Бір күнде екі зауыттың іргетасы қаланды

3

0

Қызылордада бір күнде екі зауыттың іргетасы қаланып, капсуласы салынды. Біріншісі – әлемге танымал испандық «Roca Group» компаниясының сани­тарлық-техникалық жабдықтар зауыты.

Алдымен ғасырдан астам тарихы бар компания туралы таныстырылым өтті. Онда тарихы, жеткен жетістігі қамтылды.

«Roca Group» жүз жылдан астам уақыттан бері, сантехникалық жаб­дықтар өндіреді, саладағы әлемдік көшбас­шылардың бірі. Ком­пания әлем бо­йынша 78 өнді­рістік алаңды бас­қа­рады. Онда 20 мыңнан астам адам ең­бек етеді. Өнімдері 170-тен астам елге экс­портталады. Енді сол ірі өнді­рістің бірі Сыр өңірінде бой көтермек.

Шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Roca Group» компания­сы­ның бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес, Испания елші­лігінің сауда-экономикалық кеңес­шісі Хесус Видаль Боррелья, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, құрылыс компа­ния­ла­рының директорлары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Жиында облыс әкімі Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың инвес­тиция тарту және зама­науи өнді­рісті дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталып, өңірде қолайлы инвес­тиция­лық ахуал қалыптасқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы «Жаңа инвес­тициялар ең алдымен еліміз­дегі за­манауи өнеркәсіптің негізін қалып­тастыруға бағытталуы керек» деген болатын. Кейінгі жылдары өңіріміздің инвестициялық әлеуеті артып, ірі жобалар табысты жүзеге асуда. Аймақ экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру жос­пар­лануда. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Бүгін біз еліміз үшін маңызды, жоғары технологиялық өндіріс орны­ның капсуласын салу рәсімінің куәсі болып отырмыз. Осындай ауқым­ды жобаны Сыр өңірінде жүзеге асырғаны үшін испандық «Roca Group» компа­ниясына риза­шылығымды білдіремін. Бұл бастама өңір экономикасына жаңа серпін беріп, экспорттық әлеуетті арт­тыруға және жаңа жұмыс орын­дарын ашуға мүмкіндік береді. Біз отандық және шетелдік инвесторлармен әр­дайым ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

«Roca Group» компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес жобаның басталғанына екі жылдай уақыт болғанын айтты.

– Компания Барселона қаласында орналасқан. Қызылорда өңірі зауыт салуға қолайлы. Себебі экспорттауға тиімді әрі шикізат мол. Жоба алты кезең­нен тұрады. Оған 70 миллион еуро инвестиция салып жатырмыз. Бұдан бөлек, жастар жұмысқа тар­тылады. Биыл зауыт құрылысы бас­талады. Ең алдымен жұмысшыларды сынақ мерзімінен өткізіп оқытамыз. Қажетті құралдарды өңірден, болмаса басқа облыстардан, Орталық Азиядан аламыз, – дейді ол.

Жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров сөз сөйлеп, ел ағасы Ибрагим Әбибуллаев ақ батасын берді.

Бұған дейін облыс әкімі ком­пания­ның бас директорымен кездесіп, онда өңірдің инвестициялық әлеуеті, өндіріс орындарын дамытуда атқарылып жат­қан жұмыстар, алда жүзеге асатын жобалар туралы айтылған болатын.

Бұл жоба «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда.

«Roca Group» компаниясымен ынты­­­мақ­тастық 2024 жылдың жел­тоқ­сан айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың Испанияға жұ­мыс сапары барысында басталды. Былтыр маусым айында Премьер-министр Олжас Бектенов Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рокамен кездесіп, Қызылорда облысында сантехникалық зауыт салу жобасын жүзеге асыру, ин­вестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын тал­қы­лаған болатын.

Кездесуде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қызылорда облы­сының әкімдігі және «Roca Group» инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру қағидаттары туралы негіздемелік келі­сімге қол қойды. Бұл құжат арқылы тараптар санитарлық-техникалық бұ­йым­дар шығаратын зауыт жобасын бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенін ресми дәлелдеді.

