Дамуға діңгек кадрлар ұстаханасы

457

0

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сыр еліне жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған кездесулерге қатысты.

Министр әуелі №5 оқу ғимаратында университеттің ғылыми-инновациялық жетістіктерімен танысып, профессор-оқытушылармен кездесті.  Жиында аймақ басшысы 85 жылдық тарихы бар оқу орны еліміздің сұранысына сай кәсіби мамандар даярлайтын бірегей білім ордасы екенін жеткізді.

– Бүгінде өңіріміздің маңдайалды университеті еліміз үшін сұранысқа сай мамандардың мыңдаған легін даярлап, ұлттық кадрлар қалыптастыруда. Білім ордасының түлектері егемен еліміздің түкпір-түкпірінде сан салалы қызметте абыройлы еңбек етуде. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, ғалымдар, өнер және мәдениет майталмандары, ғылым мен спорт саңлақтары, ірі бизнес өкілдері бар. Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында археологиялық және аграрлық сала жобалары қолдау тауып келеді. Келешекте бюджет есебінен қаржыландырылатын экономика салалары бойынша мамандық санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Аграрлық аймақтан өндірісті өңірге айналған Сыр елінің игі мақсаттарды жүзеге асырып, өсу жолында университет инновациялық дамудың драйверіне айналуы қажет, – деді облыс әкімі.

Мұнда білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан профессор-оқытушылар мен қызметкерлер марапатталды. Онан кейін министр «Жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту: болашағы мен мүмкіндіктері», «Өңірлік университеттер – 2032: адами капитал және ғылым» атты форсайт-сессияларға қатысты. Еліміздегі білім беру саласын, өңірдегі инновациялық жобалар мен технологияларды дамыту мақсатында өткен қос сессияда жаңа идеялар мен ұсыныстар айтылды. Әуелгісінде 2050 жылға қарай халық санының артатындығы, жоғары білім беру саласындағы мүмкіндіктерді арттыру жолдары талқыланды.

– Бүгінгі жиында жоғары оқу орындарының ең өзекті мәселелері талқыланып, халықаралық ынтымақтастықты дамыту тұрғысында жаңа идеялар айтылды. Форсайт-сессияның ұйымдастырылуы әртүрлі университеттен жиылған профессор-оқытушылардың тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік берді. Айта кету керек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушыларымен бірлесіп, 7 жылдан бері ғылыми зерттеулермен айналысып келемін, – деді Кажы Байрам Вели университетінің профессоры Хулия Касапоглу.

Жиында қатысушылар алты топқа бөлініп, білім беру саласына қатысты негізгі мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Ал екінші форсайт-сессияда университеттерде жиі кездесетін мәселелер кеңінен қозғалды.

– Форсайт-сессияда профессор-оқытушылардың консерватизмі, үздік ғалымдардың сыртқа кетуі, өңірдегі кадрлардың «қартаюы», материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі, аймақтағы халық санының динамикасы, экологиялық жағдайлар туралы айтылды. Сондай-ақ, қатысушылар профессор-оқытушылардың шет тілін меңгеруі, гранттық жобаларға қаржының аз бөлінуі, халықаралық қатынастарды кеңейту мәселелерін шешудің тиімді жолдарын ұсынды. Біз университеттердің әр бес жыл сайынғы, яғни, 2027, 2032 жылдарға дейінгі даму мүмкіндіктерін қарастырдық, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма мүшесі – ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева.

Жиында ЖОО-ның басшылары, проректорлары, профессор-оқытушылар мен жас зерттеушілер өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеяларды ортаға салды. Басқосу барысында министр жоғары оқу орындарында маман даярлау ерекшеліктерімен бөлісіп қана қоймай, болашақта өңірлік университеттерді қолдау аясы кеңейіп, ғылыми мүмкіндіктерді дамыту мәселелерін қозғады.

