Damumed демеу ме әлде желеу ме?

734

0

Денсаулығымыз сыр беріп, ауыра қалсақ, алдымен Алладан, онан соң ақ халаттылардан дертке шипа сұрайтынымыз анық. Жаның қиналып, емханаға барғанда кезексіз дәрігер алдына кіре алмайсыз. Себебі, кезекте тұрғандар да – сіз секілді науқас жандар. Қанша қысылып тұрсаңыз да, жаныңызды түсініп, кезегін беруі екіталай. Сондықтан амалсыз күтесіз. Осының салдарынан ұзын-сонар кезек емхана дәлізін алып жатады. Алайда кейінгі кездері саланы цифрландыру бағытындағы жұмыстар, яғни, түрлі медициналық-ақпараттық қосымшалар  емханалар мен өзге де емдеу мекемелерінің жұмысын едәуір жеңілдетті, сәйкесінше шұбатылған кезек те қысқарды әрі қағазбастылықтан құтқарды.  Соның бірі – «Damumed» қосымшасы.

Қосымшаның көмегін пайдаланушылар қабылдауға жазыла алады немесе дәрігерді үйге шақыруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар жазылған рецепттер мен зертханалық зерттеулердің нәтижелерін көруге, ауруханалық парақтарды көшіріп алуға болады. Қазіргі уақытта қосымша меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа қызмет көрсететін барлық медициналық ұйымда қолданысқа енгізілген.

– Damumed – бұл қазақстандық жеке IT компаниялар тобы және дәрігерлер мен пациенттерге медициналық цифрлық сервистерді ұсынатын бағдарламалық өнімдер желісі. Команданың миссиясы – медицинаны жақынырақ және қолжетімді ету. Біз үшін адамға бағдарланған тәсілді қамтамасыз ету маңызды, мақсатымыз – цифрлық теңдік және әрбір адамның денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік қағидаттарына сүйенген пациенттер мен дәрігерлер арасында ашық және ыңғайлы байланыс (коммуникация) жүйесін құру. Сондай-ақ, біздің сервистер дәрігерлерді күнделікті қайталанатын жұмыстан, емханаларды – кезектен, пациентті – өзінің бір бума медициналық құжаттарын арқалап емханаға  барудан босатуға көмектеседі, – дейді «Даму ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС компаниясының Қызылорда облысы бойынша менеджері Сарбиназ Баймаханова.

Қосымшаға қолы жеткендер

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстанның цифрландыру бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласы 2018 жылдан бастап қағазсыз медицинаға көшу міндетін алға қойған. Бір сөзбен айтқанда, Damumed – кешенді медициналық ақпараттық жүйенің ресми қосымшасы. Қосымшада негізгі аккаунтқа өз туысқандарын – қарт ата-анасы және 18 жасқа дейінгі балаларды қосу мүмкіндігі бар, яғни, бұл жерде пациенттің жеке деректері және оның балалары мен ата-анасының деректері көрсетіледі. Өңірлік менеджердің сөзінше, қазір бүкіл ел бойынша цифрлық медициналық сервистерді 6,3 миллионнан астам азамат пайдаланады, оның ішінде 3,8 миллион негізгі аккаунт және оларға тіркелген 374 455 қарт ата-аналар профилі және 18 жасқа дейінгі балалардың 2 164 182 профилі қамтылған. Ал біздің облыс бойынша бүгінгі күні пациенттің қосымшасында 185 283 негізгі аккаунт тіркелген, оларға кәмелетке толмаған балалардың 140359 профилі және негізгі пайдаланушылардың қарт ата-аналарының 33 876 профилі тіркелген.

– Осылайша, аймақтың 359518-ден астам тұрғыны пациент қосымшасы арқылы 20-дан астам цифрлық медициналық қызметке қол жеткізген. Әр апта сайын қосымшаға 450-ге жуық жаңа пайдаланушы тіркеледі. Кейінгі жарты жылда шамамен 32-33 мың пайдаланушы қосымшадағы қандай да бір қызметті кем дегенде бір рет пайдаланды және пайдаланушылар күн сайын  өздері және жақындары үшін алатын қызметтердің орташа саны 2 мың. Жалпы облыста Damumed медициналық ақпараттық жүйесін енгізу 2018 жылғы сәуір айында басталды. Осы 5 жыл ішінде жүйеге 29 мемлекеттік медициналық ұйым қосылды. Клиникаларда өзін-өзі жазу терминалдары орнатылып, ақпараттық бекеттер (пост) ұйымдастырылды. 2020 жылы пандемия кезінде емханаларды және зертханалық жабдықты, оның ішінде коронавирусқа зерттеулер жүргізу үшін Damumed МАЖ-ға белсенді қосу жұмысы жүргізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдардың жұмыс көрсеткіштері бойынша деректерді жедел алу үшін «Жағдаяттық орталық» модулін пайдаланады. Сонымен қатар, қауіп факторларының алдын алу және басқару, сондай-ақ онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау бағыттары бойынша жұмыс істеу үшін онкологиялық орталық жанында жағдаяттық орталық ашылды. Сәулелік диагностика қызметтерін дамыту бөлігінде облыстың 17 медициналық ұйымы Damumed PACS-ке қосылған. Диагностикалық жабдықты пайдалану медицина қызметкерлерінің жұмысына көптеген оң өзгерістер әкеледі. Бұл КТ/МРТ және басқа рентгенологиялық жабдықтың өнімділігін арттырады, шығыс материалдарына жұмсалатын шығынды азайту арқылы тексерудің өзіндік құнын төмендетеді, дәрігерлер жұмысының тиімділігін арттырады. Мұның бәрі медициналық көмек көрсету сапасын және диагностикалық кабинеттердің өткізу қабілетін арттыруға, кезекті қысқартуға жағдай жасайды, – деп атап өтті менеджер.

