Борышкердің атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшін жауаптылығы және оның салдары

132

0

Фото: ашық дереккөз

Атқарушылық іс жүргізу – борышкерден атқарушылық санкциясын атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлдарды, шығыстарды, жеке сот орындаушысының қызмет ақысын өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар.

Өндiрiп алушы мен борышкер атқарушылық iс жүргiзу тараптары болып табылады.  

Өз пайдасына немесе мүдделерiне атқарушылық құжат берiлген жеке немесе заңды тұлға өндiрiп алушы болып табылады.   

Атқарушылық құжатта көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады.

Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының талаптарына  сәйкес борышкер атқарушылық құжатты орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн. Жауапқа тартылу борышкердi атқарушылық құжатта көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.                                                                                                              

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы нормативтік қаулысында борышкер сот актісінің уақытында орындалуына кедергі келтіретін әрекеттер (сот орындаушысына келуден жалтару, жұмыс орны мен тұратын жерінің өзгергені туралы хабарламау, сот орындаушысының талаптарын орындамау, сот орындаушысының заңды қызметіне кедергі келтіру және т.б.) жасаған жағдайда атқарушылық іс жүргізу органдары кінәлі адамдарды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі мәселені талқылауға тиіс деп көрсетілген. Борышкер сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындаудан бас тартқан жағдайда, өндіріп алушы тиісті органдардың алдына кінәлі адамдарды әкімшілік немесе әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту жөнінде мәселе қоюға құқылы.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық сот актілерін, атқарушылық құжатты орындамаған кезде туындайды.

Әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтыратын орындамау деп борышкердің әрекетін немесе әрекетсіздігін түсінген жөн, ол борышкердің сот актісін, атқарушылық құжатты орындаудан жалтаруынан көрінеді және қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін қамтымайды.

Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Қазақстан Республикасының Заңының 39-бабының 1-тармағына сәйкес «мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс».

Осы мерзім ішінде борышкер болып табылатын жеке және заңды тұлға атқару құжатын орындамаған жағдайда, ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-тармағы бойынша жауаптылыққа тартылуға жатады.

Егер атқарушылық іс жүргізу бойынша заңды тұлғаның қызметкері борышкер болып табылса, онда оны орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа өзінің кінәсінен сот актісі немесе атқарушылық құжат орындалмаған лауазымды тұлға тартылады.

Сот орындаушысының іс жүргізуінде тұрған атқарушылық құжатты орындау туралы талапты қоспағанда, сот орындаушысының қаулыларын және өзге де заңды талаптарын орындамау ӘҚБтК-нің 670-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

Борышкерді ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін мемлекеттік сот орындаушысымен хаттама толтырылып, сотқа жолданады.

Кінәлі адамдарды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсынымда (хабарламада) сот орындаушысы борышкердің немесе өзге де адамдардың сот актісін орындамай, сот орындаушысының талаптарына қандай қарсы шаралар қолданғандары туралы көрсетуге тиіс.

Ұсынымға (хабарламаға), атқару парағының көшірмесі,атқарушылық іс қозғалғаны туралы қаулы, сот актісін орындамауды не орындауға кедергі жасауды растайтын құжаттар қоса тіркелуі қажет. 

Қылмыстық ізге түсу органы қылмыстық-іс жүргізу заңына сәйкес басқа да қажетті құжаттарды сұрата алады.

Қылмыстық қудалау органы ҚПК-нің 179180181185-баптарына сәйкес сот орындаушысының ұсынымын (хабарламасын) немесе өндіріп алушының арызын қарауға міндетті, бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар мән-жайларды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін негіз болып табылады немесе бұл хабарламаларды ҚПК-нің 186-бабына сәйкес тергеулігі бойынша беруге міндетті.                                                                                                            

Г.Султанова,

Арал ауданаралық сот актілерін

орындау жөніндегі

аумақтық бөлімінің

басшысы-аға сот орындаушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<