Мұнан соң министр «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жұмысымен танысып, жас ғалымдармен пікірлесті. Қазір зертханада күріш сабанынан қағаз әзірлеу және биотыңайтқыш алу, мұнай қалдықтарын тиімді пайдалану мақсатындағы зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зертхана қызметкерлерімен пікір алмасу барысында отандық жас ғалымдардың жетістіктері туралы әңгіме өрбіді. Ал министр ғылымға бетбұрыс жасаған жастарға әрдайым қолдау болатынын жеткізді.

– Біздің жас ғалымдар ел үшін өте қажет әзірлемелерді дайындауда. Олардың жұмысының тиімділігі мемлекеттің тұрақты даму ресурсы ғана емес, сонымен бірге адамзаттың өмір сүру мәселесі болып табылады. Менің ойымша, мұны коронавирус инфекциясына қарсы бүкіләлемдік «вакцина жарысы» айқын көрсетті. Оның әзірленуіне жас ғалымдар да қатысты. Жас ғалымдарымыз күрделі сынықтарды қалпына келтіруді жеделдететін бірегей гидрогельді, қант диабетін емдеуге арналған жасушалардың бірегей желісін әзірледі. Жан-жақты қолдау мен барлық қабылданған шаралардың арқасында жас ғалымдардың үлесі 2025 жылға қарай кемінде 50%-ға жететініне сенімдімін, – деп атап өтті министр.

Әрі қарай министр облыс тұрғындарымен кездесті. Халықпен кездесу барысында ол Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамаларына қатысты қазақстандықтардың пікірлерін білудің маңыздылығын атап өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға басымдық беруде. Экономикалық және инвестициялық саясатта өңірлерге баса көңіл бөлініп жатқанын көріп отырмыз және жоғары білім беру жүйесі осы трендтермен үндесуі тиіс. Өйткені күшті университет – бұл жергілікті экономика мен индустрияның дамуын қалыптастыратын мықты кадрлар ұстаханасы, – деді Саясат Нұрбек.

Осы ретте ол жоғары білім мен ғылымды дамыту үшін министрлік қабылдап жатқан шаралармен бөлісті.

– Біздің бірінші бағыт – кадрларды даярлау жүйесін жергілікті қажеттіліктермен сәйкестендіру екенін атап өткім келеді. Мұнда оны іске асырудың нақты құралы – Мамандықтардың өңірлік атластарын әзірлеу. Екінші басым бағыт – университет ғылымын дамыту. Студенттерімізді жан-жақты әлеуметтік қолдау мақсатында гранттар санын көбейту, сараланған грантты енгізу, жеңілдетілген білім беру кредиттері, стипендияларды ұлғайту, жатақханалармен қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырамыз, – деді министр.

Кездесу аяқталған соң Саясат Нұрбек жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Бұдан әрі министрге «Open spaсе» заманауи үлгідегі кітапханамен және сирек кітаптар қоры да таныстырылды. Қазір университеттің ғылыми кітапханасында 2 миллионнан астам кітап қоры бар. Айта кету керек, оқу орнында цифрландыру жұмысы қарқынды және электронды кітаптардың саны артуда. Сонымен қатар, Саясат Нұрбек университеттің кәсіпкерлік орталығы жастар өкілдерімен, жастар ұйымдары көшбасшыларымен және білім, ғылым, өнер, спорт саласындағы жеңімпаз жастармен кездесті.

Орайы келгенде айта кетейік, кейінгі үш жылда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын, өңірге қажетті мамандықтар бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттерге облыс әкімінің 360 гранты тағайындалды. Бөлінген гранттардың 216-сы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне берілді.

Қасиет құндақтаған қарашаңырақ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара «Ұлттық руханияттың ұлы ордасы» атты салтанатты жиынға жалғасты. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, еліміздің жоғары оқу орындары басшылары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада министр Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығымен құттықтап, оқу орны еліміздегі білім саласының дамуына елеулі үлес қосқанын жеткізді.