Зерттеу нәтижесі көңіл көншітпей тұр

Менеджер қосымшаға қатысты осындай мақтаулар айтқанымен, сырт көз – сыншы ғой қашанда, кейбір зерттеулер біраз кемшіліктерді баяндайды. Мәселен, 2021 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультеті мен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ұстаздары Алматы қаласындағы «№3 қалалық емхана МКК» пациенттерінің Damumed медициналық мобильді қосымшасына қанағаттану деңгейін анықтау мәселесі бойынша пікірін зерттеу үшін сауалнама әзірлеп, жүргізген.

«Бұл зерттеуде пациенттердің дәрігерге хабарлама жазу және қосымшада денсаулығына қатысты дәрігер жазбаларын көре алу мүмкіндігі анықталды. Пациенттердің 100%-ы дәрігерге қосымша арқылы хабарлама жаза алмайтынын көрсеткен. Себебі Damumed мобильді қосымшасында дәрігерге хабарлама жазу қызметі жүзеге асырылмаған. Сонымен қатар 100% респонденттер дәрігер қабылдауының медициналық жазбасын қосымшада көре алмайды, яғни, бұл функция да Damumed мобильді қосымшасында жүзеге асырылмаған. Демек пациентке медициналық жазба қажет болған жағдайда емханаға қайта жүгіну керек болады. №3 қалалық емханаға келушілердің 30,4%-ы ғана Damumed медициналық мобильді қосымшасын қолданады. Басым бөлігі, яғни, қалған 69,6%-ы аталған қосымшаны қолданбайды. Бұл көрсеткіш жоғарыда көрсетілген респонденттердің жас құрамына байланысты болуы мүмкін. Емханада зейнеткерлер жетекші орынды алғандықтан, оларға Damumed мобильді қосымшасын қолдану қиынға соғуы ықтимал немесе қосымша керек емес. №3 қалалық емхана пациенттерінің Damumed медициналық мобильді қосымшасын қолданудан бас тартуының басты себептері көрсетілген. Жалпы алынған мәліметтер бойынша, пациенттердің 19,6%-ы қосымшаны өзіне қажет емес деп санайды, 31,6%-ы қосымша жайлы білмейді, ал 10%-ы қызметтің сапасына қанағаттанбайды, басым бөлігінде (38,8%-ы) қосымшаны пайдалануға байланысты қиындықтар туындайды. Деректерді талдай келе, қосымша арқылы медициналық қызмет әрдайым уақытылы жасалмайды деп айтуға болады, яғни, 54,4% респондент қосымша арқылы медициналық қызмет әрдайым уақытылы жасалмайды деп көрсеткен. Осылайша, ер адамдардың 24,4%-ы мен әйел адамдардың 30%-ы жауап берді, ал мұнымен ерлердің 14%-ы мен әйелдердің 10,8%-ы келісті. Бұл көрсеткіш Damumed қосымшасында туындайтын кейбір қателіктермен және дәрігерлерде шұғыл басқа жұмыстардың шығып қалуымен байланыстырылды» дейді зерттеу жүргізген мамандар.

Көрсетілген медициналық қызмет түрлеріне сәйкес ерлердің 24%-ы мен әйелдердің 15,2%-ы қанағаттанды дегенмен ерлердің 14,8%-ы мен әйелдердің 26,8%-ы қанағаттанбайды деп айтуға болады. 41,6% сауалнамаға қатысушылардың қанағаттанбауының негізгі себептеріне қызмет түрлерінің аздығы мен басқа да медициналық қызмет түрлері енгізілмегенімен байланыстырды.