Қазан айындағы Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына таныс­тырылған инвестициялық жобалар қатарында «Roca Group» компания­сының сантехникалық бұйымдар, «Seven Rivers» компаниясының шыны ыдыстар өндірісі де бар.

Бұл – Қазақстандағы экологиялық қауіпсіздіктің халықаралық стан­дарт­тарына сәйкес келетін санитарлық-тех­ни­калық өнімдер шығаратын алғашқы өндіріс орны болмақ.

Зауытқа 24 гектар жер телімі бөлінді, 44,1 млрд теңге инвестиция салы­нады. Жылдық өндірістік қуаты 500 мың бұйымға дейін жетеді. Өн­ді­рілген өнім Қазақстанның ішкі нары­ғына жеткізіліп, Орталық Азия елдеріне экспортталады, 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Оған жергілікті мамандарды оқыту және олардың білік­тілігін арттыру көздел­ген. Ком­пания жыл соңына дейін смесительдер мен инстал­ляциялық жү­йе­лерді құрас­тыратын өндіріс орнын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал ком­пания өнімдері ұсынылатын шоурум­дар Астана және Алматы қала­ларында маусым айында ашылады.

Мұнан кейін жиналғандар «Seven Rivers» компаниясы шыны ыдыстар зауытының капсуласын салу рәсіміне қатысты.

Бұл – өңірдегі шыны кластерін да­мытуға бағытталған маңызды өнді­рістік бастамалардың бірі. Зауыт әлем­дік деңгейдегі «Horn» неміс тех­­но­­­ло­гиясымен жабдықталып, зама­науи әрі экологиялық талаптарға сай өнім шығарады.

Рәсімде облыс әкімі аймақта инвестициялық жобалардың қарқынды жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Өткен аптада Мемлекет басшы­сының қабылдауында болып, инвес­тициялық жобаларды таныстырдым. Президентіміз бұл бағыттағы жұмыс­тарды жалғастыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Жақында Премьер-министрдің бі­рін­ші орынбасары қызметіне та­ғайын­далған Нұрлыбек Машбекұлы облысты басқарған тұста өңір эконо­микасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Өткен аптада ғана «Марал Нұр» серіктестігінің вагон жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешенін аштық. Еліміз, өңіріміз үшін маңызды жаңа өндіріс орындары экономиканы әртараптандыруға, тұрғын­дарымыз­дың өмір сүру сапасын арттыруға жаңа серпін береді деп сенемін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Шарада облыс прокуроры Ризабек Ожаров, «Seven Rivers» серіктестігінің құрылтайшысы Ануар Үмбетаев сөз сөйлеп, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов бата берді.

Бұған дейін облыс әкімі «Seven Rivers» серіктестігінің құрылтайшысы Ануар Үмбетаевпен кездесіп, аймақта шыны ыдыстар шығаратын зауыт салу мәселесін талқылаған болатын.

Айта кету керек, 2024 жылы «Қазақ-Герман» бизнес-форумы аясында ынты­мақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылып, 60 млрд теңгеге жылына 240 миллион дана шыны ыдыс шығаратын зауыт салу келісілген болатын. Кәсіпорында 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Зауытқа барлық инженерлік инфра­құрылымы жүргізілген «Өндіріс» индустриялық аймағынан 38 гектар жер телімі бөлінді. Қаржыландыру мәселесі «Өнеркәсіпті дамыту қоры­ның» «Жасыл даму» бағдарламасы аясында қарастырылуда. Ел аумағынан жиналған шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы бәсекеге қабілетті өнім шығару және импортты алмастыру көзделген. Өндіріс орны 2027 жылы іске қосылады деп күтілуде.

Сондай-ақ өңірдегі жоғары сапалы кварц құмы, әк және доломит қорларын тиімді пайдалану арқылы шыны өндірісі төңірегінде жаңа ілеспе кәсіп­орындарды дамытуға мүмкіндік туады.

Осылайша Қызылордада екі өндіріс орнының құрылысы басталды. Бұл зауыттар аймақтың экономикалық әлеуе­­тін арттыруға септігін тигізеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»