Жақында Мемлекет басшысының Францияға сапары аясында еліміздің 12 жоғары оқу орны қатысқан 14 келісім-шартқа қол қойылды. Оның ішінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де бар. Алдағы уақытта ең заманауи агротехникалық селекция және генетика лабораториясымен бірлесе отырып, университетте ғылыми орталық ашу жоспарланған. Министр ғасырға жуық тарихы бар білім ордасының алдағы үлкен демографиялық және миграциялық толқынға дайын болуы керегін айтты.

– Елімізде, оның ішінде өңірде халық саны күрт өсуде. Қазақстанда кейінгі үш жылда 1,5 миллионға жуық бала дүниеге келді. Мұндай тарихи рекорд 1987 жылы болған. Ол кезде 447 мың бала дүниеге келген екен. Бұл – қуантатын нәрсе. Бірақ білім саласына үлкен ауыртпалық түседі. Қазіргі таңда 620 мыңға жуық студентіміз болса, алдағы жеті жылда олардың саны 1 миллионға жуықтайды. Осыған біз дайын болуымыз керек. Оның үстіне, миграциялық толқын келе жатыр. Университет өзінің инфрақұрылымымен қатар, цифрлық технологияны дамытуы керек. Тек жаңа корпус салып, инфрақұрылымды кеңейту жеткіліксіз. Сондықтан министрлік тарапынан цифрлық университет моделі пысықталуда. Алдағы жылы Қорқыт ата атындағы университетте Сеул технологиялық университетінің филиалы ашылады, – деді Саясат Нұрбек.

Министр ғылыми зерттеу моделіне көшудің де маңызына тоқталды. Өкінішке қарай, еліміздегі университеттердің 90 пайызы – оқытушы университеттер, яғни, педагогикалық білім берумен шектеледі. Зерттеу жұмыстары, докторантура бағдарламалары өте аз. Сондықтан келер жылдан бастап магистратура, phd докторантура бойынша грант құны өседі. Сондай-ақ, магистратура саны 1,5 есе көбейтіледі. Жастардың магистратура мен докторантурада қалып, ғылыммен айналысуына мүмкіндік беріледі. Биылдан бастап жыл сайын мың жас ғалымға үш жылдық гранттар беріледі.

Сөз соңында Саясат Нұрбек салада айтулы жетістіктері үшін бірқатар ғалымдарды министрліктің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов батыл бастамалар, тың ізденістер мен кәсіби жетістіктердің арқасында университет отандық жетекші жоғары оқу орындарының арасында лайықты орын алып отырғанын атап айтты. Сондай-ақ, облыс әкімінің құттықтауын оқып берді.

Өз кезегінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова бірегей білім ордасы осы кезге дейін мыңдаған шәкірттің жарқын болашағына жолдама бергеніне тоқталды.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев адами капиталды дамытудың тіректі салалары ғылым мен білімге ерекше көңіл бөліп, бұл салалардағы ауқымды өзгерістерді өзінің жіті бақылауында ұстап келеді. Жаңа реформалар аясында жоғары оқу орындарының басқарушылық, білім беру мен ғылыми қызметінің барлық құрылымдық және мазмұндық құрамын қайта жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды. Бұл қатарда 2020 жылғы 1 шілдеден бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде қайта құрылды. Осынау бетбұрысты кезеңмен тұспа-тұс, яғни 2020 жылдың қаңтар айында Алаштың анасы атанған Сыр өңіріндегі тарихы терең, бірлігі бекем, дәстүрі кенен Қорқыт ата университетін басқару ісі сеніп тапсырылды. Ауқымды өзгерістер университеттің өз қызметінің нәтижелері үшін әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, мамандар даярлау сапасын көтеруге, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталды. Көпбейінді жетекші жоғары оқу орнының дәстүрлі қызметі өңірдің экономикасы үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де білікті кадрлар даярлау болғандықтан, 2025 жыл деңгейіндегі стратегиямызды бекіттік, – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Бүгінде жоғары оқу орны ғылыми зерттеулермен белсенді айналысатын, алдыңғы қатарлы білім беру технологияларын меңгеретін, жаңа идеяларды қалыптастыратын бастамашыл, креативті азаматтар үшін тартымды жұмыс орнына айналуда. Кадрларды даярлау 5 институт базасында 115 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Қызылорда облысының білім беру саласын жаңа формациядағы кадрлармен қамтамасыз ету үшін педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер біліктілік санаттары бар педагог кадрлардың үлесі артуда. Жергілікті атқарушы органдар гранты негізінде оқитын бакалавриат білім алушыларының жалпы контингенті биылғы оқу жылында 322-ні құрайды.

