COVID-19: Әлемде ахуал әлі де күрделі

1036

0

Аймақтағы эпидемиологиялық ахуал туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова баяндады.

− Жыл басынан бері өңірімізде 6 004 науқас індетті жұқтырып, ауырды. Әсіресе індет шілде айынан бері қайта өршіп тұр. Өткен тәулікте 25 жағдай тіркелді. Анықталған жағдайлардың барлығы – жаңа ошақ. Қазіргі таңда облыс бойынша 545 инфекциялық төсек-орын бар. Инфекциялық стационарда  63 науқас ем қабылдап жатса, амбулаториялық жағдайда 422 науқас бақылануда. Реанимациялық төсек-орында 3 науқас ем қабылдап жатыр, − деді Ж.Шайымбетов.

Мамандар індетті жұқтырмас үшін екпе алудың маңызды екенін айтады. Pfizer вакцинасының бүгінге I компонентін 85924  адам, ал II компонентін 85747 адам салдырған. Сонымен қатар, 2021 жылдың 22 қарашасынан ревакцинация жұмыстары басталып, қазірге 235984 тұрғын қайта екпе алды.

Дәрігерлер бетперде киіп, көпшілік орындарда жиналмауға кеңес берді. «Індет адамдар шоғырланған жерде көп тарайды. Кейінгі уақытта жұқпалы індет мектеп жасындағы балалар арасында көбейген. Баланың иммунитеті әлсіз. Вирусты бірден қабылдайды. Сақтық шараларын жасау керек. Жағдайды ушықтырып алуымыз мүмкін» − деді  Ә.Әбдіқайымова.

8 тамыздағы мәлімет бойынша, елімізде аталған індетпен ауырып жатқан 8 адамның жағдайы өте ауыр. Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналындағы деректерге қарағанда, 1466 пациент стационарда, 26650 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. «Сары» аймақта: Нұр-Сұлтан қаласы, қалған өңірлер − «Жасыл» аймақта.

Ал әлемде коронавирустың расталған жағдайы бойынша адам саны шілде айында 30 миллионға жетті. Бұл маусым айындағыдан бір жарым есеге көп. Аурушаңдық деңгейі екінші ай қатарынан артуда деп хабарлайды ТАСС агенттігі. Індет Азияда өршуде, ал инфекцияның жоғары таралу қарқыны әлі де Еуропаның бірнеше елінде тіркеліп жатыр. Өлім-жітім жағдайларының да саны артты. Шілдеде 64 мыңға жуық адам көз жұмған. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда бір жарым есе көп. Түркияда ауру жұқтыру жағдайы бір айда алты есеге өсті. Егер шілде айының басында елде 8 мыңға жуық адамға ковид диагнозы қойылса, айдың соңында олардың саны 50 мыңға жетті. Ең көп өсім – Жапонияда тіркелген. Бір айдың ішінде ондағы көрсеткіш бірден 10 есеге артқан, шілденің басында 23 мың болса, аяғында 230 мыңға жеткен. Оңтүстік Кореяда да көрсеткіш 11 мыңнан 100 мыңға дейін, яғни 10 есеге жуық өскен. Еуропа елдерінің көпшілігінде ковидтің таралу шыңы шілде айының ортасында болды, ал айдың соңғы күндерінде көрсеткіш төмендеген. Францияда айдың екінші жартысында аурушаңдық алты есеге, Италияда 3,5 есеге азайды. Бір айда қайтыс болғандардың бестен бір бөлігі коронавирустан болған өлім-жітім бойынша бірінші орында тұрған АҚШ-қа келеді. Маусыммен салыстырғанда мұнда қайтыс болғандар саны 10%-ға артқан. Екінші орында шілдеде 7 мыңға жуық адам көз жұмған Бразилия тұр, бұл бір ай бұрынғыдан бір жарым есе көп. Үшінші орында тұрған Германияда 3,1 мың өлім жағдайы тіркелді, бұл жаздың бірінші айымен салыстырғанда 50%-ға аз. Бұған дейін ДДҰ хабарлағандай, өткен аптада 6,5 миллионнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, 14 мыңнан астамы қайтыс болған.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<