Осы материалды дайындау барысында өзім де facebook әлеуметтік желісіндегі парақшамда көпшілікке «Damumed қосымшасын пайдаланасыздар ма, несімен ұнайды, несімен ұнамайды?» деп сұрау салған едім. Жауап бергендердің көбі аталған қосымшаны пайдаланатындарын, алайда, қажет  арнайы маман қабылдауына қосымша арқылы тіркеле алмайтынын, тек аймақтық дәрігер арқылы ғана  жазылу мүмкін екенін, сондықтан ұзақ күтуге тура келетініне шағымданды. Ал бір тобы жасалған түрлі қан талдауларын уақытылы көріп отыруға жақсы екенін, онан басқа тиімділігін көрмейтінін айтты. Арасында дәрігерге жазылу үшін емханаға барудың қажеті жоғын, уақыт үнемдеуге жақсы мүмкіндік екенін алға тартып мақтағандары да болды. Сонымен қатар пікір білдірушілер арасында «бармаған күнімізде дәрігер қабылдауына келді деп жалған жазып қояды» дегендер де кездесті.  

Осы орайда менеджерден неге тек аймақтық дәрігерге жазылу мүмкіндігі қарастырылғанын, белгілі мамандар қабылдауына жазылу неге мүмкін еместігін де сұрадық.

– Қосымшада тар бейінді маманға және қолда бар жолдама бойынша, жолдамасыз да жазылу мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндіктер сақтандыру мәртебесіне байланысты МӘМС пакеті немесе ТМККК пакеті батырмасында қолжетімді. Егер таңдалған бөлімде тиісті маманға жазылу кестесі болмаса, пациенттің кестенің жоқтығы туралы пікір жіберу мүмкіндігі бар. Бұл пікір медициналық ұйымның мониторинг қызметіне жіберіледі және жергілікті денсаулық сақтау басқармасының бақылауына алынады. Damumed жүйесіндегі барлық медициналық процестер ҚР ДСМ нормативтік талаптарына сәйкес жүзеге асырылғанын айта кетейік, – дейді ол. 

Жалған дерек жарға жықпай ма?

Ал қабылдауына жазылмаған, қызмет алмаған адамды медициналық көмек көрсетілді деп өтірік жазу қосымшада тыйылар емес. Сонда бармағанды барды, келмегенді келді деу кімге, не үшін керек? Өтірік ақпараттан ұтарымыз не? Бұл сөзімізді МӘМС қорының облыстық филалы мамандары да растап отыр. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жеткізушілер көрсеткен қызметтердің сапасы мен көлеміне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. 2022 жылғы мониторинг нәтижесі бойынша сарапшылар облыс көлемінде 95 мыңнан астам ақау анықтаған. Салыстырар болсақ, 2021 жылы бұл көрсеткіш 67 мыңды құраған. Оның ішінде 26 млн теңгеге 5073 көрсетілмеген қызмет көрсетілді деп жазылған. Медициналық көмек түрлеріне жіктеп айтсақ, 10 медициналық мекеме бойынша жалған жазбалардың барлығы жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтерге тиесілі (100%). Оның 8-і (80%) – мемлекеттік, 2-і (20%) – жекеменшік.

Damumed-ті дамыту жолында

Халықтың уақытын үнемдеп, қолұшын береді деген қосымшаның басынан дау арылмай тұрғанын әлеуметтік желілердегі әртүрлі жазбалардан, пікірлерден аңғаруға болады. Кінә кімде, кінәрат неде?

Өз кезегінде менеджерден қосымшаны дамыту үшін қандай жұмыстар істеліп жатқанын да сұрадық.

– Пайдаланушыларымыздың ең қызықты тілектері мен ұсыныстары негізінде біз өз өнімдерімізді үнемі жетілдіріп отырамыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің қосымшамыздың белсенділігі мен дамуына ықпал еткені үшін оларға алғыс айтамыз. Қолдау көрсету қызметі мен кері байланысты үнемі жетілдіріп отырамыз. Өзіңізге ең ыңғайлы ұялы байланыс операторының нөмірі бойынша бізге хабарласуыңызға болады. Сонымен қатар қосымшаны пайдалану да оңайлатылды, меддеректеріңізде бірдеңе өзгергені туралы хабарлама алған кезде, сіз өзіңізге қажет жазбаны бір түртіп бірден аша аласыз. Пациенттердің клиникалармен кері байланысын жақсарту үшін біз пациенттерге оның көп нұсқасын ұсынамыз – сіздің емханаңызда қажетті маманның жұмыс кестесінің жоқтығы туралы пікір қалдыра аласыз, қабылдау немесе диагностикалық тексерудің сапасын бағалай аласыз, сонымен қатар емханаңыз көретін пікір қалдыра аласыз және  қосымша арқылы пациенттерді қолдау қызметіне тікелей қоңырау шалу мүмкіндігіңіз бар. Біз медициналық қауымдастық пен пайдаланушылар тарапынан диалог пен жаңа ұсыныстарға әрдайым ашықпыз, – дейді Сарбиназ Баймаханова.

Халықтың денсаулығын қорғауға демеу болады деген Damumed шын мәнінде халықтың медициналық көмек алуда қуана қолданатын қосымшасына айналса қанекей!

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<