Кейінгі үш жылда өндірісте кафедралардың 94 филиалы ашылды, практика базаларымен 646 шарт жасалды. Көп тілде білім беру бағдарламаларын жетілдіру және ағылшын тілінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу, әлемнің жетекші университеттерімен қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылуда. Соңғы кезеңде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың жалпы сомасы 431,08 млн теңгені құрады. Университет тарихында тұңғыш рет 2021 жылы жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін қолдау үшін арнайы гранттар бөліне бастады. Жастарды ізденіске жігерлендірген жағымды үрдіс жыл сайын жалғасын таба бермек.

Философия докторы (PhD) дәрежесін беру бойынша 2019-2021 жылдар аралығында 7 диссертациялық кеңес жұмыс істеп, 18 диссертация қорғалды. Биыл жаңадан педагогика және психология, қазақ тілі мен әдебиеті, құрылыс және құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер ашылды.

Инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаражат жылдан-жылға артып келеді. Университет тарихында алғаш рет ғылыми кітапхананың Студенттер сарайындағы қызмет көрсету бөлімі модернизациялаудан өтті. Тұрғын үйге мұқтаж барлық студенттер жатақханамен қамтамасыз етілген. Олар үшін оқу ақысы, қоғамдық көлікте жол жүру, тамақтану жеңілдіктері бар.

Әрбір жоғары оқу орны қызметінің басты көрсеткіші – даярлаған кәсіби кадрлары. Өңір экономикасы салаларындағы мамандардың 80 пайызға жуығы университет түлектері. Олар қай жұмыста болмасын, өз ісінің шебері атанып, өз университетінің дәрежесін көтеріп жүр. Құрылғалы бері қоғам мүддесі үшін 70 мыңдай кәсіби маман даярланса, соңғы 5 жылдың өзінде 7036 бакалавр, 1034 магистр түлеп ұшты.

– Өңірдің жетекші кәсіпкерлік-инновациялық орталығына айналу әрі білім мен ғылымның жетістіктеріне сүйене отыра, еліміздің өркендеуіне салмақты үлес қосу береке-бірлігі мол ұжымның ең басты мақсаты болып қала бермек. Мерейтой өткенді қорытындылайтын, бүгінгіні саралап, ертеңге бағдар құратын сәт десек, ұжым болып атқарған жасампаз жұмыстарымыз игілігімізге айналып қана қоймай, кемел келешегімізге де берік іргетас болып қалануда. Мерейлі сәттің ең батыл ойлар мен жаңа жоспарларды, тың бастамаларды өмірге әкелетініне сенемін. Халқымыздың данагөйі Қорқыт баба есімін иеленген университетіміздің абыройы асқақтай берсін! – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Салтанатты жиында «Қасиет құндақтаған қарашаңырақ» атты білім ордасының 85 жылдық тарихын баяндайтын бейнеролик көрсетіліп, «Таным тұмары» атты хореографиялық театрландырылған қойылымға ұласты. Іс-шарада ұлағатты ұстаздар мен ғалымдарға құрмет көрсетіліп, оқу орнының тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі баяндалды.

Жиында бірқатар профессор-оқытушылар ҚР ЖОО қауымдастығының Ахмет Байтұрсынов атындағы орденімен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісі, «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлына, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Садановқа, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлына «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры» атағы табысталды.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<