Жарқын мүмкіндіктер кезеңі

6

0

Жазғы демалыс – мектепте оқитын ұл-қыздар да, олардың ата-аналары мен мұғалімдері де асыға күтетін, сабақ артта қалып, арқаны кеңге салатын кезең. Дегенмен, оны қалай тиімді ұйымдастыруға болатыны кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Сырбойылық балғындардың үш ай каникулын барынша қызықты етіп өткізу мәселесі облыстық деңгейде жолға қойылған.

Биыл өңірімізде 1-10 сынып аралығындағы 179 мыңға жуық оқушының 99,1 пайызы, яғни 177 мыңнан астамы жазғы тынығу лагерьлерінде демалады. Облыстық білім басқармасынан мәлім болғандай, аймақта 9 лагерь бар, соның 3-і, яғни «Қамбаш», «Талдысу», «Ai-Kerim» лагерьлері жыл бойы қызмет көрсетеді.

– Маусымдық демалыс орын­да­рында 7 ауысым бойынша 4 мыңнан астам, ал жыл бойғы лагерьлерде 11,5 мыңға жуық бала қамтылады. 265 мектептің жанынан тынығу лагері ұйымдастырылады. Оған 150 мыңға жуық бала барады. 6,5 мыңға тарта оқушы «Қазақстан халқына» қорының, демеушілер мен кәсіподақтар есебінен, сонымен қатар «Балдәурен» респуб­ликалық оқу-сауықтыру орталығында тынығады. Жаңадан ашылған «Ai-Kerim» лагері 1 маусымнан бастап бала қабылдауға дайын болады, – дейді басқарма басшысының орынбасары Асхат Қанатов.

Биыл 76 млн теңге бөлініп, 7 лагерьге ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, жаңа нәрсе үйреніп, қабілетін дамытуға көмектесетін таптырмас орта – үйірмелер. Осы орайда қызыл­ордалық оқушыларға бір жыл бұрын пайдалануға берілген «Сыр жұл­дыздары» шығармашылық және инновация академиясында барлық қолайлы жағдай жасалған. Заман талабына сай жан-жақты дамыған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, шығармашылық пен жаңа­шылдыққа бейім тұлға тәрбиелеуді мақсат еткен нысан жоғары стандартқа сай жабдықталған. Қосымша білім беру орталықтарының қатары кеңейіп, 150-ден астам үйірмеде 6 мыңнан астам оқушы талабын шыңдап жүр.

– Жазғы маусымда оқушылардың демалысын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру мақсатында танымдық үйірмелер жұмысын жалғастырамыз. Үйірмелер ай сайынғы жоспар не­гізінде ұйымдастырылады. Тіркелу тәртібі, өзге де ақпараттармен әлеу­мет­тік желідегі ресми парақшалары­мыз арқылы танысуға болады. Оқу­шылар аптасына екі рет кестеге сәйкес түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысады. Сабақ барысында бала­лардың шығар­машылық, зият­керлік және танымдық қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сабақтар еркін форматта, қызықты ойындар, тре­нингтер мен түрлі танымдық бағ­дар­ламаларға сәйкес ұйымдас­ты­ры­лады. Түрлі мәдени-танымдық ша­ра­лар, шы­ғар­­машылық кештер мен ин­тел­лек­туал­дық кездесулер арқылы оқу­шы­лардың дүниетанымын кеңей­тіп, бел­сенді тұлға болып қалыптасуына мүм­кіндік жасау басты назарда, – дейді академия директоры Жанар Бимұратқызы.

Мұнда балалар жүзуге арналған бассейн, фитнес, үстел теннисі, жекпе-жек залдарында, сурет салу, қыш құ­мыра жасау бөлмелерінде, медиа орта­лы­қта фото-видео монтаждау, сән­­­дік-қолданбалы өнер мен балалар шы­ғармашылығы шеберханаларында, дыбыс жазу студиясында, сондай-ақ робототехника және биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автомат­тандыру, спорттық робототехника, актерлік шеберлік, химия мен мате­матика кабинеттерінде өздерін әр қы­рынан көрсете алады. Академия шә­кірттері жыл ішінде айтарлықтай же­тіс­тікке жетіп, ұстаздарымен бір­лесе атқарған тынымсыз еңбектің жар­қын жемісін көрсете білді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»