Даңқты дәрігерге құрмет

1144

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, жоғары санатты хирург Болатбек Баймахановты 60 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Өңіріміздің өркендеуіне қосқан елеулі үлесі мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегін атап өтті.

– Адамның өмір жолындағы асқаралы белес саналатын алпыс жасқа толып отырған Болатбек Бимендіұлын халық алтын қолды дәрiгер ретінде құрметтейді. Сiзді мерейлі тойыңызбен барша Сыр жұртының атынан шын жүректен құттықтаймын!

Болатбек Бимендіұлы – тек дәрігер ғана емес, ғаламат ғалым. Көптеген шетелдерде өзінің баяндамаларын жасады. Оның жетекшілігімен ондаған кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. 300-ден астам ғылыми-тәжірибелік мақаланың авторы, өнер табыс бойынша 45 патентке ие.

Нәрестелерге де күрделі оталар жасап, олардың жақсы өмір сүруіне көмектесті. Өмір мен өлім арасында арпалысқан қаншама науқас азаматтар шетелдерге сабылмай, дертіне дауа тапты. Мұның бәрі – қажырлы еңбек мен мамандыққа деген адалдықтың айғағы, – деді облыс әкімі.

Бір кездері Болатбек Бимендіұлының бастамасымен Қызылорда облысының хирургия саласына жаңа технологиялар енгізілді. Оның ішінде жүрекке түрлі дәрежедегі оталар жасалып, қаншама науқас дертіне шипа тапты. Қарапайым халыққа компьютерлік томография қолжетімді бола бастады. Ол аудан тұрғындарының да сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне жоғары деңгейде көңіл бөлді.

Кездесуде медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов мерейтой иесіне ыстық ықыласын білдірді.

– Адам көп, азамат аз. Болатбек Баймаханов – хирургия саласында қолтаңбасы бар, дара дәрігер. Мақтауды сүймейтін, нағыз істің адамы ретінде жақсы білемін. Болатбекті тек Қазақстан ғана емес, әлем мойындаған. Күрделі оталар жасау, ғылыммен айналысу –  үлкен іс. Сондықтан Болатбектің бергенінен, берері әлі көп, – деді Тұрғанбай Маханов.

Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы да білікті дәрігерге деген құрметін жеткізді.

– Өз уақытында Болатбек Бимендіұлы 3 жылдың ішінде 10-15 жылға татитын жұмысты атқарды. Еңбекқорлығының және салаға адалдығының нәтижесінде күн-түн демей, жаны қысылған жандарға операция жасап, демеу көрсетті. Ол  –  нағыз ұстаз, ізінен шәкірт ерте білетін, адамгершілік қасиеті мол, еңбекқор азамат, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Қазіргі күні Болатбек Баймаханов ғылымға алғашқы қадам жасаған «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы. Білікті дәрігер адам ағзасын ауыстыру, оның ішінде бүйрек пен бауыр трансплантациясын жасап, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетіп келеді.

Кездесуде облыс әкімі дәстүрге сай мерейтой иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде Болатбек Баймаханов ықыласқа ризашылығын жеткізіп, аймақ басшысына алғыс білдірді.

Облыс әкімі атап өткендей, Конституция күнінде Болатбек Бимендіұлына «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы салтанатты түрде табысталатын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<