нәлібаев.

Сессия алдында өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында жоғарыда айтылған бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасы Нұрғали Қордабай баяндама жасаған болатын.  Депутаттар тарапынан ұсыныстар айтылды. Сессияда облыс әкімі көтерілген мәселелер мен жолданатын ұсыныстар зерделеніп, «Қызылорда облысы әкімінің іс-қимыл жоспарына» енгізілетінін атап өтті.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<